Познавательный
Қазақстандық автонарықта ресейлік автокөліктердің үлесі азайып келеді
Маусым айындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі көлік нарығындағы ресейлік жаңа автокөліктер сатылымы мамыр айымен салыстырғанда 5,3%-ға қысқарды. Салыстыра кетсек, мамыр айында 9392 жаңа көлік сатылса, маусым айындағы көрсеткіш 8886 жаңа автокөлік сатылғанын көрсетті деп хабарлайды Қазақстан көлік бизнесі қауымдастығы.
Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, ресейлік көліктер сатылымының бұлай құлдырауы елімізде құрастырылған көліктерге деген сұраныстың артуымен және отандық көліктерді несиелеуде қарастырылған жеңілдіктер бағдарламасының іске асуымен байланысты. Мәліметтерді Қазақстан Даму Банкі мәліметтерімен салыстырсақ, 2-шілдеге дейін 11 млрд теңгенің 3521 өтініші мақұлданған. Бұл – жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының 73,7% игерілгенін білдіреді.
Жеңілдетілген несие бағдарламасын іске асыру барысында отандық автокөліктердің сатылымы 2 есеге артқан. Сәуір айындағы көрсеткішпен салыстырсақ, аталған айда отандық 1161 автокөлік сатылса, мамыр айында 2611, ал маусым айында 2427 көлік сатылған. Маусым айындағы көрсеткіш жазғы демалысқа орай сәл төмендеген.
Аталған деректер қазақстандықтардың жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына деген сұранысының кемімейтінін, керісінше күзге қарай сұраныстың едәуір артатынын көрсетеді.