Алматы. 6 cәуір. 7kun.kz - мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылуы 2017 жылдың аяғына қарай әуе билеттерінің бағасы арзандауына әсер етуі тиіс. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Сенат қабырғасында өткен әуе кеңістігін пайданалу және авиация қызметі мәселелері бойынша заң жобасын талқылау барысында мәлімдеді.
Басқарма басшысының пікірінше егер кәсіпорындар жөндеуден өтсе, Қазақстанда әуе керосині арзандап, оны импортқа шығаруға да мүмкіндік туады.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: «Бүгінде біз керосиннің 60 пайызын шетелден алып келеміз. Оның бағасы әуе билеті құнының 30 пайызын құрайды. Ол әуежайларда 150 мен 300 мың теңге аралығында тұрады. Мұнай өңдеу зауыттары жөндеуден өтіп жатыр. Жыл соңына дейін жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. Нәтижесінде бізге қажетті 800 мың тонна керосин өндіріліп, әуе билетінің бағасы төмендейді деп күтіп отырмыз»
Министрдің айтуынша Қазақстан аумағында және шетелге қатынайтын ұшақ билеттерінің құнын арзандату үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Ең бастысы әуе компанияларының арасында бәсекелестіктің орнауы. Мәселен, жақында ғана венгриялықтар жолаушыларды Еуропаға арзан тарифпен жеткізуге дайын екендіктерін жеткізді. Отандық компаниялар да халықаралық әуе қатынасын дамытуға дайын. Биыл Хельсинки және Варшаваға рейстер ашылады.





