2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгедегі депозиттердің мөлшерлемесін 14%-ға дейін шектеді. Осыдан соң мемлекеттегі екінші деңгейлі банктер де салым ставкаларын түсіре бастады. Ал бұл несие пайызының азаюына ықпал ете ме? Қаржы нарығындағы сарапшылар өздерінің пікірімен бөлісті.
Қаңтар айының басында Қазақстандағы ірі банктер ұлттық валютадағы депозит мөлшерлемесін 2−2,9%-ға азайтып, 12% деңгейінде белгіледі. Сарапшылар бұл банк жүйесінде орындалу тиіс процесс екенін айтады. DAMU Capital Management компаниясының бас директоры Мұрат Қастаевтің сөзінше, қор жүйелерінде депозиттің алатын орны ерекше.
"Депозит мөлшерлемесін азайту жалғаса береді. Депозиттерге кепілдік беру қорының мұндай шешімі кредит нарығындағы ставкаларға әсер етеді. Бірақ мөлшерлеменің төмедеуі тек тұтынушылық несиеге ықпал етуі мүмкін. Дегенмен кепілсіз қарыздардың мөлшерлемесі белгілі бір уақытқа ғана азаятын шығар. Бұл кейбір банкте жылдам жүзеге асырылса, енді бірінде баяу болады. Менің ойымша, банктер қарыз мөлшерлемесін азайту мәселесін тек 2-5 айдан кейін ғана қолға алады", - дейді сарапшы.
Сарапшының сөзінше, кредит мөлшері депозиттерге кепілдік беру қорының шешіміне байланысты ғана төмендемеуі мүмкін.
"Біздің болжауымызша, 2017 жылдың екінші тоқсанында базалық мөлшерлеме төмендейді. Бірінші тоқсанда 0,5 пайызға төмен болу мүмкін. Сәйкесінше, қаңтар-маусым айларында теңгедегі депозит мөлшерлемесі де азаяды. Салым мөлшері азайса, несие пайыздары төмендейді. Осылайша, халықтың инфляциялық және девальвациялық күдіктері азаяды. Ұлттық банктің де ақшалай саясатын жеңілдетіп, базалық мөлшерлемені төмендетеді деген болжам бар", - дейді Мұрат Қастеев.
Банктер кредит беруді арттыра ма?
Сарапшылардың сөзінше, банктердің белсенді түрде кредит бере бастауы екіталай. Себебі олар үшін кредит Ұлттық банктің ұсынатын жүйелерімен салыстырғанда тиімсіздеу.
"Банктер 14% деңгейіндегі депозиттерді қабылдай бастағанда оны тұтынушылық несие үшін жұмсап отырды. Кредиттің тиімді мөлшерлемесі 50%-ға дейін болды. Бұдан бөлек банктер депозиттен түскен қаржыны 11%-бен Ұлттық банкке орналастыра алады. Кредиттен айырмашылығы Ұлттық банкке орналастырудан болатын қауіп нөлге тең. Бұдан бөлек, банктер салықтық жеңілдіктер алады. Яғни кредит нарығында ставкалар өзгеретін болса, депозит мөлшерлемелері арқылы қаржыландырылатын әртүрлі кредиттеу секторында да өзгеріс болады деген сөз. Алайда тұтынушылық несиеге қатысты қандай да бір өзгерістің блуы екіталай", - дейді Halyk Finance-тың зерттеу департаментінің директоры Мұрат Темірханов.
Сондай-ақ, сарапшылардың сөзінше, банктерге тәуекелмен кредит бергеннен гөрі нот салымын салған тиімдірек. Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, қаржы институты ноттар арқылы өтімділікті шығарады. "Ноттар бойынша 2,8 трлн теңге жиналған. Бұл үлкен сома. Ал Ұлттық банктің өтімділікті шығару бойынша негізгі құралдары - бұл ноттар", - дейді Мұрат Темірханов.
Ал «Казкоммерц Секьюритиз» компаниясының активтерді басқару бөлімінің басшысы Айвар Байкенов ноттар бойынша кіріс инфляция деңгейі төмендеген жағдайда құлдырайды дегенді айтады.
"Қазіргі уақытта алты айдағы ноттардың орташа мөлшерлемесі 11,2%-ды құрайды. Жылдық мөлшерлеме - 10,9%. Бұл өте жақсы мөлшерлеме. Кредиттен айырмашылығы ноттағы салымдар қауіпсіз болады", - деді ол.
Сондай-ақ, сарапшылар бәсекелестік кредит мөлшерлемесін белгілеуде негізгі фактор болар еді дейді. "Қазіргі кезде банктер үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетудің еш мәнісі жоқ. Себебі бәрінің мөлшерлемелері шамамен бірдей болғандықтан бәсеке жоқ деуге болады", - дейді Мұрат Темірханов.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024