20 жасар алматылық британдық миллиардердің алдында жоба қорғады
13 маусым, 2016
20 жасар алматылық Асқар Булегенов бірнеше апта бұрын Кингстон университетін (Ұлыбритания) бітіріп, Лондон маңынан жеке бизнесін ашты. Ол жас стартапшылар байқауына қатысқан жобасын британдық миллиардер Ричард Брэнсонның алдында қорғаған. Бұл туралы kuan7777 аккаунтындағы видеоблогердің Youtube желісіндегі видосынан білуге болады.
Он мыңнан астам қатысушының ішінде Асқар 12 орын иеленді. Жас кәсіпкердің айтуынша, оның жобасы – гроссеримаркеттегі алғашқы логистикалық қызмет. «Біз гроссери-маркеттер үшін жаңа маркет-плейс жасап шығарамыз. Гроссери – азық-түлік пен тұрмыстық техникалар – қарапайым өнімдер дүкені. Сатып алушы біздің сайтқа кіріп, өзі орналасқан жердегі дүкендер тізімін көріп, интернет арқылы тапсырыс береді. 30-35 минут ішінде тапсырысын үйге әкеледі», - деп түсіндірді ол.
Кәсіпкер өз бизнесінің Лондонда дамуы үшін кем дегенде 100-200 велосипед керек екенін айтады. «Біз бірнеше мәрте қазақстандық кәсіпкерлерге хабарластық. Аты-жөндерін айтпаймын. Олардың кейбірі біздің идеямызға күліп, адамдар интернет арқылы азық-түлік сатып алмайтынын айтты» дейді ол. Бір ай бұрын Асқардың тобын Ричард Брэнсон негізін қалаған Virgin Group компаниясының байқауына қатысуға шақырған. Бұл - Англия мен Еуропадағы ең үлкен стартап-байқаулардың бірі. Университеттен, қазақстандық кәсіпкерлерден көмек сұрағанымен, еш қолдау болмайды. Дегенмен, олар финалға шығады.
"Бізге Трафальгар алаңындағы маркетинг агенттігі, қазақ дизайнерлері мен лондондық достарым көмектеседі. Жалпы айтқанда, достарым қол ұшын береді. Біздің командамызда шамамен 15-16 адам бар. Ұжымымыз – интернационал. Маған командамыздағы ұнайтын нәрсе – достық қарым-қатынас. Барлығы бір-біріне әпке-бауыр секілді",- дейді Асқар.