Түркістанда шоколад өндіретін цех іске қосылды

шоколад

Алматы. 7 ақпан. 7kun.kz – Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ Төлеби ауданындағы Бірінші Мамыр  ауылынан ашылған «Балмұздақ» ЖШС-нің шоколадты глазурь және шоколад өндейтін цехында болды. Жоба құны 800 млн теңге болатын кәсіпорында жылына 1100 тонна шоколадты глазурь мен шоколад өнімдері өндіріледі деп күтілуде, – деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Айта кетсек, «Балмұздақ» ЖШС 2017 жылы құны 2,5 млрд теңге болатын 3200 тонна балмұздақ өнімдерін өндірген. Ал былтыр, Өзбекстан еліне 6,1 млн теңгеге 8700 келі балмұздақ экспорттады. Кәсіпорын бүгінгі күнге балмұздақтың 80-нен астам түрін шығарады. Кәсіпорын құны 220 млн теңге тұратын балмұздақ өндіретін қазіргі заманғы құрал-жабдықтарымен жабдықталған.

Сондай-ақ өнімдер республиканың солтүстігінде, Алматы, Астана, Ақтау, Тараз қалаларында да үлкен сұранысқа ие.

Өндіріс орнының жұмысымен жіті танысқан облыс әкімі кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, отандық өнімді  өндіріп, ел тұрғындарын сапалы өніммен қамтуда аянбай еңбек ете беруіне тілектестігін білдірді.  Сондай-ақ, шағын және орта кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан, қашанда, тиісті қолдаулардың болатынын тағы бір еске салып, азаматтың ісі көпке үлгі болуы керектігін айтты. 

Өз кезегінде, облыс басшысы зауыт жетекшілігіне жаңадан құрылған Түркістан облысының атын шығарып, жер-жаһанға таныту үшін «Түркістан» брендімен шоколад түрін шығаруды айтты. Осынау ұсынысты қолдаған кəсіпорын ұжымы тез арада аталған идеяны жүзеге асыруды қолға алатынын жеткізді.