Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер, алғашқы қазақтілді бизнес-тренерлердің бірі. "Швабские колбаски” шұжық комбинатының иесі. “Асыл ағаш” (“Heaven House`) сауда маркасымен Павлодардағы жиһаз фабрикасын банкрот болып жатқан жерінен көтерген бизнесмен. 2001 жылы Қазақстан Президенті жанындағы Кәсіпкерлерлер кеңесінің мүшесі болған. “Саржайлау” қымыз шұбат өндірісі компаниясының иесі және бас директоры. Семей-тері тон тігу комбинатының негізін қалаушы. Үржар ет комбинатын банкроттықтан көтерді. "Пестициды" ЖШС тыңайтқыштар сататын компанияның акционері.
Бірнеше бизнес-жобаның негізін қалап, жүзеге асырған қазақ кәсіпкері Ахметбек Нұрсила - соңғы жылдары интернет-аудитория, әсіресе, Facebook қолданушылары үшін жақсы таныс тұлға. Қайбір кездері "Сапалы қазақ" деп жоба бастап, жақында кәсіпкерлікке қатысты тренингтер ұйымдастыруға кіріскен кәсіпкермен 7kun.kz сұхбаттасқан болатын.
- Ахметбек аға, өткен жылғы «Сапалы қазақ» жобасының жалғасы деп атап, кәсіпкерлікке үйретемін деп тренинг бастап жатыр екенсіз. Соны өткізудегі мақсатыңыз не: қазақ жастарын кәсіпкерлікке баулысам деген энтузиазм ба, әлде коммерциялық жаңа жоба ма? Энтузиаст болсаңыз, неге тек бірінші тренингі ғана тегін?
Энтузиазм да бар, коммерциялық жағы да бар. Бір жағынан, қазақтар кәсіпкерлікті білсе екен, қазіргі заманға сай бизнес жүргізсе деймін. Екінші жағынан, бұл менің коммерциялық жобам болмақ, себебі мен кәсіпкермін ғой, маған табыс әкелу керек, сондықтан тренингтер ақылы. Ақылы болғанда да қаржысы қомақты болады, себебі осы жобаның аясында мен қатысушының қолына ақша әкелетін, дайын бизнес жасап беремін дей аламын.
- Мәселен?
Мәселен, қазіргі адамдарды толғандыратын, ішкі дүниесінде қарама-қайшылық тудыратын екі нәрсе бар. Бірі қайтсем бай боламын деген ой. Екіншісі кім бай болғысы келеді деп ашық сұрасаң, мен деп суырылып шығып, алдыға шыға келуге ұмтылмау. Бай-бақуатты болуды бізде бір ұят нәрсе секілді көреді. «Е, мынау ақшаға құмар екен, есіл-дерті баю, туысын да сатып кетеді» деген түсінік бар. Бірақ, кім кедей болғысы келеді десең, үндемейді. Жоқ ондайлар.
Ал енді сол бай болудың тетігі неде? Мәселен, жалақыға істеп, байып кетуге бола ма?
- Менің ойымша, жоқ.
Болады, бірақ ол үшін өте үлкен қызметте, мысалы, топ-менеджер болу керексің. Мәселен, үлкен банк басшылары 20-30 мың доллар алады дейік. Бірақ, соның өзінде үлкен дәулет құрай алмауың мүмкін, себебі сенің жалақыңа сәйкес шығының да болады. Жүрген ортаңа сай киініп, жүріп-тұруға тиіссің, үйіңе қытай жиһазын қоя алмайсың, тойға да 50 доллар апара алмайсың, солай ғой? Сондықтан ең дұрыс, адал жол – бизнесмен болу. Бірақ, неден бастасам, қалай бастасам деген сұрақ қоғамның 90 пайызын мазалайды. Біреуде бір, тіпті бірнеше жақсы идея болуы мүмкін, бірақ қолында қаражат жоқ. Енді біреу несие алып, барын салып, бизнес бастады, бірақ сәтсіздікке ұшырып, тақырға отырды да қалды. Жобам осындай жандарға арналады, бәрінің демеймін, бірақ біразының мәселелерін шешіп бере аламын.
Немен айналысамын, қай саланы таңдаймын? Қай жерде жолым болады, қайтсем қателеспеймін? Міне, осы сұрақтарға тренингімде жауап беремін.
Жалпы, қазіргі кәсіпкерлік туралы айтқанда ғаламторға тоқталғым келеді. Интернет көзге көрінбейді ғой, бір кішкентай балалар компьютерде, телефонда бірдеңе істеп отырады, ел олар туралы ойнап отыр ма, не істеп отыр, одан да жұмыс істемей ме деп ойлайды. Қайдан білсін, олардың миллиондап ақша тауып жатқанын, біздің жұмыс істеп, маңдай термен тапқан бір жылдық табысымызды бір-ақ айда табатынын. Міне, соны игеру керек қазақ жастарына, сол мүмкіншілік болып тұр қазір, ондай үнемі бола бермейді.
- Фейсбукте осы тренинг туралы жазғанда тек қана B2C жобаларды қабылдаймын дедіңіз...
Жоқ, қазір B2B жобаларды да қабылдап жатырмын.
- Бізде қазақтілді, сапалы B2B болсын, B2C болсын, жобалар бар ма?
Айта берсең әңгіме көп қой осы жерде. Қазақ тілі дамымайды деп фейсбукта көбіне осы журналистер айтып отырады ғой. Барлығының айтатыны «сен әріпті қате жаздың», «анау жердегі бір мекемелердің аты дұрыс жазылмай қалды» деген сондай әңгімемен ғана шектеледі. Менің ойымша, олай тіл ешқашан дамымайды, ол – тышқан тірлік. Өйткені, не нәрсенің де дамуы үшін қажеттілік болуы керек. Солай ғой?
- Иә...
Мысалы үй салайық, басқа болсын, оны ешкім зорлықпен істете алмайды ғой? Қажеттілік болса, мен де сол кезде дамимын. Тіл даму үшін қажеттілік болу керек. Тілге қашан қажеттілік туады? Тіл – күнкөріс құралы. Күнкөріс сол тілде болса, қажеттілік болады. Мысалы, бір нәрсе іздеу үшін Интернетті пайдаланамыз. Ал енді сол Интернетте технология, қаржы туралы қазақша іздеп көріңізші. Нөл! Қазақша іздесеңіз, әдебиет, тарих, өлең осыны ғана таба аласыз. Ал, сізге көшірме аппаратын жөндеу керек болса немесе компьютерге кірген вирусты жою қажет болса, ақпаратты не ағылшынша, не орысша ғана табасыз. Бірде-бір өндіріс, зат сататын дүкеннің қазақтілді сайты жоқ. Осының барлығын қазақша жасауға бола ма, жоқ па, оған енді менің ақылым жетпейді. Егер бәріміз жаппай қазақша іздеп, мәселен, кірпіш сату туралы мәліметті мемлекеттік тілде қарасақ, сұраныс көбейе бастаса, адамдарға қажет болса, бизнес те сөйлей бастайды.
- Бизнес, яғни майда-шүйде, ана жерден алып, мына жерге сату емес, көлемді, ірі бизнес жобалар мен қазақ тілі екеуі бір арнаға тоғыспайды деген түсінікті кездестіріп қаламыз. Қазақша сөйлеп жүргендіктен осыны өзгертуге мүдделіміз, мәселені көтерген дұрыс деп ойлаймын. Қалай ойлайсыз, не істеу керек? Жалпы, қазақ тілі бизнеске керек пе?
Бұл енді халықтың сұрағы ғой. Мен өзім тырнағыма дейін қазақпын, кішкентайымнен таза қазақ қоғамында өскен адаммын. Алпамыс, Ер Тарғын жырларын тыңдап өстім. Кешегі Абай, Мұхтар, Шәкәрімдер мен Жүсіпбектердің өте бай жауһарларын теріп, оқып жатқанда, жылағым келеді. Абай «Самородный сары алтын, Саудасыз берсең алмайды, Саудыраған жезіне. Саудырсыз сары қамқаны, Садаға кеткір сұрайды, Самарқанның бөзіне» деп айтпақшы, қазір бөз билеген заман болды ғой. Қазақ тілінің тұрмыстық деңгейден аса алмай жатқанын көріп күйесің, бірақ өмір өз дегенін алады, жұртқа күн көру керек, тамақ ішу керек. Қай тіл қажет, қай тіл күнкөріске керек дегендей. Біздің күнкөріс тіліміз бөлек, ал технологиялардың тілін түгелдей қазақшаға аударып шығу мүмкін емес. Ол үшін халық саны 60-70 млн адам боуы керек. Мысалы, Қытайда бірде-бір компанияны жалғыз ағылшын тілімен кіргізбейді. Бәрін түгелдей қытайшаға аударады. Түріктерде де солай десе болады. Ал, біз енді мәжбүрміз.
Бірақ, адам анамды сатпаймын деген секілді, туған тілін де еркін меңгеруі қажет деген пікірдемін. Ал, күнкөріс үшін, қалың жұрттан қалмас үшін орыс тілі мен ағылшын тілін меңгеру керек. Бүкіл техника тілін, ғылым мен өндіріс тілін қазақшаға аударып шығу утопия шығар деп ойлаймын…
Мәселен, үштұғырлы тіл деген бар. Оған тіліміз айыр болып кетті ме деп жақтырмайтындар кездеседі. Бірақ, оны дұрыс түсіну керек. Мысалы, әдебиетті, мәдениетті білгің келсе, қазақ тілін оқы. Ал, техника, бизнес тілін үйренгің келсе, орыс-ағылшынды меңгер.
- Ол салаларды қазақ тілінде сөйлету...
Менің ойымша, бұған 0,1 пайыз ғана мүмкіншілік бар. Мысалы, мен кейінгі 20 жыл ішінде мың кітап оқысам, соның жиырмасы ғана қазақша болды. Қалғандарын орысша оқыдым, тағдыр солай етуге мәжбүрледі. Мен өндіріс орнын қолыма алдым. Соны дамыту үшін қазақша іздеп, ештеңе таппадым. Маркетинг, қаржы, логистика, өндіріске қажетті ғылым тек қана орыс тілінде болды. Менің білімім жетіспеді. Сондықтан, күні-түні оқыдым. Ал, менің қазақша қорым сол мектеп кезіндегі не 30 жасқа дейінгі жиған-тергенімнен тұрады. Қазір қайтадан уақыт тапқан кезде оқимын.
- Сонда қазақ тілі тек әдебиет, мәдениет не өнер секілді жерде ғана қолданылыу керек қой? Қалған жерлерде, мәселен, техникаға қазақ тілінің араласпай қойғаны дұрыс па? Мен сізді дұрыс түсініп отырмын ба?
Араласқаны жақсы болар еді. Олай болып жатса бақыт қой. Бірақ, мүмкін емес деген бар ғой. Енді бұл менің жеке басымның түсінігі. Мен түйемен, жылқымен, қымызбен көп айналыстым. Бес жылдай. Оқымаған кітабым жоқ. Қазақша ештеңе таппайсың. Қымыз туралы жалпы түсінік қана бар. Ал, бірақ енді маған керек дүние, мысалға, малға қатысты дүниелер туралы қазақша он материал тапсаң, орысша он мыңын табасың. Осы секілді дүние ғой. Оның ар жағында миллиардтаған аудармалар жатыр. Көз алдыңа елестетші, миллиардтаған материалдарды аударуың керек. Оның барлығы техникалық. Оған адам қайда? Кім аударады? Одан кейін оны кім қолданады?
Ал, енді неге қазақ тілін оқу керек дегенге келсек. Ұлтын, тілін, тарихын білмеген адамның ешкімге жаны ашымайды. Әрбір адам ұлтымды сүйейін, патриот болайын деп емес, жеке басының қамы үшін ана тілін білуі қажет. Қазақтың қамын Қытай ойламайды. Егер біздің азамат орысша, ағылшынша тәрбиеленген болса, ол шетелге барып, үй алып, сол жақта қалады. Анау Форбстың да тізімінде бар ғой, мысалы. Одан бөлек мыңдаған қазақ шетелде жүр. Әрбір қазақ өзінің ұрпағы қайыршы елде өмір сүрсін демесе, қазақ тілін үйренуі, үйретуі тиіс, жаны ашуы тиіс. Мен халық үшін, ел үшін емес, өзім, балам үшін үйретемін. Алла қаласа, немерем болады. Әр адам немересінің сау болғанын, жақсы тұрғанын қалайды. Немерем жақсы тұрсын десем, мемлекетім де жақсы тұруы керек. Басқалай мүмкін емес. Түсіндіре алдым ба сізге?
- Иә, түсініп отырмын.
Әр қазақ елім, жерім үшін деп емес, өзінің немересі үшін тырысуы керек. Ал, енді шетелге кетіп жатқан, қазақтың тілімен, дәстүрімен тәрбиеленген адамның елге қайтып келмеуі мүмкін емес. Өзге тәрбие алған адамдардың жөні бөлек. Олардың тамыры жоқ. Қазақстанда жағдай қиын болса, бала-шағасын алып кетеді де қалады. Ал мен кете алмаймын. Қанша табысты болсам да Эмираттан болсын, басқа жерден болсын, үй алмаймын, кетпеймін.
- Басқа мемлекетте жылжымайтын мүлігіңіз жоқ па?
Жоқ. Менің Қытайда қалуыма болатын еді. Керемет мемлекет. Қыс жоқ, жыл он екі ай жаз. Бизнес үшін тамаша жағдай жасалған. «Не бар елде, қал осы жерде» деп айтты маған. Бірақ елге қайтпау туралы бір мысқыл болса да ой менің басыма кіріп те шыққан жоқ. «Ит тойған жеріне» дейтіндей, ит емеспін ғой.
- Кезінде сіз бизнес жүргізіп жүрген уақытта қысым көріп, шетелде тұруға мәжбүр болдыңыз деген сөз бар. Қазір енді ол туралы айтуға болатын шығар? Толығырақ тарқатып бере аласыз ба?
Енді ескі жараның аузын тырнап керегі жоқ. Белгілі ғой, мен тіпті фейсбукқа да жарияладым. Кезінде Павлодарда менің жиһаз фабрикам болды, оған президент те келген болатын. Сол жылдары мен президенттің жанындағы Кәсіпкерлер одағына мүше етіп сайланғанмын. Оның құрамына Әбіләзов, Әбіловтар да кірген-ді. Сол кездердегі құжатқа қарасаң «член Совета предпренимателей Нурсиланов А.К.» деп тұр. Өйткені 4 жыл тоқтап тұрған үлкен фабрика банкрот болып, қирап қалғанда, мен соны алып, Қазақстандағы ең бірінші әлемдік деңгейдегі өнім шығаратын кәсіпорынға айналдырдым.
- Бұл тоқсан бесінші жылдар ма?
Жоқ, тоқсан сегіздерде алдым. Екі мыңыншы жылдары осындай дәрежеге жеткіздім. Новосибирскіге барып, Сібірдің алтын медалін біздің жиһазымыз ұтып алған болатын. Қазақ бастаған Қазақстандағы ең үздік фабрика 2 жыл бойы ол жақта гран-при алды. Сол кезде мен ана біздің жиһаздарды суретке түсіремін деп Мәскеуден арнайы фотографтар шақырып, студия жасақтауға мәжбүр болдым. Себебі, Қазақстанда оны түсіре алмады. Біздің фотографтар «Америкада сатуға лайық өнімді Қазақстаннан бірінші рет көріп отырмыз, оның халықаралық талаптарға сай каталогы болу керек. Бірақ, мебель түсіру деген өте қиын. Біздің түсіріп жүргеніміз бір пачка сигарет, мынаны түсіру үшін үлкен студия керек» деді. Ең қиыны жарық екен. Содан кейін Мәскеуден он шақты адамнан тұратын команда алдырттым. Олар келіп, 1 ай жатып, үлкен студия жасады. Әлгі...
- ...фотосессия...
Иә, фотосессия түсірді. Жақында қайтыс болған күйеубала себепші болып, сол кезде сол фабриканы тастап кетуге мәжбүр болдым. Екі жыл Қытайда тұрып келдім. Одан кейін қайта оралып, бәрін басынан бастадым, жиған-тергенімді жаңа бизнеске салдым.
- Қазіргі кәсіпкерлерге осындай қауіп бар ма? Қалай ойлайсыз?
Қазір Аллаға шүкір, жоқ шығар. Ол кезде рейдерлік деген болатын еді ғой. Қазір енді біреудің істеп отырған жұмысын тартып алыпты дейтінді естіген жоқпын. Біз істеген кезде бандиттер болды, атып кету болды, рэкеттер болды. Оның бәрін бастан өткізіп көрдім. Рахаттың істегенінің бәрін халық біледі.
- Білуімізше, бизнестеріңіздің бірі – қымыз. Осы туралы айтып бере аласыз ба?
Бизнестің оңайы да, қиыны да болады. Ал мына қымызды қиынның қиыны деуге келеді. Өте ауыр. Бұл оңай болса, баяғыда дамыр еді. Талай адамның басы тасқа соғылды. Соның бірі менмін. Шынымды айтайын, маған өте қиын. Түрлі себептері бар енді оның. Шамам келгенше істеп жатырмын. Мысалы, менің ет комбинатым, фабрикаларым болды, оның қасында мынау он есе, жүз есе қиын.
- Бірнеше компанияның құрылтайшысыз. Бірнеше бизнесті қатар алып жүру оңай емес шығар?
Артықшылығы да, кемшілігі де бар. Қазақ екі кеменің басын ұстаған суға кетеді дейді. Бір нәрсені бастап, соны жетістікке жеткізу керек дейді. Мінезімнен де бар, бір жаңа нәрсе көрсем, қызығып, соны істегім келіп, оған дейінгі айналысқан ісімнен көңілім қалыңқырап қалады. Әр нәрсенің басын шала беретінімді кемшілік деп білем. Бірақ, заман дамиды, технология дамиды, менеджмент дамиды, енді жүйесін дұрыс игере алған адамдарда он, жиырма, отыз кәсіпорыннан бар ғой. Жүйесін қоя алсаң, қаншама бизнесті игеруге болады.
- Еуразиялық одақтан мүмкіндік көріп отырсыз ба? Әлде кедергі келтіріп жатыр ма?
Пысық болсаң, жол табасың. Қазақстанның нарығы кішкентай ғой. Етің тірі, керемет дүние шығарсаң, саған жаңа нарық ашылады. Жалқау болсаң, қауіпті, әрине. Кәсіпкерлік, бәсекелестік үшін жақсы мүмкіндік деп олаймын. Білектің күші емес, білімнің күші шешеді ғой. Енді кірдік оған, кете алмайсың. Отыра бере алмайсың ғой, тіршілік жасау керек.
- Ресей нарығына кіретін ойыңыз бар ма?
Бар. Оған мүмкіндік те бар. Жалпы, тек Ресей емес, қазір дүние жүзі бойынша жұмыс істеп жатқан қазақ жігіттері жетерлік.
- Олар бағанағы біз айтқан қазақы, тамыры бар жігіттер ме?
Айта алмаймын. Бар шығар.
- Кейбір азаматтар, жалпы қоғамда мектеп бағдарламасына «қаржылық сауаттылық», «кәсіпкерлік» секілді пәндерді енгізу керек деген пікір айтып жүр. Бұған қалай қарайсыз?
Жүз пайыз қолдаймын. Өте қажет. Елбасы алдымен экономика, сосын саясат деп айтады ғой. Расында да, тәуелсіздіктің басты кілті экономикалық еркіндікте. Мемлекет, мысалы, өз ісін дұрыс жүргізе алмаса, зейнетақыны төлей алмаса, ол қалай тәуелсіз бола алады? Солай ма?
- Иә...
Сондықтан, мектеп бітірген адам өмірге дайын болып шығуы керек. Әліппесін біліп шығуы керек. Ал кәсіпкерлікті, қаржылық сауаттылықты үйренсе, ол өмірге дайын болады.
- Бағана бір сөзіңізде бізде біреу байып кетіп жатса, ол ұрлап кетті, жеп кетті деген көзқарас қалыптасқаны, жалпы байлыққа деген негатив бар екені туралы айттыңыз. Халықтың ойындағы осы пікірді қалай өзгертуге болады? Не істеу керек?
Ол пікір қай жақтан қалыптасты? Пара мен парақорлықтан. Байығаннан кейін, адал еңбекпен таппаған соң, ақшаға құныққан адамдар қайырымдылыққа жоқ келеді. Жасыратыны жоқ, бәрі біреудің ағасы, біреудің туысы, біреудің досы. Кәсіпкерлікпен айналыспаған. Кеденде, тағы бір жерлерде істеген. Аяқ астынан керемет жақсы үй алып, баласын шетелге жіберіп, көлік алады. Содан барып сондай түсінік қалыптасады. Әйтпесе, енді кеденде істейтін, не өкіметтегі адамның жалақысы белгілі ғой. Анандай үй алу, тұрмыс құруға жалғыз жалақы жетпейді. Сол халықтың ниетін бұзды. Пара беру – дерт.
Содан кейін бұрын, мысалы, мұғалімге пара беру деген, болмаса бір жерге қулықпен кіріп кету деген ұят нәрсе болатын. Қазір сен әкім болсаң, жақсы үйің, көлігің болмаса, өзіңді ақымақ санайсың. Пара алып байыған деген немесе пара беріп, тендер алып, байып кетті деген жақсы бір түсінікке айналды. Ол ешқандай ұят емес қазір. Есебін тауып, ебін тапсаң болды деген надандыққа тәрбиелейтін озбыр түсінік қалыптасып кетті, өкінішке орай. Сен жәй көлікпен жүрсең, несі министр, несі прокурор дейді. Ал, дұрыс қоғамда метромен, велосипедпен жүретін министрлер бар. Олар мен өзімнің таза жалақыма өмір сүріп жүрмін дейді. Біздегі ең қауіпті нәрсе сол.
Мен балаларым министр, қаржы полициясы, тағы сондай-сондай біреу болмаса екен деп армандаймын. Қазақ айтады ғой астың адалдығы, бастың амандығы деп. Ұрлап байысаң, ақыр аяғы дастарханға әкеліп қойған тамағың арам деген сөз. Балаларымның пара алып, пара беріп тендерге қатысқандарын қаламаймын. Бар тілейтінім, адал кәсіпкер, адал әке болса деймін. Өзім секілді кәсіпкер болса екен, өйтпеген жағдайда мықты менеджер болса…
- Жалпы, кәсіпкер мен мемлекет қаншалықты жақын болуы керек?
Кәсіпкерлерге мемлекет тиіспеуі керек. Кәсіпкерлерге жағдай жасау керек. Мысалы, Қазақстандағы ет нарығын алайық. Оған мемлекет түрлі субсидиялар арқылы көмектесе алады. Немесе кейбір сырттан келетін тауарды уақытша кіргізбей қоюы мүмкін. Мәселен, Қазақстанға көкөністің көп бөлігі Қытайдан келеді. Қытайды жауып тастайық, Қазақстандық көкөністерді қымбатырақ болса да алыңдар дей алады. Өзіміз үшін сынап көрсе болады. Кез келген мемлекеттің нарығы осындай ұстанымда ғой. Егер мемлекет осылай жасаса, кәсіпкер табысын тауып, салығын төлеуі керек болады. Басқа қандай байланыс болуы мүмкін?
- IPO шықты ғой. Соның, қалай ойлайсыз, пайдасы бар ма?
Соған басымды қатырмайын дедім, білмеймін.
- Қатысқан жоқсыз ба?
Қатысқан жоқпын.
- Қазақ жастарына, кәсібін бастаймын деген қыз-жігіттерге не айтасыз?
Қазір керемет дарынды, алдыға кетіп қалған қазақ жастарын көресің. Жасырмаймын, сол жиырма бес жасар жігіттерден барып сабақ аламын. Кәдімгідей партаға отырып, компьютерімді ашып, екі айдай сабақ оқыдым. Білмейтін нәрселерімді үйрендім. Соларды көрген кезде кеудемде керемет қуаныш орнайды. Шіркін қазақ жастарының бәрі осындай болса екен деген.
Пенде болғаннан кейін адамда қызғаныш, қорқыныш болмай тұрмайды. Соның барлығы адамға алға жылжығанға күш, стимул береді. Сондай талпынысты көреміз, бірақ тетігін білмегеннен кейін құр жанталас пен тырмысу ештеңе болмайды. Мысалы, әлдебір электр құралыңыз бұзылып жатса, қанша күшенсеңіз де, ебін білмесеңіз жөндей алмайсыз. Бәрінің тетігі білімде. Менен жүз есе ақылды, менен жүз есе мықты жігіттер бар, тек тетігін таба алмай жүр. Кәсіптің тетігін білмейді. Әйтпесе, сол бір жерін меңгерсек, көктемгі жаңа шыққан көк секілді, дүр етіп қазақ кәсіпкерлерінің бас көтеретініне сенемін өз басым.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024