Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Автобустарда жолақы 120 теңгеге өсуі мүмкін

Автобустарда жолақы 120 теңгеге өсуі мүмкін

Алматы. 19 сәуір. 7kun.kz - Алматыда қоғамдық көліктерде жол жүру үшін сараланған тариф енгізілуі мүмкін. «Көлік туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселесі Парламент Мәжілісінде бекітілген. Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады.

Құжат қазір сенаторлардың қарауына жіберілді. «Оңай» картасы арқылы төлем жасайтындарға жолақы 80 теңге болып қалады. Ал қолма-қол ақша төлейтіндер үшін билет құны 120 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

«Бізде қазір жолақы төлеудің 2-ақ түрі бар. Карточка арқылы немесе жеңілдетілген 1 айлық жол жүру билетін аласыз. Енді қоғамдық көлікті жиі қолданбайтын болсаңыз, 10-50 рет жол жүруге карточка аласыз, 1 жылдың ішінде 10-ақ рет жүрсеңіз, бұл карточка сізге 1 жылға жетеді. 1 айдан кейін күйіп кетпейді»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.

Тағы бір жаңашылдық – қоғамдық көлікке аз мінетіндер бірнеше рет жол жүру картасына қол жеткізе алады. Демек, айына 5-6 рет автобусқа мінетін болсаңыз, соған сәйкес карта сатып аласыз. Жолаушылар мұндай өзгерістерді жақсы қабылдады. Олардың айтуынша, бұл қолма-қол ақша төлеп, жүргізушіні мазалайтындар қатарын азайтуға ықпал етеді.

Осылайша, қала билігі тұрғындардың «Оңай» картасын көптеп қолдануына септігін тигізбек. Демек, бұл жүйе екі тарапқа да тиімді - жолаушылар қосымша 40 теңге төлемейді, ал тасымалдаушылар көлеңкелі табыстарын жасыра алмайды. Жаңа тарифтің нақ қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Құжат толық мақұлданғаннан кейін, өзгертулер мен толықтыруларды жергілікті мәслихат бекітетін болады.

Похожие материалы