Жамбыл облысында 170,4 млн доллардың 26 жобасын жүзеге асыру жоспарланды

жоба

Тараз. 12 сәуір. 7kun.kz — Жамбыл облысында 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы «Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған брифинг барысында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев мәлім етті, деп хабарлайды облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Қазіргі уақытта әлеуетті инвесторлармен болашағы зор 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Оның ішінде Қытай Халық Республикасымен экономикаық ынтымақтастықты жандандыру аясында қытайлық компаниялардың қатысуымен 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіншілігі қарастырылуда. Жобалардың жалпы құны шамамен 170,4 млн долларды құрайды», — деді өңір басшысы.

Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында облыс әкімдігі сүт, сүт өнімдері, сонымен бірге ет өнімдері өндірісіне стратегиялық инвесторлар тарту бойынша шаралар қабылдауда. Мәселен, жаңазеландиялық «FRONTERRA» мен даниялық «ARLA» компанияларымен 40 шаруашылықтың басын қосатын, сүт және сүт өнімдерін қайта өңдейтін «Меркі өнімдері» атты ірі ілкі жобаны жүзеге асыру қолға алынған.