Бірнеше апта бұрын Совет одағының соңғы басшысы әрі қырғиқабақ соғысты тоқтатуға ең көп еңбек сіңірген адам – Михаил Горбачев немістің Bild газетіне берген сұхбатында қазіргі әлемде «қырғиқабақ соғыстың барлық нышандарын көруге болатынын» айтты. Горбачевтың айтуынша, АҚШ «триумфалистік идеясын жүзеге асыру жолында» Ресейді де осыған тартып үлгерді.
Бірақ АҚШ пен Ресей арасындағы бұл антагонизм шынымен жаңа құбылыс па? Және Горбачев пен Кремль сияқты бар кінәні АҚШ-қа артып қоюымыз керек пе? Осы сұрақтарға жауап беру үшін Уинстон Черчильдің 1946 жылғы «Темір перде туралы» баяндамасынан әлдеқайда бұрынғы тарихқа көз салуымыз керек.
Іс жүзінде Ресей мен Батыс арасындағы бақталастық Қырғиқабақ соғыстан бір ғасыр бұрын басталды. 1820-жылдары Ресей Наполеон соғыстарының басты жеңімпазына ғана емес, Еуропадағы ең консервативті, нақтырақ айтсақ, ең реакциялық күшке айналды. І Александр мен І Николай патшалардың тұсында Ресей құрлықтың барлық монархияларына жұққан «революция обасына» қарсы тұруға дайын болды.
1830 жылы «Қасиетті альянс» елдері (Ресей, Пруссия, Австрия) мен Еуропаның басқа бөлігінің арасында тым үлкен алшақтық болды. Ресей екі бірдей «түрлі-түсті революцияны» - 1830-31 жылдардағы поляк бүлігін және 1848-49 жылдардағы венгер революциясын басып тастаған соң екі ара тіпті алшақтай түсті. Бұл екі жағдай да бүкіл құрлықта Ресейге деген наразылықты өршітіп жіберді.
Ресейдің ұстанымын нығайту үшін І Николай Балқан мен Оттоман империясындағы православтарға мойын бұрды, оның әскери министрі Александр Меньшиков 1853 жылы өзін Оттоман империясындағы 12 миллион православ христиандардың қорғаушысы деп жариялауды талап етті. Бұл талабы орындалмаған соң Ресей әскері Оттоман империясының қарамағындағы Молдавия мен Валахияны басып алды, мұның соңы Қырым соғысына ұласып, Ресей 1856 жылы бұл ұрыста ойсырай жеңілді. Менің ойымша, осы жеңілістен соң Ресей мен Еуропа арасындағы шамамен 30 жылға созылған Қырғиқабақ соғыс аяқталды.
Көпшіліктің пікірі бойынша, Қырғиқабақ соғыс осыдан бір ғасырдай уақыт өткен соң, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталды. Ықпал ету аймағын кеңейту үшін Совет одағы Польшадан Болгарияға дейінгі аралықта коммунистік өкіметтер орнатты. 1946 жылы олар Грекияны шайқады, содан кейін 1945 жылғы Потсдам келісімі негізінде құрылған Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Кремль Солтүстік Африкадағы Триполитанияны бақылау тізгінін қолына беруді талап етті. Батыс елдерінің басшылары бұл талапты орындаудан бас тартты. Келесі жылы Совет одағы өзімен одақтас елдерді соғыстан кейін Еуропаның экономикасын қалпына келтіруді мақсат тұтқан Маршалл жоспарына қосқызбай тастады. Осы шешімді орындатқызу үшін Иосиф Сталин Батыс Берлинге блокада жасады.
Қырғиқабақ соғыс кесірінен Совет одағы мен АҚШ 1950-жылдары Корея үшін, 1962 жылы Куба үшін соғысуға шақ қалды. Бірақ, дәл 19-ғасырдағы сияқты мұнда да олар ең алдымен Еуропаны бақылау үшін таласты. Совет одағының 1956 жылы Венгрияға, 1968 жылы Чехословакияға басып кіруі – осының мысалы.
Совет одағы 1850-жылдардағы Қырым соғысы кезіндегідей 1980-жылдардың соңында «шектелген» перифериялық соғыста жеңіліске ұшыраған соң Қырғиқабақ соғыс аяқталды. 1980-жылдардағы Ауғанстандағы соғыста Совет одағы өзінің әскери және экономикалық әлеуетін сарқып, Еуропадағы одақтастарына қарауға шамасы келмей, ақыр соңында өзі де тарап тынды.
Бүгінгі қырғиқабақ соғыстың мұның алдындағы қақтығыстармен ұқсас тұстары көп. Ең алдымен Ресей 1820, 1940-жылдардағыдай Батыстың құндылықтарынан агрессивті түрде бас тартып, АҚШ-пен тіресіп отыр. Ешкім «Ресейге шабуыл жасаймыз» деп қорқытпаса да, Кремль ел ішіндегі экономикалық проблемалардан жұрттың назарын аудартып, ел басшысына қолдауды арттыру мақсатында Батысқа қарсы истерияны құрал қылып пайдаланып жатыр.
Сөйтіп, дәл І Николай кезіндегі патшалық сияқты Владимир Путин басқаратын Ресей де өзін православ дінінің және орыс әлемінің (19-ғасырда «славян әлемі» деген) қорғаушы деп жариялады. Осыны желеу еткен олар Украина сияқты көрші елдерде жағдайды тұрақсыздандырып, Молдовадан бастап Грузияға дейін сецессиялық қозғалыстарды қолдап, жақын шетелдегі «түрлі-түсті төңкерістерді» басып-жаныштауға шақырды.
Бұл бүгінгі қырғиқабақ соғыстың басты сипатын көрсетеді: Батыс ешкімді оған «тартып» отырған жоқ. Іс жүзінде, 19-ғасырдан бергі текетірестердің үшеуінде де Ресейдің өз ішкі мәселелері тудырған әрекеттері Еуропа мен Батысты стратегиялық шектеу шараларын қолға алуға итермеледі. Батыс Ресейдің 1853 жылы Валахияны жаулап алғанына, 1948 жылы Батыс Берлинді құрсаулағанына қандай реакция білдірсе, қазіргі Қырымды қосып алуына және Украинаның Донбасс аймағына килігуіне дәл сондай реакция білдіріп отыр.
Оның үстіне, үш текетірестің үшеуінде де Батыс «шынайы одақтастарды» топтастырса, Ресей не жалғыз, немесе бірер ғана серігімен бірлесе әрекет етті. Үшеуінде де Ресей өз кемшілігі үшін өзгелерге кінә артып, өзіне одақтас болғысы келген, жақтасқысы келгендердің барлығын кері теуіп, адами және экономикалық ресурстарын ысырап қылған.
Осы тарихқа сүйенер болсақ, Ресейдің ықтимал жауларын тойтару әрекеті тек экономикалық күйреу мен саяси хаосқа алып келе ме деген қауіп бар. Соның кесірінен елдің элитасы геосаяси мұраттарын қойып, күйіп тұрған ішкі мәселелермен әуре болып кететін шығар.
Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ президенті Дональд Трамптың «уақыты болғанда барлығы естерін жияды» деген сөзі ақиқатқа жартылай болса да жақын сияқты. Бірақ оның «бұдан кейін ұзақ бейбітшілік орнайды» деген сөзі Ресейдің Батыспен қарым-қатынасының тарихын ескерусіз қалдырған. Ерте ме, кеш пе, бұл цикл қайта басталады.
Автор туралы: Владислав Иноземцев – Джонс Хопкинс университеті Тереңдетілген халықаралық зерттеу мектебіне қарасты Австрия Маршалл жоспары қорының зерттеушісі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024