АЛМАТЫ – Қарашаның ортасында Қазақстанда «Еуразияның барлық елдеріне қатысы бар күрделі мәселелерді» талқылайтын, халықаралық сарапшыларының, саясаткерлер мен медиа өкілдерінің басын қосатын жаңа тәуелсіз де бейтарап платформа - Astana Club жиыны осымен үшінші рет өтті. Бұл оқиға Қазақстанның соңғы жиырма жылдағы сыртқы саясатының көрінісі іспетті болды, десе де сол саясат дәл қазір бұрын-соңды болмаған сынақтарды бастан кешіріп жатыр.
Биылғы Astana Club-қа жоғары лауазымды тұлғалар да, түрлі тараптардың өкілдері де көп жиналды. Олардың арасында Еуропа мен АҚШ-тың, Азия мен Таяу Шығыстың ең белді зерттеу орталықтарының өкілдері, бұрынғы ел басшылар, мәселен, Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, Словенияның экс-президенті Данило Турк, бұрынғы еурокомиссар Бенита Ферреро-Валднер, Үндістан парламентінің депутаты Шаши Тарур, Ресейдің «Первый канал» телеаарнасының басшысы Константин Эрнст бар. Пікірталас белгілі британ архитекторы Норман Фостер жобасын жасаған алып та футуристік ғимарат - Назарбаев орталығында өтті. «Жұлдыздар соғысы» фильміндегі галактикалардың жиынын елестететін сахнада қатысушылар Еуразияның картасы салынған үлкен үстел айналасына жайғасып, жаңа әлемдік тәртіпті, ұлы державалар арасындағы бәсекені, санкция соғыстарын, ядролық қарудың таралуын және аймақтық интеграциялық жобаларды талқылады.
Astana Club-та көрініс тапқан бір жағынан әлемде мәртебе жинап, екінші жағынан қоғамға пайдалы болу ұмтылысы - Қазақстан сыртқы саясатының бұрыннан бар ерекшелігі. Мәселен, Қазақстан әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер конгресін өткізіп тұрады. Осы мақсатта бұл ел Фостерге және бір алып әрі футуристік ғимарат - Бейбітшілік және келісім сарайын салғызған.
Сонымен бірге, Қазақстан басшылығы өздерін ядролық қаруды таратпаудың халықаралық қозғалысының алдыңғы шебінде жүруге күш салды. Қазақстанның қайғылы оқиғалар болып жатқан Сириядан шалғайда орналасқанына қарамастан, биылғы қазанда осы ел үкіметінің және кейбір қарулы топ өкілдерінің қатысуымен Астанада Сирия дағдарысы бойынша келіссөздер өтті.
Қазақстан бұл тәсілді 1991 жылы тәуелсіздік ала сала қолдана бастады. Алдымен бұл ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық конференциясының (қазір ЕҚЫҰ деп аталады) үлгісімен Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес құруды ұсынды. Бұл Қазақстанның 1991 жылы дүниеге келе салғанда «көрген», Совет одағы тарай салысымен қарқын ала бастаған либерал әлемдік тәртіпті қолдайтынын білдіреді.
Қазақстан либерал әлемдік тәртіптің жай мүшесі болып қалыптасуға ұмтылғанжоқ.. Бұл ел тек көпжақты режимдер мен ұйымдарға кіріп қана қоймай, оларға үлгі болуға, өз үлесін қосуға күш салды.
Сондықтан да Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы болуға ұмтылып, 2010 жылы сол мақсатына қол жеткізді және 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі болу жолында өте ауыр науқан өткізіп, ақырында оны да жеңіп шықты. Қазір ол Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымындағы экономикасы дамыған елдердің қатарына қосылуға ұмтылып келеді.
Бірақ Қазақстан әсер қалдырғысы келіп отырған халықаралық қауымдастық түбегейлі өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Іргедегі ірі держава – Ресей Украинаға басып кіріп, Қырымды заңсыз аннексиялап, Шығыс Украинадағы Донбасс аймағында соғыс бастау арқылы аймақты тұрақсыздандырып жіберді.
Оның үстіне, АҚШ президенті Дональд Трамп басқарып тұрған кезде АҚШ Ресейге тосқауыл қойып, өзі құрған 1945 жылдан кейінгі либерал әлемдік тәртіпті қайта енгізе алмайтын тәрізді. Тіпті халықтың ашу-ызасының арқасында билікке келген Трамптың өзі де бұл ережеге бағынып жүрмеген сияқты.
Дәл сол сияқты Еуроодақ та ішкі саяси сын-қатерге тап болды. Соның ішінде элитаға қарсылық пен ұлтшылдықтың өршуі түрткі болған Ұлыбританияның блоктан шығуы бойынша келіссөздер мәселесі бар. Қытай әлемдік көшбасшы қатарына кіріп келеді, дүниежүзінің қалған бөлігі бұған таңқаларлық ерекше қолдау білдірді.
Мұндай тектоникалық жылжулар оны жасап отырған ірі державалар үшін үлкен қозғалыс болып көрінсе, шағын елдерді тіпті шатастырады. Біреулер Батыс гегемониясының күні біткенін қолдап жатқанымен, Қазақстан сияқты елдер үшін болжауы қиын жайттың бәрі қауіпті. Бас көтерген державалардың халықаралық адам құқықтары нормалары мен конвенцияларына онша мойынсұна бермейтіні де еш көмектеспейді, себебі олардың бұл нормаларды жүзеге асыр деп талап қоюы екіталай.
Қазақстан халықаралық ынтымақтастық, еркін сауда және ұжымдық қауіпсіздік принциптеріне қолдау бар кезде тәуелсіздік алды, және бұл ел осы принциптерді орнықтыру жолында көп еңбек етті. Аймақтағы басқа елдер сияқты Қазақстан да демократия мен адам құқықтарын сақтау жөнінен кешеуілдеп қалса да, әйтеуір бұлардан толық бас тартқан жоқ.
Әзірге Қазақстан өз соқпағымен жүруге тырысып келеді. Дегенмен, қазіргі тренд жалғаса берсе, ол өз жолынан адасып қалуы мүмкін.
Наргис Қасенова - Қазақстанның КИМЭП университетіндегі Орталық Азия зерттеулер орталығының директоры.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024