Ғаламдану дәуіріндегі Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігі (курстық жұмыс)
Негізінде мемлекет саясатының негізі (ішкі болсын, сыртқы болсын) экономикамен қауіпсіздікте жатыр. Экономика елдің өмір сүру деңгейі, әлеуметтік жағдайы. Ал қауіпсіздік ол – сыртқы немесе ішкі қауіп-қатерден қорғану ахуалы болып табылады. Бұл екі мәселе бөлек қарастырсаң да көкейкестілігі, ел үшін маңызы мен қажеттілігі өте жоғары. Ал екеуін қосып қарастыратын болса, онда мемлекеттің негізгі принциптерін, міндетін қарастыру керек. Бірақ, олар ғана емес, себебі бұл мәселеге тиянақтылықпен, жан-жақты қарап араласу қажет. Экономикалық қауіпсіздік мәселесінің туындауына осы ортадағы қылмыс пен коррупцияның өсуі, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы әсер етті. Өткен жылы болған қаржыны заңдастыру мәселесі де сол экономикалық қауіпсіздіктің бір факторы болып табылады. Шет елге аққан 500 млн. Доллардың (1) экономикаға жұмсалғаны болса – бұл халық жағдайын көтеруге немесе өнеркәсіп дамытуға қосылған үлес болар еді ғой.
Ал ғаламдану мәселесіне келер болсақ, ол дүниежүзінің экономикалық технологиялық, ақпараттық т.б. салаларда интеграциялануы болып табылады. Бұл заңдылық, өмір заңдылығы. Аристотель айтпақшы: «Адам – саяси және әлеуметтік хайуан. Ол жалғыз өмір сүре алмайды. Әрдайым бірлесіп, қоғам болып өмір сүруге тырысады. Сондықтан да бұл процестер (ғаламдану) шет қалу мүмкін емес, ал оған қосылу – белгілі дәрежеде экономикалық қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді. Сондықтан да әлемдік қауымдастықпен бірге, әрі экономикалық қауіпсіздікті сақтай отырып өмір сүру жолын ойластыру қажет.
Бұл мәселені зерттеуші ғалымдар қазіргі таңда баршылық. Алайда нақ зерттеп емес, белгілі бір байланысты зерттейді. Атап айтсақ Абилова Ж.А., Құлжабаева Ж., Қинашева Ж., Спанов М.У. сияқты ғалымдар осы мәселені зерттеген.
Бұл жұмыстың жазылу мақсаты Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігінің ғаламдану дәуіріндегі тағдырының қаншалықты қауіп-қатерге ұшырайтындығын айқындап беру. Себебі, Қазақстан басқа да дамушы елдердің «шикізат базасына айналып кету қаупі туып отыр. Сондықтан да азаматтық міндетіміз – осы мәселені түсініп, зерттелуіне барынша жағдай жасау.
Бірінші бөлімде экономикалық қауіпсіздіктің мемлекет өміріндегі зор маңызы, оның қаншалықты қамтамасыз етілсе, соншалықты ұлттық қауіпсіздіктің де (әскери, саяси, ақпараттық т.б.) қамтамасыз етілу үрдісі қалыптасады. Сонымен қатар оның құрамдас бөліктері, оған төнетін қауіп-қатерлер және оны (экономикалық қауіпсіздікті) қамтамасыз ету ұсынысы жасалған.
Екінші бөлімде Қазақстан экономикалық қауіпсіздігінің ғаламдану дәуіріндегі тағдыры, оған әсер ететін Трансұлттық, Корпорациялардың еліміздегі мұнай-газ саласындағы қызметі туралы айтылған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ғаламдану дәуіріндегі ерекше орынға ие болу үшін, ол ең алдымен көршілес және өзіне тең мемлекеттермен интеграцияланып, экономикасын дамытуы қажет екендігі туралы ұсынысы айтылған.
Экономикалық қауіпсіздікті барынша зартеу осы мәселенің оң мен солын танып, оның сапалық деңгейіне өтуіне себепкер болады. Мұның өзі экономикалық қауіпсіздікке қосылған үлес болып табылады. Экономикалық қауіпсіздік: мәні мен түсінігі.
Егер, жалпы қауіпсіздік терминінің негізгі тіркеуші түсінігі – ұлттық және жеке мүдденің қорғалу ахуалы мен тұрақтылығы болса, ал экономикалық қауіпсіздік – халық өмірінің жоғаны деңгейде тұрақты дамуын қамтамасыз ететін экономика жағдайы, оның ішкі және сыртқы қауіпке төтеп беру қабілетін айтамыз (2).
Экономикалық қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бір бөлігі ретінде қамтамасыз ету қажеттіліг уақыт талабына сай жоғарылап отыр. Себебі ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатердің бірт қатары терроризммен, эксремизмммен, есірткі саудасы және қарудың заңсыз айналымымен байланысты. Ал осы кері құбылыстардың түп негізі, ең алдымен экономикалық және әлеуметтік-саяси салада жатыр. Сондықтан да ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең басты бағыты - экономикалық қауіпсіздік. Неге? Себебі, экономикалық қауіпсіздікке қатер төнетін болса, ішкі және сыртқы факторлардың негізінде экономиканы басқару жүйесінің құлдырауы ұлттық байлықтың шығындалуы, технологиялық артта қалу, адамның конституциялық құқықтарының сақталу мүмкіндігінің төмендеуі, қоғамның дезинтеграциялануы, ғылыми және әлеуметтік прогресстің бұзылуы сияқты қауіп-қатерлер пайда болады. Қарап отырсақ, бір саланың құлдырауы – қоғамның барлық дерлік ортасын қамтитын «әрсалалы құлдырауға» алып келеді.
Ұлттық қауіпсіздік, әсіресе, экономикалық қауіпсіздіктің негізгі төркіні – ұлттық мүдде. Демек, маңызы зор бұл мәселені біз тереңірек қарастыруымыз керек. Себебі ұлттық мүддесі жоқ мемлекет өзінің бейнелік ерекшеліктеріне ие болмайды, сондықтан да ол елдің халықаралық аренада өзін-өзі жоғалтып, басқа елдің мүддесіне «қызмет жасау» қаупі туады. Мінекей, осы жағдай болмау үшін, біз экономикалық қауіпсіздік мәселесін түсініп, оны құрайтын факторларды зерттеп, айқындауымыз керек. Бұл біз үшін – қажеттілік және міндет. Осы жөнінде ҚР Стратегиялық жобалау Агенттігінің төрағасы Қ.Келімбетов былай дейді: «Егер дәл қазіргі экономикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге өзіміздің стратегиялық амалдарымызды жасап алмасақ, онда келешектегі тұрақты экономикалық даму преспективалары туралы айтуымыз қисынға келмейді» (3).
Жалпы экономикалық қауіпсіздік өзінің күрделі ішкі құрылымына ие. Оның мынадай үш құрамдас бөлігін атап өтуге болады.
- Экономикалық тәуелсіздік. Бұл мәселе әр ел үшін басты болғанымен, қазіргі
әлдемдік шаруашылық жағдайында көп сақталмайды. Өйткені, осындай жағдайда (әлемдік шаруашылықтың интеграциялануы) халықаралық еңбек бөлінісі ұлттық экономикаларды өзара байланысты және белгілі дәрежеде тәуелді етеді. Ал экономикалық тәуелсіздік мемлекеттің ұлттық ресурстарды бақылау арқылы өнімнің сапасы мен тиімділігін арттыру, соның негізінде ел экономикасының әлемдік саудада, кооперациялық байланыстарда және ғылыми техникалық жетістіктермен алмасуда бәсекелестік қабілетінің артуына алып келетіні сөзсіз.,
- Ұлттық экономиканың тұрақтылығы. Бұл түсінік меншіктің барлық формада қорғалуын, кәсіпкерліктің белсенділігі үшін кепілдіктер беру және жағдай жасау, жағдайды тұрақсыздандыратын факторларды (қылмыстық құрылымдармен күресу, әлеуметтік жарылысқа апару қаупін тудыратын, табыс бөлудегі үлкен айырмашылықтарды болдырмаужәне т.б.) тежеуіл білдіреді;
- Прогресстену мен дербес даму қабілеттілігі. Дербес даму қабілеттілігі қазіргі жағдайда қажетті болып отыр. Себебі, жаңалану мен күрделі қаржы (инвестиция) үшін жағдай жасау, өндірістің үздіксіз моделизациялануы, жұмыскерлердің кәсіптік, білімдік және мәдени деңгейін жоғарылату ұлттық экономиканың тұрақтылығымен сақталуының қажетті де міндетті шартына айналды.
Жалпы, экономикалық қауіпсіздіктің сипатын айта отырып, оған төнетін қауіп-қатерді айтпасақ, онда мәселенің басы мүлдем ашылмағандығы болып табылады. Сонымен, экономикалық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіретін ішкі факторлар:
- көп салалардың технологиялық базасының артта қалуынан туындаған ұлтық шаруашылықтың бәсекелестік қабілетінің төмендігі;
- экономика монополиясының жоғары деңгейі;
- инфляцияның жоғары деңгейі;
- инфрақұрылым объектілерінің тұрақтылығы мен дамуының жеткіліксіздігі;
- шетел фирмаларының ішкі нарықта жергілікті тауар өндіруші, әсіресе тұтыну тауарларын өндіруші фирмаларды ығыстыруы;
- экономиканы басқару саласындағы жемқорлықпен қылмыстану;
- қаржының шетелге заңсыз ағымы (4).
Енді осы аталған қауіп-қатерлердің қаншалықты экономикалық қауіпсіздігімізге әсерін тигізетініне тоқталсақ. Қазіргі қалыптасқан жағдай бойынша ой өрбітетін болсақ, Қазақстанның шетелге экспорты шикізат өнімінен тұрады, ал сапалы да бәсекелестік қабілеті бар туарлар шығару деңгейі кемде-кем. Соның негізінде, біздің тек әлемдік нарығымызда шетел тауарларымен ығыстырылуда. Бұл процестің қарқынды дамуы кейін кең көлемде қаржы салса да, тұтыну аясын жоғалтқан еліміздің тауар өндірушілернің нарыққа шығуы қиынға соғады. Осы тұста айтатын ұсынысым, шағын кәсіпкерлікті дамытуды алға қою керек. Себебі, шағын кәсіпкерлік базар қатынастарын ұдайы іске қосып отыратын ортаның нақ өзі. Экономиканың өтпелі кезеңдегі шағын кәсіпкерлік, ең алдымен, базардың тауармен малығуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, кәсіпкерлік экономикада нақты белсенді, бәсекелес ортаны ғана қалыптастырып қоймайды, сонымен қатар, мемлекеттің экономикалық дамуында оның тұрақтылығының индикаторы есепті орта тапты жасақтайды. Шағын кәсіпкерліктің әлеуметтік міндетіне: халықты жұмыспен қамту, тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету, адамның өмірге нық сезіммен қарау мүмкіндігін арттыру жатады. Дамыған елдердің тәжірибесі шағын кәсіпкерлік экономиканың даму қарқынын арттыра түсетінін көрсетеді. АҚШ-та барлық жұмыс күшінің елу проценті ағын кәсіпкерлікпен шұғылданады, ішкі өнімнің отыз үш пайызын нақ сол қамтамасыз етеді. Жапонияда жұмыс күшінің сексен пайызы шағын кәсіпкерлікте жұмылдырылған, жалпы өнімнің елу бес пайыз солардың үлесіне тиеді (5).
Экономикадағы монополизм 1-ден, заттың сапасы мен әсерлігіне кері әсерін тигізеді. Бәсекелестің болмауы заттың сапасының төмендеуіне сондай-ақ тауардың уақыт талабына сай болмауы етек алады. 2-ден тауардың бірнеше қолдардан өтіп, тұтынушыға жеткенше, бағасының қаншалықты өсетінін есептей беріңіз. Демек, экономиканың монополизациялануы – халықтың сапасыз әрі қымбат тауарды тұтынуы.
Инфляция қазіргі кезде көптеген дамушы елдердің дертіне айналды. Осы жөнінде академик Сәрсенбаев Т.С. былай дейді: «Ұлттық мемлекеттілік үшін саяси тәуелділікке қарағанда, шетел қаржысынан тәуелді болу әлдеқайда қауіптірек. Мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы экономикалық саясаттың әлсіздігі және компродорлық, шетел қаржысының басымдылығы мен өз қаржысының инфляцияға ұшырауы – ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер» (6).
Иә, қауіптің басқа да түрлері бар ғой. Алайда «айта берсең қауіп көп, шығар одан жолы жоқ» демекші, мәселені түсіну үшін оның барлық қауіп-қатерлерін тізіп жаза беру шарт емес. Ол қауіп-қатерлерді атап көрсеткенше, оларды шешу жолын, заңдық негізін құруды ойластыруымыз қажет. Экономикалық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздік» туралы Заңында көрсетілген. Алайда жеке проблема ретінде ҚР Президентінің Жарлығымен 2001 жылы 7 ақпаннан Қазақстанның Экономикалық Қауіпсіздік Стратегиясы күшіне енді.
Аталмыш Стратегияның негізгі міндеті:
- шынайы және мүмкін болатын қауіпті табу;
- экономикалық қауіпсіздік және оның ұғымдарының көрсеткіштер жүйесін анықтау;
- экономикалық қауіпсіздікті реттеу;
- мүмкін болатын қауіп-қатерді болжау және алдын алу шараларын қабылдау;
- экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру (7).
Осындай негізгі принциптерге сүйене отырып, экономикалық қауіпсіздік проблемасын тиімді шешіп отыру, соның негізінде елдің экономикасының тұрақты дамуы – халықтың әлеуметтік жағдайын жоғарылатудың басты кепілі болып табылады.
Қазақстан экономикалық қауіпсіздігінің ғаламдану дәуіріндегі ерекшелігі
Бұл бөлімді менің Президент Н.Ә.Назарбаевтың мынадай сөзінен бастағым келіп отыр: «Стратегиялық міндет – ғаламдастырудың жақсы жақтарын барынша пайдаланып, оның теріс әсерлерін алдын ала білу Қазақстандық дипломатия икемді, білікті болып уақыт талаптарына, үйлесімді жауап беріп, ең бастысы, ғаламдастыру ашқан жақсы мүмкіндіктерді пайдалана білу қажет» (8).
Елбасымыздың ғаламдастырудың «жақсысын үйреніп, жаманынан жиренуді» стратегиялық міндет етіп қоюы, мәселенің шынында да байсалдылықты, біліктілікті қажет ететіндігін көрсетеді. Себебі, бұл мәселенің батыстан, яғни дамыған елдер тарпынан төркін алуы көп нәрсенің басын ашатын сияқты. Қазіргі таңда әлемнің экономикалық дамуын жетекші елдер анықтайды. Олар – «Орталық». Ал қалған «қосалқы» елдер солардың (дамыған елдердің) ізімен жүруге мәжбүр болып отыр. Әлем қазір өзара тәуелді емес, біржақты тәуелді, яғни дамушы елдердің дамыған елдерге біршама тәуелділігі (қарыздық, саудалық, технологиялық және т.б.). жетекші әлемдік алып мемлекеттер үшін ғаламдасу процесі тиімді болып отыр, себебі олар әлемдік нарықта басымдылық танытуда. Сондықтан да, әлемдік нарықтың иелері болып қалуы үшін олар дамушы елдерді шикізат, еңбек, интеллектуалдық, энергетикалық және басқа да ресурстардың базасы ретінде қалдыруға тырысады. Осыған қарай отырып, қалай біз ғаламдану дәуірінде Қазақстанның тағдырын ойламаймыз?! Қазақстанның (және басқа да дамушы елдердің) тағдыры қандай болмақ?! Ғаламдасудың біз үшін кемшілігін Н.Ә.Назарбаев «біз ғаламдастыруға бірлесіп қарсы тұра аламыз» деп аталатын Қазақстан халқына жолдауында: «Бай мемлекеттерге ғаламдастыру, басқаларын былай қойғанда, олар үшін басқа елдердің рыноктарын ашу болып табылады. Олар бұл елдерге өздерінің өнімдерін шығарады, ал әлемнің өзге мемлекеттері, іс жүзінде, солардың жұмысшылар мен инженерлерін асырап, осылайша өз өндірістерін тежейтін болады... Жер шары тұрғындарының үштен бірі ашқұрсақ тірлік кешетіні құпия емес. Тағы елу пайызы ілдалдалап күн кешуде. Демек, адамзаттың жиырма пайызы қалған сексен пайызының ресурстарын тұтынып жатқан болып шығады» (9).
Тек салыстыру үшін ғана айтатын болсақ, ең бай елдер мен ең кедей елдердің табыс айырмашылығы 1960 жылы 37 есе болса, қазіргі күні 74 есеге дейін өсіп отыр (10). Бай елдердің дамып өркендеуі – сол дамушы елдердің шикізат ресурстарында болып отыр. Сондықтан да еліміздің пайдалы қазбаларға бай болғандығынан, ғаламдану дәуірінде экономикалық интеграцияның қозғаушы ретінде, мемлекеттен гөрі ықпалы және маңызы зор Транс Ұлттық Корпорациялар тарапынан қауіп төніп отыр.
Қазіргі уақытта республикада 2000 астам бірлескен кәсіпорындар, 70 елден 430 фирма жұмыс жасайды. Олардың бірқатары жүз пайыз шетел қаржысымен келген. Бірлескен кәсіпорындардың тауар айналымы 600 млн доллар құрайды. ҚР – да мұнай компанияларының қатысуын көбейтетін АҚШ әрине, өз ұлттық мүддесінен бастау алады, соның негізінде шикізаттың балама қайнар көздеріне қол жеткізу. Нәтижесінде аймақтағы мұнай экспортын бақылауда Ресей немесе басқа мемлекетті жолдан алу.
Қазақстанда қазіргі таңда 10 мемлекеттік емес трансұлттық мұнай компаниялары жұмыс істеуде. Олар: Amoco, APCO, British Petroleum, Chevron, Elt Aquitaine, Exxon Mobil, Royal Dutch, Shell, Texaco, Total.
Ал Транс Ұлттық Корпорациялардың ҚР-ң негізінен шетел компанияларының қарауында қалған мұнай-газ химиялық кешеніндегі қызметін айтар болсақ, онда мұнай бизнесінің British Gas, Exxon Mobil Oil, Conoco, Pan Canadian, Elcon, National Iranian Oil, General electric, Chevron Oversias сияқты алып компаниялары жұмыс жасайды. Қазақстандағы саяси тұрақтылық елімізге жаңа мұнай компанияларын тартып отыр (11).
Осы компанияларды алайық. Олардың негізгі қызметі не?! Қазақстан экономикасына көмек көрсету ме?! Жоқ, бұл компаниялардың әрқайсы өз елінің ұлттық мүддесін көздейді және сол үшін қызмет жасайды. Айтып кеткендей ғаламдану дәуірінде экономиканың негізгі тіркеуші күші – осы ТҰК. Ал біздің осындай халықаралық аренада бәсекелкстік қабілеті бар ұлттық мүддені айқындайтын яғни ұлттық мүддені алға қойып жұмыс жасайтын Транс Ұлттық Корпорацияларымыз бар ма? Олай болса ғаламдану процесінде кім біздің мүддені қорғамақ.
Транс Ұлттық Корпорациялар тек пайда табуды басшылыққа алып, жергілікті өздерінің өндіріс жүргізіп отырған мемлекеттердің экономикалық саясатымен санаспауы мүмкін. Мемлекеттің реттеудің болмауының нәтижесінде ТҰК-нің қызметі инфляцияға, ақша жағдайының тұрақсыздығына алып келеді. Сонымен қатар, олардың бәсекелестікті ушықтыруынан, ең алдымен жергілікті ұлттық өндірушілер зиян шегеді. Тағы да бір айтып кететін жәйт: ТҰК-нің Қазақстандағы қызметінде қаржы табу оны сыртқа шығару жолында трансферттік бағаларды қолдану, еффшорлық компаниялар шау, жергілікті атқарушы билікті пәрелендіру сияқты әдіс тәсілдер қолданылады. Солай, 1999 жылы ҚР бюджеті ҰҒА экономикалық зерттеу институты экспорттардың бағалауы бойынша 1 млрд АҚШ долларына толмай қалған.
Біздің ішкі экономикада шетелдік ТҰК-нің қатысуы белең алып барады. Тек қана мұнай-газ саласында шетел капиталы 60 пайызды құрайды. Енді логикаға салып көрсек, шетел капиталы – жартысынан көбі, оның үстіне олардың шетел компанияларына технологиясының жоғары болуы, бәсекелестік қабілетінің жоғары деңгейі, тәжірибесінің мол болуы пайданың, негізінде кімге түсетінін анықтайды. Осы себептердің негізінде ТҰК-нің экономикадағы басты қозғаушы күшіне айналуы тек жергілікті ұлттық деңгейде ғана емес, сонымен қатар халықаралық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіретін фактор ретіндегі ролі арта түспек.
Сондықтан да Қазақстан республикасы тарапынан бәсекелестік қабілеті жоғары ұлттық компанияларды қалыптастыру мүддеден туындайтын міндет. Алайда ол компаниялар тек қана мұнай-газ секторын емес сонымен қатар химиялық, атом, машина жасау, жеңіл өнеркәсәбін және т.б. қамтуы қажет.
2-ден, еліміз өзімен тең және жақын елдермен, яғни аймақтық интеграциялануы қажет. Оны былай келістіруге болады. 1999 жыл. Қазақстанда жан басына шаққанда ЖІӨ елдері ішінде екінші жоғарғы көрсеткіш (13).
Бұл Қазақстанның ТМД елдері арасында экономикалық қуатының жоғары екендігінің дәлелі. Ал Сингапурдағы 22217, Ганконгтағы 23178 долларға қарағанда бұл өте аз көрсеткіш. Бұл салыстыру үшін берілген фактілер. Себебі, біз үішн тікелей әлемдік аренаға шығып, бай дамыған елдердің үлесінде кеткеннен гөрі жергілікті аймақтық интеграцияланып, экономикамызды күшейткеніміз тиімді. Сонымен қатар, бір аймақта ортақ проблемалар, ортақ мүдделер қалыптасқан. Соныдықтан да, аймақтық интеграциялану – ғаламдасудың кері жақтарына ортақ төтеп беру деген сөз. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, жоғарыда айтылған ой біз үшін тиімді болып табылады. Осы жөнінде Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «ТМД құрылған күннен бастап экономикалық интеграция туралы айтудан тайынбадым. Себебі мен КСРО-ның экономикасының ішкі құрылымын білдім және сол қалыптасқан байланысты үзбеу керектігін білдім. Менің бұл көздеген мақсатым: Егер тиімді экономикалық интеграция басталса, одан әрі біз саяси және әскери әріптестікке келе аламыз» (14).
Сөйтіп, сәуірде болған Минскідегі саммитте еуразиялық экономикалық кеңістіктің қалыптасуының бес жыдық бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламада шекара саясаты, инфрақұрылым, тұтас энергетикалық жүйесін жасау және ЕврАзЭс интеграциялық комитетінің болашақтағы қызметінде көрініс табатын басқа да мәселелерді бекіткен.
Ал 1999 ж. қыркүйегінде Алматыда «Еуразиялық кеңістік: интеграцияның потенциялы және оны жүзеге асыру» атты конференция болып өтті. Конференция құжаты бойынша ТМД аймағындағы интеграциялық процесті дамыту көзделген. Осы конференцияда Н.Ә.Назарбаев: «Иә, бұл жоба өзіміздің республикада да әралуан қабылданады. Біреулері – ЕАС формасында интеграциялану керек десе екіншілері – сол форманың біраз шектелген түрін қолдайды. Ал үшіншілері мүлдем басқа ой – қазір бізге интеграциялық процестер керек емес деп санайды.
Алайда мен нық сенемін – бұл идея жүзеге асады және оның баламасы жоқ, болашақ осы идеяда» (15).
Ал Түрікменстан басшысы С.Ниязовтың көзұарасы бойынша интеграциялық процес қажет, бірақ ол өте күрделі эволюциялық процес, және ол уақытты қажет етеді (16).
Интеграциялық процеске ТМД мемлекет басшылары әртүрлі көзқараста екендігін байқауға болады. Олар интеграцияның қажет екендігін мойындайды, алайда позициялары жағынан олар әртүрлі болып келеді. Оны біз жоғарыда көрсетілген сөздерден байқаймыз.
2001 ж. 6 шілдеде Астана қаласында ЕврАзЭс – ке мүше мемлекеттердің салық және кеден қызметінің басшылары бірлесіп өткізген екінші отырысы болып өтті. Отырыстың барысында Қазақстан премьер-министрі серіктес мемлекеттердің ортақ қызмет жасуы сауда қарым-қатынастарын жетілдіруде және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жеңілге түсетінін баса назар аударып айтты. Менің көптен келе жатқан дәлелдейін дегенімді премьер-министр бір-ақ сөзімен қамтығандай болды. Тек қосатыным аймақтық деңгейде интеграциялану Қазақстанның ғаламдасу дәуірінде адаспай, оның кері жақтарына төтеп бере отырып, экономикалық қауіпсіздігін нығайтуының, соның негізінде тұрақты дамуының кепілі болмақ.
Қорытынды
Сонымен, ғаламдану дәуіріндегі экономикалық қауіпсіздік – алдыңғы орынға қойылатын міндет болуы шарт. Себебі, қазіргі кезде ғаламдану сипатын, көбінесе жақсы жақтарынан береді. Ал оның қаупін байқамау – ең қауіпті қатер болып табылады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын «Біз ғаламдастыруға бірлесіп қарсы тұра аламыз» деп атауының өзі үлкен мәнге ие болады. Мұның мағынасы жалпы ғаламдануға қарсылық емес, оның кері жақтарына қарсы тұру, пайдалы жақтарын өзіне сіңіру болып табылады.
Жалпы ғаламдану заңды құбылыс болғандықтан, біз одан алшақтау емес, керісінше интеграциялық жолмен қатысуымыз керек. Себебі, экономикалық қуатқа ие болғанша ортақ мүдессі, ортақ менталитеті бар теңдес көрші мемлекеттермен болуы керек. Осы жағдайда елдің ұлттық мүддесін қорғауға болады.
ҚР сыртқы істер министрі Қ.Ж.Тоқаевтың сөзі бойынша сыртқы экономикалық байланыста, негізінде ұлттық мүдде алға қойылады (17).
«Сақтансақ сақтайды» деген ғой данагөй, өмір тәжірибесіне сүйенген қазақ атамыз сондықтан да экономикалық қауіпсіздікті негізгі басымдық деп тану – еліміздің тұрақты дамуының кепілі болмақ.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Төлеу Ж. Алыстағы ақша араша сұрайды. // Түркістан 24.05.2001.
- Абилова А.Ж. К проблеме экономической безопасности в Казахстане. // Саясат 2002 №1 (70-74 б).
- Құлжабаева Ж. Экономикалық қауіпсіздік және оны қамтамасыз ету. // Заң газеті 24.04.2002.
- Видяпин В.И., Журавлева Г.П. Теория экономической безопасности страны. Эконом теория. Учебник М, 2000 (508-517 б).
- Қинашева Ж. Қазақстан экономикасының қалыптасуындағы шағын кәсіпкерліктің ролі. // Ақиқат 2002. № 2 (57-62 б).
- Сәрсенбаев Т.С. Культура межнационального общения. А, 98. (26 б).
- Экономическая безопастность как стратегический приоритет. // Каз.правда. 27.02.01.
- Абдулпаттаев С.И. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік саясаттың негізі. // Ақиқат – 2001. №1 (25-30 б).
- Н.Ә.Назарбаев. «Біз ғаламдастыруға бірлесіп қарсы тұра аламыз». // Ақиқат – 2001. №6 (3-13 б).
- Лучший мир возможен. // Ақиқат – 2002 №5 (5-7 б).
- Сейфуллина Г. Деятельности ТНК и экономическая безопасность РК // Мысль – 2001 №1.
- Саясат. 1999 №8.
- Райхан Н. Қазақстанның әлеуметтік қауіпсіздігі. // Ақиқат 2001. №1 (30-33 б).
- Матақбаева Л. О роли политической воли субъектов интеграции. // Мысль 2002. №5 (12-17 б).
- Ретивых А. Экономическая интеграция в СНГ: проблемы и суждения. // Мысль 2002. №3 (60-64 б).
- Каз.правда 13.01. 98.
- Бакаев А., Едилова Д. Проблемы внешней безопасности Казахстана. // Мысль – 2002. №5 (7-12 б).