Тұтынушының жүрегін жаулап алу жолында компаниялар классикалық жарнамалық әдіс шеңберінен шығып, елді таң қалдыратын, көңіліне жағатын маркетингтік қадамдармен қатар, бәсекелес брендті тұқыртып, тұспалдап болсын қарсыласының кем тұсын жеткізіп қалуға тырысады.
Қазақстан Республикасында бұған жол жоқ, себебі "Бәсекелестік туралы" заң бәсекелес компанияның атын атап, кем тұсын келтіруге тыйым салады. Әйтсе де, ара-тұра жергілікті жарнама нарығы кейбір ойыншылардың күтпеген қадамын көріп, талқыға салуға себеп тауып жатады. Бір мысал ретінде жақында ғана Кселл және Теле2 операторларының қатысуымен орын алған оқиғаны келтіруге болады. Естеріңізде болса, бәсекелестеріне қарсы жарнамалық майданда батыл дүниелер жасап жүрген Теле2 Кселл баннерінің жанына апарып өздерінің төмендегідей баннерін қойып кеткен-ді. Бұл іс бойынша сот шешімі де шықты.
Жалпы, Теле2 қазақстандық кішкентай нарықтың жазылмаған заңдарына қарамай, ұялы байланыс саласында өз қызметін барынша агрессивті жүргізуімен көзге түседі. Оған дәлел ретінде компанияның төмендегі "байқамай" жасаған вирустық жарнамасын келтіруге болады.
[caption id="attachment_4422" align="aligncenter" width="896"] Yvision.kz[/caption] [caption id="attachment_4423" align="aligncenter" width="900"] Profit.kz[/caption] [caption id="attachment_4424" align="aligncenter" width="960"] Horde.me[/caption]Сондай-ақ, компания әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында бәсекелестеріне қарағанда, өздерінің ұтымды қызмет шарттарын ұсынатынын меңзеп, келесі суретерді жариялаған болатын:
Соңғы кездері, Қазақтелеком Теле2-ні сатып алады екен деген ақпарат тарады. Бұл сөз рас болып, ұялы байланыс операторы мемлекеттік компания құрамына кірсе, жарнама нарығындағы жүріс-тұрысы қалай өзгереді, оны уақыт көрсетеді.
Жарнаманы тек ұсынатын тауар, яки қызметінің жақсы жағын көрсету деп қана емес, өнер ретінде қарап, ғылым деңгейіне көтеріп тастаған елдерде үлкен-кішілі бәсекелес компаниялардың бір-бірімен текетіресіп тұруы - қалыпты іс. Coca Cola мен Pepsi, Apple мен Microsoft арасындағы маркетингтік соғыстар бізге біршама таныс. Әлемік тәжірибеден бұл бағытта көптеген мысал келтіруге болады.
Мәселен, Мәскеудегі мына бір баннерлер шайқасына назар аударып көрейік. Porsche-нің жарнамасына Jaguar көп күттірмей жауап берген екен.
Samsung пен Apple арасындағы қарым-қатынас те көпшілікке белгілі. Бұл ретте көбінесе оңтүстіккореялық компания қарсыласын ыңғайы келсе "тістеп" қалуға тырысады. Мысалы, iPhone 5-тің сатылымға шығуын Samsung Galaxy S III смартфоны төмендегідей суретпен қарсы алған болатын. "Данышпан болудың қажеті жоқ" деген слоганы бар жарнама Apple өнімінің кейбір қасиеттерін "ұмытып", тізімге қоспай кетіпті.
Ал iPhone 4 шығып, британдық кейбір танымал блогер Твиттерде телефонның байланысы дұрыс жұмыс істемейді деп шағым айтқанда, Samsung оларға сол кезде енді шыққан Galaxy S смартфонын тегін таратады. Сондай-ақ, БАҚ-та Hello сөзі байланыстың бар-жоғын көрсететін телефон белгісімен көркемделген принт пайда болады.
Оңтүстік Кореяның тағы бір компаниясы LG өз кезегінде отандас бәсекелесі Samsung-ке сонау Таймс Скверде соққы береді. "Жаңа Galaxy-ге дайын бол" деген жарнаманың стилін көшіріп алған LG "Optimus G сіздер үшін келіп қойды" деп тура бәсекелес баннердің үстіне өз вижуалдарын іледі.
Ұлыбританияда Nissan "How to beat the Germans", яғни "Немістерді қалай соғу керек" деген жарнама кампаниясын бастайды. Мағынасы мынау: Лондон көшелерін бүйіріне "Қымбатырақ, баяуырақ және Nissan 370Z секілді қуатты емес" деген жазуы бар Audi мен "Nissan 370Z секілді жылдам болғым келеді" деген жазуы бар Porsche Cayman кезген.
Ресейлік "Ведомости" газетінің төмендегі баннері туралы бұл "Коммерсантъ" басылымына арналған деген сөз бар.
2003 жылы BMW жариялаған төмендегі принт Cannes Lions жеңімпазы атанады. Суретте қуғыншы жыртқыш BMW X5, ал қашып бара жатқан Mercedes ML.
Mercedes те есесін жіберіп жатқан жоқ, оған төмендегі принт дәлел. Компанияның жүк тасығышы BMW көліктерін тиеп алған.
Көпшілігімізге белгілі Old Spice бренді актер Исаии Мустафаны жарнамасына әкеліп түсіріп, жер-жаһанға жар салып, жап-жақсы кампания жүргізеді. Біраз адам бұл жарнаманы көрген де болар:
Ал бұған жас, бірақ өжет бренд Axe-тың канадалық өкілдігі төмендегідей жауап береді. Суретте "жылқымен емес, әйелмен болғысы келетін еркектер үшін" деп жазылған.
Халықаралық тәжірибеде брендтер шайқасының мысалдары жетерлік. Бір-бірімен ашық таласып, кем тұсын ыммен жеткізіп, баннерлердің бетін соғыс алаңына айналдырып жатқандар жетерлік. Қалай болғанда да, бәсекелестік бар жерде ұтатын бір тарап бар, ол - тұтынушы.