28 желтоқсан күні Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қызметінен босап, оның орнына Тимур Сүлейменов тағайындалды. Экс-министр бұл мандатын осы жылғы мамырдың 6-сында алған, енді 8 айдан соң қайта кетті. 7kun ұлттық экономика экс-министрінің басқару кезеңі немен есте қалғанын шолып көрді.
Жастар көші
2013 жылдан бері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы болып келген Қуандық Бишімбаев 6 мамырда Ерболат Досаевтың орнына келген. Тағайындалған кезде экс-министр «Ұлттық экономика министрлігі – үкіметтегі ең маңызды ведомствоның бірі, сондықтан мемлекет басшысы бекіткен тапсырмаларды орындауға өзімнің бар білім мен тәжірибемді қолданамын» деген еді.
36 жастағы Бишімбаевтың ең жас министр болып келуі саясаткерлер мен экономистер арасында біраз талқы тудырған еді. Саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев бұл тағайындауды «Болашақ» бағдарламасының түлектерін билікке тартуға бекінген президент Назарбаевтың алғашқы талпынысы» деп санайтынын айтқан. Бірақ сарапшы жас мамандардың түбегейлі өзгеріс әкелуі әлі мүмкін еместігін, себебі бұл толықтай жөндеуді қажет ететін үйдің сыртын сылап қоюмен тең екенін де атап өткен. Айта кетейік, жаңадан тағайындалған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
[caption id="attachment_58456" align="aligncenter" width="600"] Фото: caravan.kz[/caption]Қиын кезге тап келген
Жалпы, Бишімбаевтың министр боп тағайындалған кезеңі соңғы 16 жылдағы ең қиын кезеңге тура келді. Мұнай бағасы 36 пайызға арзандап, өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға қысқарған кез еді. Одан бөлек, тағы бір маңызды көрсеткіш – сыртқы сауда айналымы 29,8 пайыз құлдырап кеткен уақыт осы - 2016 жыл.
Экс-министрдің өзі де мұны бірнеше рет айтқан. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге барған Бишімбаев «еліміздің экономикасы үшін бұл жыл қиын болғанына қарамастан, біздің іскерлік белсенділік пен инвестициялық тартымдылығымыз сол күйінде екенін, дамудың оң деңгейі әлі де жалғасып жатқанын, сондай-ақ, үкімет макроэкономикалық көрсеткіштер мен қаржы секторындағы тұрақтылықты сақтап отырғанын» айтқан еді.
«Сыртқы факторлардан соққы алған Қазақстан экономикасының кері кетпей, стагнациялық деңгейді сақтап, оң көрсеткіште тұрғанын» экономистер – Жарас Ахметов пен Қасымхан Қаппаров «осы жылдың басты жетістігі» деп бағалаған еді. Дегенмен, кейбір сарапшылар экономика Ұлттық қор қаражатының есебінен тұрақталып отырғанын айтқан.
- Негізі бұл өсімді қамтамасыз етіп отырған - Ұлттық қор. Өйткені қаржылық дағдарыс кезінде біз көп ақшаны алып, экономикамызға пайдаланып отырмыз. Осының есебінен өсім болды деуге болады, - дейді экономист Мақсат Халық.
Айта кетейік, Ұлттық қордан 2016 жылдың 8 айында «Бәйтерек» холдингіне — 276,5 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» қорына 97 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, осы жылы Ұлттық банк депозиттерге курс айырмашылығы бойынша 36 млрд теңге төлеп берді. Экономист Жәңгір Рахжановтың айтуынша, Ұлттық банк пен Ұлттық қордан қомақты қаржы алып экономиканы қаржыландыру елдің жағдайы мен дамуына әсер етеді. «Алайда қаржыны бұлай пайдалану 2016 жыл статитикасында көрсетілмеген, министрліктің келешектегі жоспарларында да бұл туралы айтылмайды», — дейді сарапшы. Маман бұдан не ҰЭМ-ның толыққанды экономикалық саясаты мен нақты жоспары жоқ деуге, я экономикалық жоспарлар қоғамнан жасырылады деуге болатынын айтады.
[caption id="attachment_58457" align="aligncenter" width="660"] Фото: caravan.kz[/caption]Ол нені армандады?
Жалпы ішкі өнімнің «өсімін» жыл соңына дейін 1 пайызға жеткізуге үміттеніп, жоспарын бірнеше рет баяндаған Бишімбаев Қазақстанның ең қиын кезеңі артқа қалғанын, енді өсім болатынын айтқан. Бірақ оның бұл мақсаты да біраз сынға ұшыраған. Экономист Мағбат Спанов 1 пайыз алға жылжу – өсім емесін айтып, бұл экономиканың дамымай ұзақ уақыт бойы бір орында тұрып қалуын айқындайды деп пікір білдірген.
Экс-министр 2017 жылдан бастап біраз нәрсенің өзгеретінін де бірнеше рет атап өтті. Мысалы, «жалпы ішкі өнім ең аз дегенде 2 пайызға өседі, кейін 2018-2019 жылдары 3-4 пайызға ілгерілеп отырады» деп мәлімдеген. Сондай-ақ, келер жылы 33 мың пәтер салынуы керек болған. «Жалпы ішкі өнім 2017 жылғы 48,4 трлн теңгеден 2021 жылы 63,6 трлн теңгеге дейін өседі де, халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2017 жылғы 7,5 мың АҚШ долларынан 2021 жылы 10,0 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды», - деген еді министр.
Ал жаңа министр Сүлейменовтың аталған көрсеткіштерді сол күйінде қалдырып, экс-министрдің идеяларын қаншалықты жалғастыратындығы белгісіз. Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, "Қазақстанда әрбір министр тағайындауынан кейін жаңа бағдарлама дүниеге келеді".
[caption id="attachment_58458" align="aligncenter" width="600"] Фото: caravan.kz[/caption]Ескі жүйедегі жас маман
Бишімбаев министр болып жүргенде 2025 жылға дейін дамудың жаңа стратегиясын әзірлеп, оның бірнеше бағыттары мен мақсатты көрсеткіштерін де жариялаған еді. Ол мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру есебінен экономиканы жыл сайын 3,5–4 пайызға дамытып отыруға мүмкіндік туады деп мәлімдеген.
Бірақ бағдарламаның мазмұнынан бөлек, жаңа жобаның өзі сарапшылардың сынына ұшырады. Экономист Жәңгір Рахжанов экс-министр Бишімбаевтың ескі жүйенің «бұрынғысын аяқтай алмай жатсың ба - оны ұмыт та, жаңасын жаз» деген ережесімен жұмыс істегенін айтады.
«Жаңа жоспарды жазу үшін қолда барын сараптап, мәселелерден сабақ алып, салыстыра жазу керек екенін кез келген адам біледі. Біздегі үкіметтің көп құжаттары секілді мұнда да қазіргі жоспармен ешқандай салыстыру, қандай да бір қорытынды шығару деген жоқ. Айта кетейік, қазір біздегі жоспар – «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму жоспары». Бұл жоспар 2010 жылдың 1 ақпанында – экономикамызға қатты әсер еткен 2007-2009 жылы қаржы дағдарысынан кейін қабылданған еді. Сол кезде де үкімет экономиканы реформалауға қазіргідей құлшынып отырған еді», — дейді экономист.
Айта кетейік, 28 желтоқсанда Ұлттық экономика министрі болып 38 жастағы Тимур Сүлейменов тағайындалды. Ол 2002 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мэриленд университетін іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша бітірген. Бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі болып жұмыс істеген.