Алматы. 23 маусым. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды оқиғалар болады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. Сонымен, 19 маусым мен 23 маусым аралығы қандай жаңалықтарымен есте қалды?
Дүйсенбі, 19 маусым.
Қазақстандық журналистердің ДНҚ-паспортын жасау ұсынылды.
Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының биологиялық және химиялық зертхана меңгерушісі Іңкәр Тәжіғұлова журналистерге генетикалық паспорт жасатуды ұсынды.
Қытайдан Қазақстанға сәлемдеме жеткізу уақыты екі есе қысқарады
Қытайдан Қазақстанға сәлемдеме жеткізу уақыты екі есе қысқарады. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Ұлттық пошта операторы мен қытайлық China Post Group компаниясы өкілдерінің кездесуінде айтылды.
Қымбат пәтер иелері бюджетке 36 миллион салық төлемеген.
Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша Мемлекеттік кіріс басқармасы мүлік пен жерге салық қарызын өндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде қымбат үйлер мен пәтерлер бойынша қарыз 36,2 миллион теңге.
Сейсенбі, 20 маусым.
Ақышев экономикада доллар үлесінің артуы ең үлкен проблема екенін айтты.
Ол доллар үлесінің артуы ЕДБ мен Ұлттық банктің қызметіне кері әсер етеді. Бірақ долларды қатаң әдістерді пайдаланбай-ақ айналымнан шығаруға болады. “Экономикадағы доллардың артуы – үлкен проблема. Бұл Ұлттық банктің саясатын жүзеге асыруға кедергі болады. Себебі Ұлттық банк теңгенің эмитенті болып табылады”, - деді Ақышев.
Қытайда қорлық көрген қазақтар Назарбаевтан көмек сұрады.
Мәжілісте Қытай саясатынан қорлық көріп, елге орала алмай отырған қазақтардың жағдайы талқыланды. Отандастар ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады. Сонымен қатар, осы тұрғыда ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа өтініш білдірді.
Қазақстандықтар тамаққа көп қаржы жұмсайтын болды.
Қазақстандық отбасылардың тамаққа жұмсайтын шығыны күн санап артып келеді. 2017 жылғы I тоқсан қорытындысы бойынша, үй шаруашылығындағы жалпы тұтыну шығынында азық-түлікті сатып алуға жұмсалған қаржының үлесі 45,9 пайызды құрады. Бұл соңғы 5 жыл ішіндегі ең жоғары меже.
Сәрсенбі, 21 маусым.
Қазақстанда байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық үлкейіп жатқаны белгілі болды.
Қазақстанда байлар кедейлерге қарағанда 5,9 есе көп табыс табады. Табыс алшақтығының ең үлкен көрінісін ШҚО, СҚО мен Қарағанды облыстарынан байқауға болады.
Ұлттық банк доллардың неге қымбаттағанын түсіндіріп берді.
Елдің валюта нарығындағы өзгерістер мұнай бағасының төмендеуі аясында әлемдік нарықта қалыптасқан жағдайдың тікелей көрінісі болып табылады.
ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекованың айтуынша, Ливиядағы мұнай өндірісінің ұлғаюы және АҚШ-тағы тақтатас мұнай өндірісінің өсуі туралы жаңалық нарықты ұсынысты төмендету бойынша ОПЕК шараларының табыстылығына күмәндануға мәжбүр етті.
Ресей Қырғызстанның 240 млн доллар қарызын кешірді.
Қырғызстан мен Ресейдің қаржы министрлері Адылбек Касымалиев пен Антон Силуанов Қырғызстанның РФ алдындағы 240 млн АҚШ долларын құрайтын қарызын кешіру туралы хаттамаға қол қойды.
Бейсенбі, 22 маусым.
Қазақстаннан экспортқа шығатын тауарлар 20 пайызға қымбаттады.
ТМД елдеріндегі Қазақстан тауарлары 0,8 пайызға өссе, басқа мемлекеттер үшін 25 пайызға қымбаттаған. Ал ҚР шикізат бағасы — 28%, дайын тауарлар бағасы — 2,4% өскен. Өткен жылдың алғашқы төрт айында шикізат бағасы 28 пайызға, ал дайын тауар бағасы 9,8 пайызға арзандаған еді.
Дүниежүзілік банк кредитордан инвесторға айналуы мүмкін.
Дүниежүзілік банк тобының президенті Джим Ен Ким капитал нарығында дамушы елдерге инвестициялауға болатын бос жатқан қаржы ресурстары бар екенін айтады. Олардың қолданылмауына инвесторлардың бұл елдер туралы мүлдем білмейтіндігі себеп.
Қазақстанның әскери шығындары 10 жылда 77 пайызға артқан.
Стокгольм дүниежүзілік проблемаларды зерттеу институтының (SIPRI) мәліметтері бойынша 2015 жылы әлеменің 140 мемлекеті ЖІӨ-дерінің 0,6 пайызы мен 16,2 пайызын әскери шығынға және қарулы күштерге жұмсайды.
Жұма, 23 маусым.
Назарбаев шетелдегі қазақтарды қолдайтын «Отандастар» қорын құруды тапсырды.
“Шетелде жүрген немесе отанына қайтқан қазақтарды қолдау үшін «Отандастар» қорын құру керек. Үкіметке осыны тапсырамын. Өздеріңіз білесіздер осы 25 жылда экономиканың, саясаттың дамуына байланысты еліміздің біраз азаматы қалталы боп қалды. Біз әлеуметтік жағдайы жақсы халық болуға тырысып жатырмыз. Байлар көп болса, олар жұмыс орнын көп етеді. Біз солтүстік Кавказдан адамдарды қабылдадық, шешендерді, оларға өз есігімізді аштық. Енді қазақтарға неге басқаша қарау керекпіз? Мен бизнесмендерді өз үлесін қосуға шақырамын”, - деді Назарбаев
Сәтпаев Сирияға әскер жіберсек мұсылман елдерін өзімізге қарсы қойып алуымыз мүмкін екенін айтты.
Күндердің бір күнінде бізге әскерилерімізді Сирияға жіберу туралы ой келсе, Қазақстан басшылығына Ақорда осы уақытқа дейін негізін қалаған модератор мен делдалдың имиджімен қош айтысуға тура келеді. Сириядағы қақтығыста олар бізді Ресейдің әскери одақтасы ретінде қабылдап қана емес, сондай-ақ, бізді мұсылман әлеміне, батыс елдеріне қарсы қояды.
Шетел валютасындағы депозит мөлшерлемесің жоғары деңгейі 1,5 пайызға дейін төмендетілді.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының директорлар кеңесі жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ұсынылатын ең жоғары деңгейдегі сыйақы мөлшерлемесін бекітті.