ТОКИО – Токиодағы штаб-пәтері орналасқан бірнеше ғана компаниялар өздерінде мәдени және ұлттық әр тектестілік мол деп мақтана алады. Жиырма жыл бұрын, мен интернет және электронды саудадағы өршіл бастама Rakuten-ді ашқан кезімде, біз тек жапондық ер адамдар қызмет жасаған сол кездегі көптеген жапондық компаниялар тәрізді болдық. Ал бүгінгі таңда біз әлемнің 70-тен астам елінде ое мыңнан астам адам жұмыс істейтін, олардың 40 пайызы әйелдерден тұратын, ірі онлайн дүкендердің біріміз. Біз гетерогенділік арқасында табысты болдық.
Бес жыл бұрын Rakuten негізі жапон командасы болды. Бірақ 2010 жылдың наурыз айында мен, менің ойымша, келесі өсудің негізі болған шешімді қабылдадым, яғни «англинизация» жоспарын жариялап, екі жылда ағылшын тілін мекемеміздің басты тілі болатынын айтып өттім. Мақсатым интернетті жақсы меңгерген қызметкерлерді тарту үшін қатты жарыс басталған салада жаһандық кеңеюдің негізін қалау болды.
Ағылшын тілін үйрену туралы хабарлағанымда, біздің жұмыс күшінің тек 10% -ы ғана ағылшын тілін жақсы білетін. Бір қызығы, менің командамның кейбір мүшелері қорқып кетсе, басқалары, әсіресе фирмадан тыс адамдар, мені аздап ақылымнан адасқан деп ойлады. Алайда, жеті жыл өткен соң, бізден Жапонияның кеңсе титандары жапондық астанада штаб-пәтері бар ғаламдық брендті қалай құруға болатыны туралы кеңес алып жатыр.
Біздің оларға айтарымыз, халықаралық таланттарға есігімізді ашу біз үшін басты өзгерістер көзі болды. Және мұндай саясат басқа жапондық компанияларға да оң әсер етуі мүмкін.
Жапондық компаниялар ұзақ уақыт бойы шабыт іздеген Америка Құрама Штаттарының тәжірибесін қарастырайық. Мен АҚШ-та білім алып, ер жету бақытына ие болдым, және Американдық шығармашылық, кәсіпкерлік және, ең алдымен, елдің сыртан келгендерге ашықтығы мені сүйсіндірді.
Атап айтқанда, көптеген технологиялық көшбасшылар мен ойшылдарының өздері келімсек болған, әртүрлі және динамикалық Силикон алқабы біздің компаниямыз үшін инновацияның күшті қозғалтқышы болып табылады. Осы аймақтың мәдениеті мен сарапшылық тәжірибесі 2011 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско штатында Rakuten американдық бас кеңсесін ашуға себеп болды.
Алайда бүгінгі күні АҚШ-тың оны мәдени әртүрлілік пен кәсіпкерліктің үлгісіне айналдырылған құндылықтарына күмәніміз бар. Президент Дональд Трамм иммиграцияны шектеуге тырысып жатыр, оның ішінде Мексикамен шекарада қабырға салу, мұсылмандар мен басқа да азшылық топтарға қарсы сөздері де бар. Бұл жарқын болашаққа апарар жол емес.
Rakuten-ге келетін болсақ, біз АҚШ штаб-пәтеріне көп қаржы жұмсауды жалғастыра берсек те, біз сондай-ақ, американдық бағытқа кері келе жатқан, ашық және интернет саласында жетістіктері көп елімізге шетелік талантты тарту үшін инвестицияларды да аямай салып жатырмыз. Шын мәнінде, иммиграция жөніндегі Трамп ұстанымы қазірдің өзінде ақылды жас азиялықтар мен еуропалықтардың Жапонияны балама «мүмкіндіктер жері» ретінде қарастыруының себепшісі болып жатыр. Жапония осы қызметкерлердің көбіне өз есігін айқара ашса, онда ел және әлем де табысты болады.
Жапонияның азайып бара жатқан тұрғындарының саны салдарынан туған қиындықтар бәріне белгілі. Елде тұратын жапондықтар саны алтыншы жыл қатарынан қысқарып, 2016 жылы 299 мыңға азайып, 125 миллионға жетті. Осыған байланысты Жапония экономикалық өсуді қолдап тұру үшін шетелдік таланттарды қажет етеді.
Бірақ осындай ашықтыққа да қарсылықтар бар. Тарих бойы жапон халқы шетелдіктерді әлеуметтік тәртіпсіздіктер мен ұлттық бірегейлікке қауіп төндіруші ретінде қарастырды. Жапон тіліндегі «шетелдікті» білдіретін сөз «гайдзин» - «сыртқы» және «адам» деген екі сөзден тұрады.
Дегенмен, көп шаралар жасалды. Өткен жылы премьер-министр Синдзо Абэ үкіметі Жапонияда білікті шетелдік жұмысшылар жұмыс істей алатын жұмыс түрлері тізімін кеңейтіп, шетелдік азаматтардың Жапонияға жыл сайынғы келуі артты. 2016 жылы Жапонияға 136 мыңға жуық шетел азаматы қоныс аударды, бұл сан өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға көбірек. Соңғы бес жылда Жапониядағы шетелдіктер саны 2,4 миллионға жетті, яғни 500 мыңға жуық адамға өсті.
Бұл сандар әсерлі болғанымен, олар жеткіліксіз болып қала береді. Мен құруға атсалысқан Японияның жаңа экономика қауымдастығының қорытындысы бойынша, егер жапондық компаниялардың халықаралық деңгейде бәсекеге түскісі келсе, онда олар қызметкер ретінде таңдай алатын үлкенірек таланттар қоры керек.
Осы мақсатқа жету және Жапониядағы жұмыс орнындағы мәдени алуандылықты арттыру үшін бірнеше пайдалы жол бар. Мысалы, талантты шетел азаматтарының резидент мәртебесін алу рәсімдерін жеңілдету керек. Сонымен қатар, шетелдік кәсіпкерлердің Жапонияда тұруына және өз бизнесін құруға мүмкіндік беретін жаңа виза категорияларын жасау. Бұдан басқа, Жапонияның экономикасының өсуіне аса қажетті машықтары бар кәсіпкерлер мен инженерлерге кіріс пен ішкі салық бойынша жеңілдіктерді ұсынуға болады. Ақырында, Жапонияда компанияларын ашып жатқан шетелдік кәсіпкерлерге корпоративті салықтық жеңілдіктерді ұсынуға болады, мысалы, таза шығындарды ұзақ мерзімді алып тастау.
Мен Rakuten-ді жапондық компания ретінде құрдым, елдің барлық бөлігіндегі әр түрлі көлемдегі бөлшек сауда желілерін кеңейту үшін интернет желісін пайдалануға ниет білдірдім. Бірақ бүгінгі күні менің компаниям шетелдіктерді елге тарту бойынша жапондық авангардтың бір бөлігіне айналды. Біздің жаңа инженерлеріміздің 80% -ы жапондық емес. Олардың идеялары, дағдылары мен энергиясы Rakuten-нің жаһандық экспансиясы үшін өте маңызды.
Жапон қоғамы Американың (ескі) оқу кітаптарынан сабақ алып, иммиграция мен интеграцияның біздің болашағымыз үшін маңызды екендігін ұғынуы тиіс. Уақыт өте келе, басқа жапондық компанияларда өздерінің жалдау тәжірибелерін кеңейту арқылы Rakuten жолымен жүруден басқа таңдау болмайды. Трамптың Америкасы әлемнен қабырға салу арқылы оқшауланғысы келуі мүмкін, алайда Жапонияда талант жеткіліксіз болғандықтан, бізде ондай қабырғаларды бұзудан басқа жол жоқ.
Автор туралы: Хироси «Микки» Микитани - Rakuten төрағасы және бас атқарушы директоры.
Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org