Кеңесші

Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы туралы ақпарат берсеңіздер

2017-2021 жылдарға арналған өнiмдi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiк бағдарламасы туралы толық ақпарат берсеңіздер. Мұның аясында қалай жұмысқа орналассам болады? Әуез Ибраимов, Алматыдан

Жауап: Әуез, қайырлы күн! Бағдарламаның басты мақсаты: халық тұрмысының деңгейiн арттыру мен жұмыспен қамту.  Құжат 2016 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң №919 қаулысымен бекітілген.  Негізінен үш бағыттан тұрады.

Бағдарламаның бiрiншi бағыты аясында азаматтар өз бетiмен жұмысқа орналасу немесе өз iсiн ашуы үшiн қажеттi кәсiптерге жаппай оқыту ұйымдастырылады.

Бұл бағытқа өмірлік қиын жағдайға тап болған және аз қамтылған отбасы мүшелерi және тағы басқа санаттағы азаматтар, оқу орындарына түсе алмаған 9-11 сынып оқушылары, жұмыс iздеп жүрген тұлғалар қатыса алады.

Қысқа мерзiмдi кәсiби оқытуға оқыту мерзiмi 1 айдан 6 айға баратын жұмыс кадрларын даярлау немесе қайта даярлау кiредi. Аталған шараның ерекшелiгi, мамандығы жоқ, өз кезiнде ешбiр оқу орнына түспеген азаматтарға мамандықты тегiн алу мүмкiндiгiн ұсынады.

29 жасқа дейiнгi жастар мен жұмыспен қамту орталықтарында тiркелу-тiркелмеуiне қарамастан жұмыссыздар мен өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар қысқа мерзiмдi кәсiби оқыту бойынша бiлiм ала алады.

Сонымен бiрге, аймақтарды дамыту бағдарламасы шеңберiнде 13 млн теңге сомасына 183 адам келесi мамандықтар бойынша бiлiм алуы жоспарланған: тiгiншi, электромонтер, аспаз, механизатор, тас қалаушы, ағаш ұстасы, кондитер, токарь, автослесарь.

Бағдарламаның екiншi бағытында жаппай кәсiпкерлiктi дамыту қарастырылған, оның мiндеттерi:

  1. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсiпкерлiк негiздерiне оқыту;
  2. Кәсiпкерлiк бастамаларды қолдау;
  3. Қалалар мен ауылдарды микронесиелерге кепiлдiк беру.

Яғни, микронесиенiң мерзiмi 5 жылға дейiн, мал шаруашылығы саласы үшiн және ауылшаруашылық кооперативтер құру үшiн микронесие мерзiмi 7 жылға дейiн, несиенің максималды сомасы  16 млн-ға дейiн, жылдық тиiмдi сыйақы мөлшерлемесi жылына 6 пайыздан артық емес болады. Микронесиелiк қаржы ұйымы, екiншi деңгейдегi банктер мен Бағдарлама қатысушысы арасындағы келiсiм-шартта, мiндеттi түрде, iсiн жаңа бастаған кәсiпкерлер жобасын алмағанда, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шарттар көрсетiледi. Микрокредиттер ауылдық мекендерде (әкімшілік бағыныштылығына қарамастан), шағын қалалар мен қалаларда бизнес-жобаларды іске асырған немесе іске асыруды жоспарлап отырған Бағдарлама қатысушыларына беріледі. Қатысушылар өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ғана емес, жұмыссыздар да болуы мүмкін.

Микрокредит алу үшін – бағдарламаға қатысушының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркелу керек. Шағын бизнес ашу үшін микрокредиттер кәсіпкерлік негіздерін оқыту («Бастау Бизнес») курстарынан немесе кәсіпкерлік негіздері (Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде) курстарынан өткеннен кейін немесе соңғы 2 жылда басқа бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан өткені туралы сертификат болған кезде беріледі.

Бағдарламаның үшiншi бағыты – азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыруда қолдауды күшейтудi, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру және еңбек нарығы инфрақұрылымдарын дамытуды қарастырады.

2017-2021 жылдарға арналған «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының үшінші бағыты аясында жастар практикасы қарастырылған. Бұл білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында ұйымдастырылған. Жастар практикасы бойынша тәжірибе жинақтап жүрген түлектерге 25 айлық  есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақы төленеді. Осы жоба бойынша жолдама алып келген түлектер:  психолог, мұғалім, бухгалтер, заңгер тағы басқа мамандықтар бойынша 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейінгі аралықта  тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама аясында  қысқа мерзімді кәсіби  оқыту бағыты жүзеге асырылуда. Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш білдірсе болғаны әкімшілік тарапынан 3 айлық оқуға жіберіліп, жұмысқа да орналастырылады.  Бағдарлама арқылы отбасылық немесе шағын кәсіптің көзін ашып, оны дамытамын деген кез келген адам қолдауға ие болады. Сіз де қатысып бақ сынап көріңіз. Сәттілік тілейміз!

Tags

Осы айдарда

Close