Сапарбаев бюджетті жоспарлау басқармасына жаңа басшы тағайындады

915
Фото: inform.kz

Алматы. 8 сәуір. 7kun.kz — Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 28 жастағы Олжас Смағұловты экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына басшы етіп тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұған дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін төрт жыл бойы атқарып келген Рузия Айдашева қызметінен босатылды.

Олжас Смағұлов 1989 жылы Алматы қаласында туған. Жас маман Америка интерконтиненталдық университетін, Помона калифорниялық мемлекеттік политехникалық университетін,  Батыс Қазақстан АТУ-ін және Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының, мемлекеттік саясат және басқару магистрі.

Еңбек жолын 2013 жылы Атырау облысы әкімінің аппараты ақпараттық-талдау және ұйымдастырушылық-инспекторлық бөлімінің бас маманы қызметінен бастаған.  Атырау облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы, басқарма басшысының орынбасары болды. ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас сарапшысы болып жұмыс істеді. 2015 жылдың қазан айынан бастап Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.