Тоқаев Түркия президентіне көңіл айтты

Астана. 14 қараша. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Түркия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға жолдаған жеделхатында Ыстанбұл қаласындағы жантүршігерлік лаңкестік әрекеттің салдарынан жазықсыз адамдардың құрбан болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

 «Осындай қиын сәтте бауырлас түрік азаматтарының қайғысына шын ниетімізбен ортақтаса отырып, Cізге және жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.

Президент қаза тапқандардың жаны жәннатта болуына және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, кеше Ыстамбұлдың адам көп жүретін Истикляль көшесінде жарылыс болды. Белігілі болғандай, жарылыс салдарынан 6 адам мерт болып, 81 адам жарақат алған.