Қазақстандағы тұрғын үй кооперативтерін басқаратын компаниялардың қызметі ақсап тұр. "Тұрғын үйді басқару пәтер иелерінің қатысуымен жүзеге асырылуы қажет", мұндай тапсырманы президент Назарбаев та берген болатын.
Басқарудың бүгінгі формасын тұрғындар өздері таңдаған ба, әлде әдейі «тықпаланған» идея ма? Бұл тұрғыда қандай да бір балама жол бар ма? Сіз тұратын үйдің жертөлесінен кімдер пайда тауып отыр? Ол пайданың сізге тиесілі екенін білесіз бе?
Елімізде 78 371 тұрғын үй болса, оның 26 пайызы, яғни 20 437-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал республика бойынша Пәтер иелерінің кооперативі (ПИК, орысша КСК - ред.) секілді қызмет ететін бар жоғы 2984 басқару компаниясы бар. Бұл ҚР Инвестиция және даму минситрлігінің мәліметі.
Kn.kz ақпараттық қызметі Қазақстандағы ПИК және т.б. басқару формасындағы компаниялардың 70 пайызының жұмысы тиімсіз екенін айтады. Сонымен қатар, бұл салада түйіні шешілмеген мынадай мәселелер бар, дейді аталмыш порталдың маманы Карима Апенова.
Оның айтуынша біріншіден, жалпы үйдің қажеттіліктеріне жұмсалатын электроэнергиясы үшін әлі күнге дейін пәтер иелері ақы төлейді. Ал заң жүзінде мұны ПИК төлеуі қажет. Мысалы, көршілес Ресейде солай.
Екіншіден, әр тоқсан сайын ПИК тұрғындардың алдында есеп беруі тиіс. Бұл да 100 пайыз жүзеге асырыла бермейді.
Назар аударатын тағы бір жайттың бірі - жертөлелер мен шатырдың астын бейресми жалға беру немесе сату. ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 31-ші және 2-бабы, 24-тармағы бойынша үйдің жертөлесі мен шатыры және т.б. бөліктері сол үйдің тұрғындарына тиесілі. Астана қаласындағы 30 тұрғын үй кешенінің тұрғындарынан құрылған бастамашыл топ 2016 жылы Президент әкімшілігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Бас прокуратураға ұжымдық жолдау жасады. Олар жалпы үйдің мүлкіне иелік ету мен басқару құқығын қалпына келтіруді талап еткен.
Жолдауда тұрғындарға өздері тағайындамаған ПИК қызмет көрсететіні айтылған. Ал жалпы тұрғын үй кешенінің мүлкіне жататын кіреберіс, шатырдың асты мен жертөлені ғимаратты салған немесе оны басқарып отырған компания жалға береді, болмаса мүлде сатып жіберіп, үстінен пайда көреді, дейді тұрғындар. Билік өкілдерііне жолдаған хатта олар мұны "басып алу" деп көрсеткен.
Тұрғын үй реформасын жүзеге асырудағы осы кемшіліктер Қазақстандағы көп пәтерлі үй тұрғындары құқықтарының жаппай бұзылуына және әлеуметтік шиеленістердің өрши түсуіне себеп болды, дейді kn.kz қызметкері.
Қоғам белсенділері қандай жол ұсынып отыр
Республикалық тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қорғау" кеңесінің төрағасы Виктор Сыздықов ПИК-тердің орнына коммерциялық емес ұйым құруды ұсынатынын айтқан.
"20 жыл ішінде ПИК-тер өз қызметтерін ақтай алмады. Біз олардың орнына қоғамдық ұйым ретінде тұрғын үйді басқаратын орган құруды ұсындық. Бұл органға меншік иелері ғана емес, сол үйдің барлық тұрғындары да әсер ете алады", - дейді ол.
Қоғамдық белсенді бұл органның "тапсырыс беруші-мердігер" принцпімен жұмыс істейтінін айтады. Сонымен қатар, аталмыш модель Еуропада осы күнге дейін жақсы жұмыс істеп келген екен. Бұған Польшаға, Австрия мен Венгрияға және Ресейге барған сапарында ҰЭМ-нің Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы мен құрылыс істері комитетнің делегациясы да көз жеткізген.
Еуропада қызмет көрсетуші компаниялар жертөле мен бірінші қабатты жалға беру арқылы үйдің барлық шығынын өтеп отырады. Тіпті, тұрғындарға үстінен қалған пайданы бөліп береді. Демек шатырды жөндеуге, лифт пен элеваторды алмастыруға тұрғындардан қосымша қаражат жиналмайды.
Виктор Сыздықовтың айтуынша, қазіргі таңда жаңаша үлгіде жұмыс істейтін 15 қоғамдық ұйым Астанадағы тұрғын үйлерге қызмет көрсетіп жатыр.
"Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы мен құрылыс істері комитеті бұл модельді Шымкентте, Степногорск пен Ақтөбеде таныстырып өтті. Демек ол заң жүзінде мақұлданды", - дейді Сыздықов.
Бірақ қоғам белсенділері ұсынған модельмен жұмыс істеуге шақырылған құрылыс компаниялары уақыт өте өз мүдделерін лоббилендіріп алған. "Енді Қазақстанның тұрғын үй коммуналды шаруашылығының орталығы да шайқала бастады", - дейді белсенді.
Біздің қолымызда әкімшіліктің жазбаша жауабы бар. Онда И.Тасмағамбетовтің кезіндегі әкімшілік жертөлелерді кәсіпкерлік ортаға беру туралы қаулы шығарғаны жазылған. Бірақ оның қаулы шығарғаны аталған орындардың әкімшіліктің иелігіне өткенін білдірмейді ғой, - дейді Сыздықов.
Оның пайымдауынша, әкімшілік бұл нысандарды салғаннан кейін оған кеткен шығындарды өтеу үшін тұрғындарды бұл жертөлелерді өздеріне беруге көндірген.
Адамдар жертөлені беруге келісті, - дейді ол. Себебі сіздер күрделі жөндеу жүргізіп бердіңіздер, бірақ ол сіздердің меншіктеріңіз емес. Оны иелеріне қайтарып берулеріңіз керек. Осы уақытқа дейін ол жерден қаншама ақша өндірілді.
Қоғам белсендісі үкімет тұрғындарға өз құқықтарын қайтарып беруі керек деген пікір айтады. Олар тұрғын үйді басқара алатын компанияны таңдайды, сәйкесінше ол тұрғындардың шарттары бойынша қызмет етеді.
Виктор Сыздықов: "Сонда пәтер иелері мемлекеттік органға барып шағымдана алмайды, себебі олар тұрғын үйге жауапты компанияны өздері таңдаған. Оны өздері басқарады, өздері ақша шығарады. Міне, біз осындай жүйеге келуіміз керек".
Похожие материалы
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024