Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

АҚШ-Қытай сауда соғысының қалай алдын аламыз?

АҚШ-Қытай сауда соғысының қалай алдын аламыз?

НЬЮ-ЙОРК – Трамп әкімшілігінің “АҚШ зияткерлік меншікті ұрлағаны үшін Қытайға санкция салады” деп мәлімдеуі екі ел арасындағы сауда дауын одан сайын ушықтыра түсті. Бұдан бұрын, 8 наурызда Трамп Қытайдан келетін алюминий мен болатқа тарифты өсіреміз деп мәлімдеген. Кейбіреулер бұл жағдай ғаламдық сауда жүйесіне ауыр қасірет әкеледі деп болжайды.

Бұл шаралар әзірге тек үрейлі мақалаларға арқау болып, инвесторларды үркітіп жатыр, ал жақында АҚШ конгресі қабылдаған салық заңы Америка мен Қытай арасын одан сайын ушықтыратын түрі бар. Бұл қадамның салдарына толық баға берілгенге дейін екі ел арасындағы сауда байланыстары нашарлай түсуі ықтимал. Жаңа салық заңы алдағы он жылда АҚШ үкіметіндегі дефицитті 1-2 триллион долларға дейін арттырады, жеке сектор қорын арттыру не жеке секторға инвестицияны азайту арқылы ұлттық қордағы дефициттің орнын толтыру мүмкін болмайды. Мұның сауда саласына, әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы саудаға әсері орасан. АҚШ-тағы ағымдағы шот дефициті жеке сектор мен үкіметтік қорды алып тастағандағы инвестиция екенін ескерсек, алдағы он жылда АҚШ-тағы ағымдағы шот дефициті тағы сол 2 триллион долларға артуы мүмкін. АҚШ-тың сауда балансы дефициті де өсе береді, Қытаймен арадағы екіжақты сауда дефициті жылына 50-100 миллиард долларға жетуі мүмкін. Сол кезде АҚШ саясаткерлеріне айыптыны іздеу керек болады, сонда олар бар кінәні Қытайға жабады. Сонда Трамп “Америка халқының жеңісі” деп әспеттеген жаңа салық заңы бұрынғыдан да көп сауда кикілжіңдеріне себеп болуы мүмкін. Салық заңы мен АҚШ-тың сауда дефициті арасындағы байланысты көп жұрт әлі түсіне қойған жоқ, оның әсері алдағы жылдары сезілетін болады. Шындығын айтқанда, патент және сауда маркасы заңдарын бұзу әрекеттерінің көптігіне қарағанда Трамптың Қытайда зияткерлік меншік құқығын қатаңдатуға шақыруы орынды. Қытай өз нарығына кіруге ынталы шетелдік фирмалардан жергілікті әріптестермен патенттелген технологияларды бөлісуді талап етеді. Қытай өкіметін екіжақты келіссөздер арқылы не Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында зияткерлік меншікті қаталырақ қорғауға көндіруге болады. Қытайда инновацияның артуы бұл салада оптимистік ойларға жетелейді. Бір жағынан зияткерлік меншік қатаң қорғалған жағдайда Қытай фирмалары да мұның шапағатын көрері анық. Бұрын шетелдік компаниялар инновация әкеліп, Қытай компаниялары шетелдік дизайнды көшіре салатын болған. Зияткерлік меншікті қорғау тек біржақты болды, оның игілігін тек шетелдік компаниялар көрді. Қазір олай емес. Қытайдың көп компаниялары инновациямен айналысады, әрі олардың тек Қытайда емес, АҚШ-та да патенттері бар. Tencent, DJI және Huawei сияқты Қытай компаниялары инновация жағынан АҚШ-тан еш қалыспайды, сондықтан Қытай компанияларының басшылары өз елдерінде де зияткерлік меншіктің қатаң қорғалуына мүдделі. Мемлекетаралық компанияларды технологиямен бөлісуге міндеттеуге деген қажеттілік, Қытай компанияларының зияткерлік меншікті қатаң қорғауға мүдделілігі сияқты мәселелердің арқасында АҚШ пен Қытай ортақ тіл табыса алады. Бұл - келіссөздер оңай болады денег сөз мес. Біріншіден, Қытай технология саласындағы өз саясатын ел ішіндегі жұмыс күші бағасының артуына берілген жауап деп санайды, және АҚШ-тың жоғары технологияларды Қытайға экспорттауға шек қоюына осылай қарсы тұрамыз дейді. Жалақы көлемі артқандықтан, қазір Қытайдағы еңбек күшінің бағасы Үндістан, Бангладеш және Вьетнамдағыдан жоғары. Сондықтан, техникалық тұрғыдан дамыған өндіріске көшу кезек күттірмес мәселеге айналды. Егер Қытай компаниялары АҚШ-тан жоғары технологияларды сатып ала алмаса, олар өздерінікін жасауға анағұрлым мүдделі болады. Келіссөздерге кедергі болатын (егер олар болып жатса) екінші мәселе - америкалық корпорациялардан қолдаудың азаюы. Бұрындары Boeing, Caterpillar, General Electric және Cisco сияқты компаниялар модерацияның үні болатын, олар Қытайдың үлкен нарығы мен арзан еңбек күшінің қызығын көріп келді. Бірақ қазір бизнес ландшафт танымастай өзгерді, қазір дәл осы компаниялар Қытай фирмаларын тек Қытайдың өз ішінде ғана емес, бүкіл әлемдегі өз бәсекелестері санайды. Дұрыс басқарылмаса, бұл күштер тұйық шеңбер түзеді. АҚШ Қытайға технология экспортына неғұрлым көп шек қойған сайын Қытай ішкі технологияны одан сайын дамыта береді. Есесіне, Қытай компаниялары неғұрлым жаңашыл болған сайын америкалық компаниялар соғұрлым олардың АҚШ нарығына кіруіне құлықсыз болады. Дегенмен, егер сауда шарттары дұрыс қалыптасса, онда зияткерлік меншік төңірегінде үлкен келіссөздер болуы мүмкін. Қытайдағы зияткерлік меншік құқығын күшейту - бір жақ толық жеңіп, екіншісі жеңілетін ойын емес, заңмен қорғаудан екі жақ та пайда көрері анық. Бірақ мұндағы ең түйткілді мәселе туралы әңгіме етіп жатқандар аз. Егер АҚШ-тың ұлғайып бара жатқан сауда дефицитін азайтуда АҚШ пен Қытай ортақ тіл табыса алмаса, бүгінгі үлкен мәселелердегі прогрестің ертең мүлде мәні болмай қалуы мүмкін. Қытайдағы сауда профициті мен АҚШ-тағы сауда дефициті қор мен инвестиция арасындағы теңсіздікке алып келеді. АҚШ пен Қытай қарастырып жатқан нарықтық емес “сауда емшаралары” екі ел экономикалары арасындағы теңсіздікті азайтқнымен, әлемнің басқа бөлігімен арадағы айырмашылықты одан сайын ұлғайтып жібереді. Бұдан екі елдегі және бүкіл әлемдегі тұтынушылар мен компаниялар жапа шегері анық. Автор туралы: Шан-Цзинь Вэй - Азия Даму банкінің бұрынғы Бас экономист, Колумбия университетінің қаржы және экономика профессоры.
© Project Syndicate 1995–2018

Похожие материалы