Наурыз мерекесін тойлау қай уақытта болса да кеш емес. М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының алдында өткізілген «Наурыз мейрамы» жарық шоуы осының дәлелі. Алматының 1000 жылдығын мерекелеу аясында қаланың Туризм және сыртқы байланыс басқармасы мен Filmation компаниясы ұйымдастырған #3DNAURYZ шоуын тамашалауға мыңдаған көрермен жиналды.
«Наурыз мейрамы» жарық шоуы - аудиовизуальды шығарма, ғимараттың қабырғасында 3D-нің көмегімен жасалды. Үш құрылымды проекция мен инсталляция қабырғалар бойына қайталанбас визуализация жасады.
Шығарманың негізі - Наурыз мейрамының шығу тарихы, Ұлы дала мен Қазақстан мәдениетінің ерекшеліктері. Қойылымның барысында авторлық қазақ этникалық музыкасы қойылып, жарық шоуына ерекше әр берді.
Шоуды көруге жиналған тұрғындардың кейбірі мерекенің болатыны туралы арнайы естіп келсе, кейбірі кездейсоқ келген.
15 сәуір - Ұлттық Ғашықтар күніне тұспа-тұс келген жарық шоуына келген қол ұстасқан жұптар да аз болған жоқ. 1000 жылдық тарихы бар Алматы осылайша өзінің "ғашықтар мекені" екенін тағы бір еске салды.
Кеш барысында тарихи этникалық топ өкілдері де шет қалған жоқ. "Қазақфильмнен" келген жігіттер арнайы көрініс қоймаса да жұртшылықтың қызығушылығын оятты.
Жарық шоуын көруге келгендер арасында бағы жанғандар да бар. Сhocolife.me арқылы тегін купон алғандар Алматы қаласының Туризм және сыртқы байланыс басқармасы ұйымдастырған ұтыс ойынына қатысып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаздар театр ғимаратында көрсетілген сандарды кездейсоқ тоқтату арқылы анықталды.
Ұтыс ойынына қатысушылар саны шектеулі болды. Осылайша, шоуға келіп велосипедке ие болған жеңімпаз - Татьяна. "Мұндай сыйлыққа ие боламын деп ойладым. Тегін купонда көрсетілген сан экранға шыққанда таң қалдым. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі", - деді ол. Ал екінші орынға тағайындалған ұялы телефон иесін алаңнан көре алмадық. Үшінші орынға берілген гарнитураны Венера есімді бойжеткен ұтып алды.
Ежелгі салт-дәстүр, әдет ғұрып суреттейтін және мифтік жанрда болған видеомэппингті (заманауи көрнекі мультимедиалық технология) қала тұрғындары көзбен көріп, көкейге түйіп қана қоймай ұялы телефонға да түсіріп үлгерді.
3D шоудан көрініс: "Қызыл жалын - күллі тіршіліктің тамызығы. Сана шамшырағы өркениетке жетелейді. Тарихтың көзі тасқа қашалған таңбада. От - түркі танымының тамыры"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024