Болат Назарбаев және Қайрат Шәріпбаевпен байланысты майнингтік компаниялар өз қызметін тоқтатты
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, елде 55 майнингтік фермалар қызметін өз еркімен тоқтатты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Қаржы мониторинг агенттігі президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдармен бірлеcе майнинг фермаларының қызметіне кешенді тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 55 майнинг фермасы қызметін өз еркімен тоқтатты.
"Өз қызметтерін тоқтатқан майнингтік компаниялардың қатарында Павлодар облысында танымал кәсіпкерлер Болат Назарбаев және Александр Клебановпен үлестес фирмалар бар. Сондай-ақ, солардың арасында "QazaqGaz "ұлттық компаниясы" АҚ-ның Ақтөбе облысындағы бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев және Қарағанды облысындағы танымал бизнесмендердің бірі Ерлан Нығматуллин болды", – деді агенттіктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, 51 майнингтік фермаларының заңсыз қызметінің жолы кесілді. Олар қызметтерінің басталғаны туралы уәкілетті органға хабарламаған немесе техникалық шарттарсыз энергиямен жабдықтау көздеріне заңсыз қосылды, арнайы экономикалық аймақтардың аумағына негізсіз орналастырылды, сондай-ақ салықтар мен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарды.
Бүгінгі күні олардың барлығы электрмен жабдықтау көздерінен ажыратылған.
Майнинг жабдықтарының елге кіруі бойынша: Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия және Грузия елдерінен әкелінген болатын. Оларды әкелу контрабандалық тәсілмен жүзеге асырылды. Осындай фактілердің бірі Алматы қаласында анықталған. Онда Қытайдан 2,8 млрд теңгеге бір мыңнан астам майнингтік жабдық әкелінді.
Қаржылық мониторинг агенттігі барлығы 25 қылмыстық істі тіркеді, құны 100 млрд теңгеге жуық 67 мыңнан астам жабдық тәркіленді.
«Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан шаралар электр энергиясын тұтынудың өсуін тежеуге ғана емес, сондай-ақ энергия қуаттылығының босатылуына да ықпал етеді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде елдегі электр энергиясын тәуліктік тұтынуы 600 Мегаватт/сағатқа төмендеді.
Айта кету керек, майнинг және сандық активтердің айналымын жеткілікті реттеудің болмауы қаржы жүйесіне және азаматтардың әл-ауқатына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Крипто- ақша терроризмді қаржыландыру, қару-жарақ пен есірткі сатып алу құралы бола алады.
Осы мән-жайларды ескере отырып, құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы шеңберінде проблемалық мәселелерді заңнамалық реттеуге бағытталған жүйелі шешімдер әзірленуде», – делінген ведомства хабарламасында.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024