Румыниялық байқаушы: Қазақстанның жастары ел болашағына немқұрайлы қарамайды

Румыниялық
Фото: inform.kz

Алматы. 9 маусым. 7kun.kz —  Румыниялық байқаушылар Уркан Жонаш Флорин мен Рареш Трифтің пікірінше, Алматыдағы Президент сайлауы процесі халықаралық нормаларға сай өтіп жатыр. Бүл туралы олар Алматыда Президент сайлауына байланысты өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Уркан Жонаш Флорин — Румыниядағы Жерорта теңізі Парламентті Ассамблеясының елшісі, бұрынғы депутат. Оның айтуынша, Алматыда Президент сайлауы ашық әрі обьективті өтуде. Румыниядан келген байқаушылары осы уақытқа дейін 10 сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесін қадағалады.

«Маған Қазақстандағы сайлау процесін бақылау өте қызық болды. Басты байқағаным, сайлауға жастар көп келді. Бұл — жас буын өкілдерінің ел болашағына немқұрайлы қарамайтынын білдіреді», — деді Уркан Жонаш Флорин.

Уркан Флорин сайлаушылардың дауыс беруге келу көрсеткіші өте жоғары болғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Адам құқықтарын қорғау ұйымының кеңесшісі Рареш Трифф сайлау учаскелерінде ешқандай заңбұзушылықты байқамағанын айтты.

«Таңнан бері 3 сайлау учаскесінде болдым. Әзірге бәрі дұрыс. Ешқандай заңбұзушылық байқамадық… Тек бір ғана жағдайды байқадық. Сайлаушы әйел өзін тізімнен таппады. Ондай жағдай жиі болып тұрады. Сайлаушылардың арасында жас студенттердің кезекке тұрғанын байқадық. Бұл — азаматтық қоғамдағы демократияның салтанат құрғанын көрсетеді»,- деді Рареш Триф.

Айта кетейік, Президент сайлауын бақылау үшін Алматы қаласына 80 халықаралық байқаушы келді.