Tesla Motors акцияларын 2 млрд долларға сатады

Фото: betafinance.ru

Электр көліктерін шығарушы Tesla Motors компаниясы өзінің жаңа жобасы Model 3 көлігін жасап шығаруды жеделдету үшін акцияларын 2 млрд долларға сатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Reuters.

Америкалық компания жоспарланған келісім аясында 1,4 млрд долларға 6,8 млнға жуық құнды қағаздарын сатылымға шығаруға ниетті. Сондай-ақ, компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Илон Маск 5,5 млн акцияға қатысты салықты төлеу үшін компаниядағы өзінің 2,78 млн акциясын сатады, деп жазды 3dnews.ru.

Ал акцияларды сату бойынша түскен қаржы 2017 жылдың соңында шығуы тиіс Tesla Model 3 электромобилінің шығынына жұмсалмақ. Қазіргі таңда компанияға көлікті алдын ала сатып алу бойынша 373 мың тапсырыс келіп түскен.

2016 жылдың наурыз айының соңында Tesla-ның қолма-қол қаржысы 1,44 млрд долларды құрады. Алдағы уақытта компания электрокөліктерді шығарудың жылдық көлемін 500 мың данаға жеткізуді жоспарлап отыр.