Алматы. 11 шілде. 7kun.kz - Батыс Қазақстан облысында 1 млн гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанова мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
Әлия Биғазықызының айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде жергілікті атқарушы және өкілетті органдар пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және оларды ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосу бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеді.
Соның нәтижесінде 2012-2018 жылдары 1 млн 425 мың гектар алқаптың игерілмей жатқаны белгілі болды. Қазіргі кезде соның 70 пайызы немесе 997 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Кері алынған жерлердің 55 пайызы немесе 545 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылды.
Дегенмен қазіргі таңда қалған 452 мың гектар жер немесе 45 пайызы ауыл шаруашылығы айналымына енбей отыр. Мұның басым бөлігі Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Қазталов, Сырым және Шыңғырлау аудандарының үлесіне тиеді. Жергілікті атқарушы органдар жүргізген жұмыс нәтижесінде жер пайдаланушылар 336 мың гектар (24 пайыз) алқапты игеруге кірісті.
Сонымен қатар 92 мың гектарды (6 пайыз) құрайтын учаскелер бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдануда. Соның қорытындысына сәйкес, кемшілікті жою жөнінде ұйғарымдар беріледі, мұның мерзімі біткеннен кейін қайта тексеріледі. Биыл жер пайдаланушыларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің құқығын беру мақсатында жалпы алаңы 51 мың гектарды құрайтын 67 жер телімі бойынша 10 конкурс өткізілді. Оған қоса күні бүгін аудандарда мемлекетке қайтарылған жер есебінен 57 мың гектарды құрайтын 87 жер учаскесі бойынша 9 конкурс өткізу жоспарда бар.
- Биылдан бастап 12 аудан мен Орал қаласын электронды карталармен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда «zem.kz» порталы жұмыс жасайды, онда елді мекендердегі бос жер телімдеріне, сондай-ақ конкурс арқылы берілуі жоспарланып отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекке тұрғандарға, жосықсыз жер пайдаланушылар тізіліміне қатысты ақпараттар бар, - деді Ә.Мұханбетжанова.
Похожие материалы
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
На сколько будут увеличены пенсии и пособия в Казахстане в 2025 году
- 30 желтоқсан, 2024
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024