Экономика
Қазақстандықтар Грекия дағдарысынан қалай пайда таба алады?
Отандық сарапшылар қазақстандықтар грекиялық дағдарыстан пайда таба алады деген пікірде. Қазіргі уақытта әсіресе арзандаған жылжымайтын мүлік сатып алған тиімді деп жазады LS.
Жылжымайтын мүлік
Грекиядағы тұрғын үй сатумен айналысатын Grekodom Development компаниясының мәліметінше, соңғы 2 жылда Грекиядағы сатылым 30%-ға арзандаған. Қазіргі уақытта ең минимал белгіде тұр.
"Қазіргі дағдарыс жағдайында Грекиядағы жылжымайтын мүлікке ақша салу тиімді. Бағасы арзандаған. Мысалы, бір шаршы метр үшін бағасы 200 еуродан басталады", - деп нақтылады Grekodom.
Компанияда атап өткендей, Грекияның жылжымайтын мүлігіне инвестиция салудан қауіп жоқ, алдағы уақытта баға көтеріліп кетуі мүмкін.
"Салоникадан 10 мың еуроға пәтер алуға болады. Алдағы уақытта мұндай обьектілер 20-30 мың еуродан кем тұрмайды. Қазақстандықтар үшін Грекиядан тұрғын үйге ие болу - жаңа бағыттардың бірі. Олар бұл елден жиі сатып алады деп айтуға болмайды. 2015 жылдан бері тек 37 адам біздің компаниямыз арқылы үй сатып алды. Қазақстан тұрғындары мұндай мүмкіндіктер туралы біле бермейді, бірақ алдағы уақытта көрсеткіш өсе түседі деген ойдамыз", - деді Grekodom мамандары.
Валюта
"Финам" қаржы сарапшысы Тимур Нығматуллин қазіргі уақытта еуроға инвестиция салу тартымды көрінеді деп есептейді. Оның сөзінше, алдағы аптада Грекия еуроаймақтан шықса, әлемдік валюталар қоржынындағы еуро нығая түседі.
Оның атап өтуінше, Грекиядағы ЖІӨ-дегі қарыз деңгейі 177 пайызды құрайды. Салыстыру үшін, Қазақстандағы ЖІӨ-дегі сыртқы қарыз көлемі 2014 жылдың қорытындысы бойынша, 36,8%-ды құрады.
"Грек үкіметі өздігінен мемлекеттік қарызды қаржыландыра алмайды. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 5,8%-ын құрайды. Елдегі жұмыссыздық көлемі еуроаймақтағы ең жоғары деңгейде - 25,6% деңгейінде. Ал соңғы жылдары экономика төрттен бірге қысқарды. Билікте ультрасолшыл көзқарастағы адамдар отырғандықтан, жақын айда жағдай жақсарады деп күтуге болмайды", - деп атап өтеді Т.Нығматуллин. Оның болжамынша, әзірге Грекия еуроаймақтан шыға қоймайды.
"Егер грекиялық банктер бұрынғыша Франкфурттегі Еуропалық орталық банктен (ЕОБ) несие ала алмаса, елдегі еуро қоры түгесіледі. Зейнетақы мен жалақы төлеу үшін үкімет төлем құралы ретінде айналымға драхманы енгізуге мәжбүр болады. Сауда балансының тапшылығына байланысты ұлттық валюта еуроға қатысты бірнеше есе құнсызданады. Девальвацияға байланысты грек активтері, жылжымайтын мүлік, облигациялар мен акция да арзандайды", - деп болжам жасады ол.
Атап өту керек, қаржы министрлігіндегі мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, Қазақстанның Грекиядағы экспорты негізінен мұнай мен мұнай өнімдерінен (2015 жылдың қаңтары мен мамыры 746,6 млн доллар) тұрады.
Еске салайық, шілденің басынан бері Грекиядағы экономикалық дағдарыс жаңа кезеңге көшті. Халықаралық валюталық қор елдің техникалық дефолты туралы жариялап үлгерді. Афинаның несие берушілер алдындағы жалпы қарызы 245 млрд еуродан асады.