Қазір рубль мен теңге бағамы шындыққа сай емес. Олардың бағамы валютаға сұранысты және экспорттаушылардың өз валюталық түсімін сату міндеттемелерін шектеу есебінен жасанды түрде сақталып отыр. Жыл соңына дейін рубль де, теңге де түбі девальвацияға ұшырайтыны анық. Бұл туралы белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Кәсіпкердің жазуынша биылғы жыл жыл оңай болмайын деп тұр. «Қазақстандағы қанды қаңтар, одан соң Ресейдің Украинамен соғысы. Бұл кесапаттар аздай, мен өткен жылдан бері қақсап жүрген тағы бір үлкен қауіп бар. Бұл Орталық банктердің ақша басып шығарумен тым әуестеніп кетуінен туындап отырған АҚШ пен әлемдегі рекордтық инфляция. Инфляция соңғы 40 жылдағы рекордтық деңгейіне жетті. Бұл АҚШ-тың ФРЖ-нің қарсы әрекетіне әкеліп соқпауы мүмкін емес еді, яғни ол пайыздық мөлшерлемені көтеру циклын заңды түрде бастады, осылайша экономикадан ақша сорып отыр. Сонымен қатар, ФРЖ өз кестесінен озып келеді. Мұның бәрі сөзсіз нарықтарды құлдыратады, қазірдің өзінде құлдыратып жатыр», деп жазды Сейсембай.
Ол қор нарығы, шикізат бағасы, NFT нарығы мен крипто нарығы туралы бұған дейінгі болжамдарының орындалғанын айтып отыр.
«Менің әлі толық расталмаған жалғыз болжамым - рубль мен теңгенің құнсыздануы. Бірақ, менің ойымша, қазір рубль мен теңге бағамы шындыққа сай емес. Олардың бағамы валютаға сұранысты және экспорттаушылардың өз валюталық түсімін сату міндеттемелерін шектеу есебінен жасанды түрде сақталып отыр. Жыл соңына дейін рубль де, теңге де түбі девальвацияға ұшырайтыны анық», дейді.
Сондай-ақ ол бұрын-соңды болжам, жорамал жасаумен айналыспағанын, өйткені қайырымы жоқ іс екенін айтады.
«Бірақ бұл жолы өткен жыл мен осы жылдың басындағы жағдайлар әлемдік экономикада үлкен теңгерімсіздік артып келе жатқанын анық көрсетіп тұр. Мұндай теңгерімсіздіктер үнемі дағдарыспен аяқталады», деп жазды Марғұлан Сейсембай