ЖаңалықтарҚазақстанТаңдаулы1

Туристік визит-орталық құрылысына 718 млн теңге бөлінді

Ұлытау ауданының әкімі қонақ үйлер салу үшін инвесторларды тарту жоспарланып отырғанын айтты.

Алматы. 7 желтоқсан. 7kun.kz –  2019-шы жылдың көктемінде Қарағанды облысының Ұлытау ауданында визит-орталықтың құрылысы басталады. Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифинг барысында Ұлытау ауданының әкімі мәлімдеді.

“Біздің ауданда тарихи туризм, экотуризм, агротуризм және киелі мекендерді аралау секілді бағыттар дамытылатын болады. Ол үшін Мәдениет және спорт министрлігімен 718 млн теңге бөлінген болатын, бұл қаражат сапар орталығының құрылысына жұмсалады. Қазіргі таңда мердігер компания анықталып, мемлекеттік сатып алулар бойынша барлық процедуралар өткізілді. Орталық құрылысы келесі жылдың көктемінде басталады”, – деді Әнуар Омар.

Оның айтуынша, “Жезкиік” және “Көкмайса” этнофестивальдерін өткізу Ұлытау ауданына келетін туристер ағынын ұлғайтқан. 2017 жылы Ұлытау қаласына 11 мыңға жуық турист келген болса, биыл олардың саны 25 мыңға жеткен.

“Біз ауданымызға туристердің қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Осыған орай біз ауқымды жұмыстар өткізуді жоспарлаудамыз. Осылайша, сапар орталығының маңында этноауыл салуды көздеп отырмыз. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін облыстық Кәсіпкерлік басқармасымен бірлесе отырып, этноауыл құрылысына 150 млн теңге салуға дайын инвесторларды іздестіріп жатырмыз. Сондай-ақ келесі жылы киелі орындарға баратын жолдар да жөнделеді. Облыстық бюджеттен Сарлық ауылына дейін баратын 40 шақырым жолды жөндеуге 636 млн теңге бөлінді. Дәл осы ауылдың жанында екі ірі туристік нысандар – Хан ордасы мен Алтын шоқы орналасқан”, — деп түсіндірді әкім.

Сондай-ақ, Ұлытау ауданының әкімі қонақ үйлер салу үшін инвесторларды тарту жоспарланып отырғанын айтты.

Tags

Осы айдарда

Close