Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұлттық банк Bank RBK мәселесін шешті

Ұлттық банк Bank RBK мәселесін шешті
Алматы. 7 қараша. 7kun.kz - Ұлттық Банк ҚР Үкіметімен және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арқылы әлеуетті инвестормен бірлесіп Bank RBK-ны қалыпқа келтіру шараларының кешенін әзірледі. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша журналистер сұрақтарына жауап беру кезінде Данияр Ақышев айтып берді деп хабарлайды ҰБ-тың баспасөз қызметі.  Қазіргі уақытта Bank RBK өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етумен байланысты қиындықтарды бастан кешіріп отырғаны белгілі. Соған байланысты банктің клиенттік төлемдерді уақтылы жүзеге асыруы шектеулі. Бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк Үкіметпен және әлеуетті инвесторлармен бірлесіп келіссөздер жүргізді, соның нәтижесінде банкті қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешені әзірленді. Данияр Ақышев қалыпқа келтіру моделі банкті инвесторлардың 160 млрд теңге сомасындағы қаражаты есебінен капиталдандыруды және банктің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында инвесторлардың оның бизнес-моделін одан әрі жетілдіруін болжайтынын айтып берді. Сонымен қатар шаралар кешені акционерлер мен басқа байланысты тұлғаларға берілген шамамен 600 млрд теңге сомасындағы проблемалық портфельді жеке арнайы қаржы компаниясына беруді көздейді. Ұлттық банк басшысы арнайы қаржы компаниясына берілген міндеттемелерге берілген портфельден түсетін түсімдер есебінен қызмет көрсетілетінін нақтылады. «Жақын уақытта Ұлттық банк басқармасы Қазақстан республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі бағдарламаға қатысу шеңберінде банктің шамамен 240 млрд теңге сомасындағы өтінімін қарайды», - деді Д. Ақышев. Ол жоғарыда көрсетілген қалыпқа келтіру шаралары Ұлттық банк қазіргі уақытта іске асырып жатқан, Ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 129 қаулысымен бекітілген Қазақстан республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі бағдарламаның бір бөлігі болатындығын атап өтті. «Өтімділіктің түсуіне қарай жақын арада банк әлеуметтік тұрғыдан маңызды төлемдер бойынша, сондай-ақ ұсақ және орта салымшылардың депозиттері бойынша міндеттемелерді орындай бастайды», - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы. Қазіргі кезде банкте жеке тұлғалар жалпы алғанда 28 139 шот ашып, 188 млрд теңгеге салым салған. Соған байланысты мемлекет Ұлттық банк, Үкімет және квазимемлекеттік сектор қаражатының есебінен Bank RBK-ға қолдау көрсету туралы шешім қабылдады. 2017 жылдың 7 қарашасында Bank RBK-ның директорлар кеңесінің төрағасы боп Торстен Пол сайланды.

Похожие материалы