Соңғы кездегі жалпы экономикалық өсімге қарамастан, еуроаймақ әлі де әлсіз, оған тағы бір дағдарыс қаупі бар. Мұның басты себебі – ассиметриялық өсім және құлдырау кезеңдері қайталануы мүмкін.
Қарапайым тілмен айтсақ, жаймашуақ кезеңде еуроаймақ мүшелерінің барлығы табысқа кенелсе, құлдырау кезеңінде біреулері басқалардан әлдеқайда көп зардап шегеді. Демек, келесі дағдарыс басталғанда өз қауіпсіздігін ойлаған инвесторлар қаржылық тұрғыдан әлсіз елдерден қашып, экономикалық өсім тәжірибесі бар қаржылық жағынан күшті елдерге кетеді.
Экономикалық санақ кері бағытта жүргенде біз дежавю сезімін бастан кешеміз. Бір елдің жетістігі өзге бір елдің жеңілісін тудырады, бұл еуроаймақтың ішіндегі әріптестікке кесірін тигізіп, саяси қақтығыстарды көбейтеді. Бұл әр елдің ішкі саясатына кері әсерін тигізіп, бөлшектенуді қалайтын күштерді нығайта береді.
Соңғы дағдарысқа жауап ретінде жүргізілген реформалар жалпы деңгейдегі жағдайды жақсартқаны анық, бірақ ол еуроаймақтағы негізгі ассиметрия мәселесін шешкен жоқ. Бюджеттерді жоғарыдан төмен түсірілетін ереже көмегімен жақындастыру әрекеттеріне қарамастан, әр елдің негізгі ақша-несие ұстанымдары әлі де әркелкі.
Сол сияқты Еуропаның қаржы секторында соңғы жылдары жүргізілген реформалар ауқымды болғанына қарамастан, мәселені лайықты түрде шешіп бере алмады. Еуропа банктерінің одағы соңғы дағдарыс кезінде мемлекеттік қарыздар қордаланған негізгі арна – жергілікті банктердің үнін өшіріп тастады. Қаржылық бақылауды мемлекеттердің өкіметтеріне берудің орнына, Еуроодақ деңгейіне көтерді. Үкіметтің қаржылай көмегі кредиторлардың кепілдігімен алмастырылды (тек олар қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндірмеген жағдайда). Бірақ келесі дағдарыс бастала қалған жағдайда қаржылық ықпал нарықтың бастапқы реакциясын күшейтіп жібере ме деген үрейге байланысты мұның ешқайсысы үкіметтің қаржылай көмегін алмастыра алмайды.
Сонымен қатар, Еуропаның дағдарысты басқаруға бағытталған жаңа құралдарының кемшіліктері көп. Бар-жоғы 500 миллиард еуро (535 миллиард доллар) қарыз бере алатын Еуропа тұрақсыздық механизмі (ЕТМ) келесі дағдарыс кезінде онша көп мәселені шеше алмас. Еуропа орталық банкінің (ЕОБ) «тікелей ақша транзакциялары» бағдарламасы бұған балама бола алады, мұнда ЕОБ екінші нарықтардан еуроаймақ мүшелерінің облигацияларын сатып ала алады. Алайда, 2012 жылы қыркүйекте жарияланып, әлі бірде-бір рет іске асырылмаған «тікелей ақша транзакциялары» бағдарламасын саяси тұрғыда орындау қиын болмақ. Себебі ЕТМ сияқты ол да шартты нәрсе, сондықтан олар кредиторлар мен қарыз алушылардың арасындағы қақтығысты жеңілдете алмайды.
Іс жүзінде ЕОБ-ның Мемлекеттік секторда сатып алу бағдарламасы (МССБ) да Еуропадағы ассиметрия мәселесін шеше алмайды. Себебі ЕОБ ұлттық банктермен бірлесе отырып әр мемлекеттің ЕОБ-дағы капиталының үлесі бойынша ғана олардың мемлекеттік облигацияларын сатып алады, МССБ қиын жағдайда қалған елдерге басымдық бере алмайды.
Қарызы көп елдер қаржылық ынталандыру саясатын белсенді түрде жүргізуге қауқарсыз болады. Соңғы дағдарыстың шарықтаған тұсында кей елдер өтелмеген қарыздарының пайыздық мөлшерлемелерін жабуға ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін жұмсап отырды. Тіпті нарықтағы дүрбелең бітіп, МССБ пайыздық мөлшерлемелерді азайтқаннан кейін де, қарызы көп елдер өткен жылы өз ЖІӨ-лерінің 3-4 пайызын пайыздық үстемені өтеуге жұмсады. Бұлардың барлығы төлем қабілеті нашар елдер қатарына жатпайды. Алайда, олардың қарыздары – аяқтарына салынған тұсау іспетті, жаймашуақ күндері экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді, ал дағдарыс кезінде міндеттемелерді арттырады.
Әдетте тиімсіз ұлтүстілік және ұлттық фискалдық құрылымдарға балама ретінде қарызды қайта құрылымдауды ұсынады. Бұл жағдайда нарықтық бақылаудың орнын саяси бақылау алмастырады. Бірақ, кейбір елдер басқаларға қарағанда әлі де әлжуаз болғандықтан, қарызды қайта құрылымдау бағдарламасы ұсынылса, инвесторлар ол елдерден үркіп қашар еді, ал бұл оларға жақсылық жасаудың орнына жағдайды одан әрі ушықтырып жібереді.
Қысқа мерзімдік тұрғыдан қарағанда, саясаткерлер мемлекеттік қарыз мәселесін шешудің басқа жолдарын іздеп көруі керек. Қазіргі күйінде МССБ бағдарламасы ЕОБ мен ұлттық банктер сатып алған облигацияларға мөлшерлемелерді қайтаруды көздейді. Бірақ пайыздық жинақ тым аз, себебі ЕОБ әр елдің мемлекеттік қарызының белгілі бір бөлігінен артық мөлшерде сатып ала алмайды. Бұл шектеуді алып тастаса, осы құрылым кейбір елдердің қаржылық ауыртпалығын жеңілдетуге жәрдемдесер еді.
Ал ЕОБ бұрынғыдан өзге, бәлкім біраз оқшаулау рөл ойнауы керек. Еуропа комиссиясы бола ма, әлде мүлде жаңа институт бола ма, сол сияқты тәуелсіз органдар әр елде оңтайлы түрде жарату үшін қорлардың жақсы сақталуын қамтамасыз етуі керек.
Автор туралы: Бенедикта Марцинотто – Удине университетінің (Италия) саяси экономика бойынша лекторы, Брюссельдегі халықаралық экономика мәселелерін зерттеу орталығы – Bruegel-дің ғылыми қызметкері.