Алматы. 4 қаңтар. 7kun.kz — Қытайдан  Ұлыбританияға тікелей қатынайтын теміржол жүк тасымалы пайда  болды деп хабарлайды BBC-дің орыс тілді қызметі.

Қытайдың шығысында орналасқан Иу қаласынан киім-кешек, сөмкелер және т,б, тұтыну тауарларын тиеген алғашқы жүк пойызы аттанды.

Пойыз 18 күннің ішінде  12 мың километр жүріп, Лондонның Баркинг ауданына келіп жетуі тиіс.

Пойыз құрамы  Қазақстанды, Ресейді, Белоруссияны, Польшаны, Германия, Бельгия және Францияны кесіп өтеді.

Соңғы жылдары Қытай «Жаңа Жібек жолы» атты мемлекеттік бағдарлама аясында Еуропаға қатынайтын жүк тасымалы теміржол бағыттарын көбейтті.

Ұлыбритания – Қытаймен тікелей теміржол бағытын ұйымдастырған 18-ші еуропалық мемлекет. Ал Лондон – Қытайдан тұрақты түрде жүк пойыздары қатынайтын 15-ші еуропалық астана.

Теміржолға берілген басымдық

Си Цзиньпин үкіметінің Экономикалық даму стратегиясы бойынша теміржолға басымдық берілген. Қытай билігінің ойынша, ол арзан әрі баяу теңіз жолдары мен қымбат әрі жылдам әуе жолдарының ортасындағы тасымал түрі болмақ.

2016 жылдың маусымында Қытайдан Еуропаға 1881 пойыз құрамы келген. Сонымен қатар, жүк ағыны кері бағытта да жүріп отырған. Еуропадан Қытайға беттеген 502 жүк пойызы Германиядан ет өнімдерін, Франциядан шарап, ал Ресейден ағаш сүректерін тасымалдаған.

«Қытай теміржол корпорациясы» жаңа бағыт Қытай мен Батыс Еуропа арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, қытай-британ сауда-саттығын күшейтеді деп сенеді.

2015 жылы  Қытай экспортының көлемі 2,27 трлн долларды құраған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 2,34 трлн доллар болған еді. Ал экономикалық өсім соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті.

Қытай билігі «Жаңа жібек жолы» экономикалық өсім мен тауар айналымына үлкен септігін тигізеді деп үміттеніп отыр.