БЕРЛИН – Ұлыбританиядағы «Брекзитті» қолдаушылардың жеңісі, Италиядағы Маттео Рензидің референдумда жеңіліп, қызметінен кетуі, АҚШ-та Дональд Трамптың президент болып сайлануы Батыста және Еуропада билік вакуумын туғызды. Еуропа экономика және сыртқы саясат мәселелері бойынша бірлескен маңызды шешімдерді қабылдайтын тұста Франция, Ұлыбритания, Испания, Италия сияқты Еуропа одағының ірі мүшелерін ішкі жайттар көбірек толғандырып отыр. Сондықтан Германия канцлері Ангела Меркельге суырылып алға шығып, басшылық ету қажеттігі туып тұр.
Бірақ, егер Германия лидерлігін көрсеткісі келсе, онда ол байланыс пен компромисті қолай көретін Еуропалық әріптестерін қажет етеді. Германияны сынаушылар оны басқа мүше мемлекеттердің саясатқа қатысты ұсыныстарына ашық болуға шақырады, олардың мұнысы жөн. Бірақ шағымданушылардың көбі Германияны әділетсіз, тіпті кейде өзімшіл деп сипаттайды.
Мәселен, Германия үкіметін 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезінде Еуропалық ынтымақтастықтан бас тартты деп айыптады. Дегенмен, кейбір шараларды тым кеш қолға алып немесе тым үстірт шешімдер қабылдағанымен (мәселен ЕО-дан уақытша шығуды көздейдін «Грекзит» жоспары), Германия үкіметі «Еуропадағы тұрақтылық механизмі» сияқты шұғыл көмек бағдарламаларын қабылдауға, ЕО банк одағын құруға мұрындық болды. Бастысы, ең ауыр қаржылық жүкті көтеріп келе жатқан да – осы Германия.
Сондай-ақ, Германияны еуробондтарға кепілдік бермеді, трансфер одағына қарсы шықты деп те айыптады. Бірақ, бұл сыни пікірлер шын ниетпен айтылған жоқ, себебі Франция сияқты кейбір мүше мемлекеттер экономикалық саясатта егемендігінің көп бөлігінен айырылмастан, тәуекелді басқалармен бөлісуді қалайды. Германияның үкіметі мен азаматтары еуроны тұрақтандыруға септігін тигізетін терең интеграцияны, соның ішінде фискалдық одақты, басқаларға қарағанда көбірек қолдайды. Бірақ, бұған қол жеткізу үшін барлық әріптестер саясаттағы егемендік пен тәуекелді бөлісу тұрғысынан ілгері қадам жасауы керек.
Германияға қатысты айтылатын үшінші шағым – бұл ел өте қатаң фискалдық саясат жүргізу арқылы көршілерін қайыршы халге түсіру саясатын жүргізіп отыр, соның нәтижесінде ағымдағы шот профициті ЖІӨ-нің 9 пайызына жақындап қалған. Мұның қателік болғаны рас. Бірақ, бұл – ең алдымен Германияның өз проблемасы. Германияда инвестиция бойынша біраз олқылық бар, бұл ондағы өнім өндіру мен дамуға кесірін тигізіп отыр. Бірақ, дамудың баяулауы, жұмыссыздықтың артуы, бәсекенің азаюы сияқты бүкіл Еуропаны шарпыған дерттерге оның қатысы шамалы.
Германия саясаткерлері бюджет қаржысын қатаң үнемдеуге тым көп мән беріп, Еуропа Орталық банкінің монетарлық саясатын сынау арқылы жұртты шатастырды. Бірақ олардың бүкіл Еуроодақта экономикалық өсімнің кемігеніне кеюі орынды. Жалпы айтқанда, немістер – өте еуропашыл жандар, ал Германия үкіметі Еуропа үшін жұрт айтып жүргеннен әлдеқайда көп нәрсе тындырды.
Басшылықтың қателіктерін артынан анықтап, сынап-мінеу оңай. Бірақ шешім қабылдау кезінде олардың қолында болған ақпаратты саралап, өткеннің сабағын болашаққа пайдалану – әлдеқайда конструктивті әрекет болар еді. Өткенге қайырыла алсақ, Германия үкіметі ғана емес, кез келген үкімет Грекиядағы қарыз дағдарысы, фискалдық саясат, Брекзит референдумы, және басқа да мәселелер кезінде өзгеше әрекет еткен болар еді. Яғни, Германия басшылығы үшін Еуропаның басқа ірі мүшелерінің қадамдары жол көрсетер темірқазық бола алар еді. Егер Германия үкіметі француз, британ және итальян әріптестерінің соңғы жылдарда жүрген ізімен жүрсе, онда Еуропа бүгінгіден әлдеқайда жақсы болған болар ма еді?
Италия мен Грекиядағы дағдарысқа тым кеш үн қатқанымен, Меркель асқан толенранттылық, ашықтық және көрегендік танытты. Ең басты екі мәселеде – босқындар дағдарысын реттеуде және Ресей агрессиясына тойтарыс беруде ол басқа мүше мемлекеттердің көбіне қарағанда еуропалық ниеттестікті әлдеқайда көбірек паш етті.
Оның үстіне, Меркель Трамптың жеңісіне жауап беруде лидерлігін ерекше көрсетті. Оны құттықтап, тығыз қарым-қатынасқа шақырған Меркель бұл байланыстың тек «демократия, еркіндік, заң үстемдігі мен әр адамның қадір-қасиетін құрметтеу» сияқты «ортақ құндылықтарға» ғана негізделетінін шегелеп айтты. Сондай-ақ, ол - алда болатын Брекзит келіссөздері бойынша Ұлыбритания үкіметінің ең басты әрі ең жанашыр серіктесі.
Еуропаның көп басшылары Меркельдің рейтингіне қызғанышпен қарайды, және ол Батыстағы ірі мемлекеттердің арасындағы тұғыры берік, популист емес басшылардың соңғысы болуы мүмкін. Италияда 4 желтоқсанда өткен референдум - әлеуметтік араздық пен саяси экстремизмді, күшейіп бара жатқан экономикалық және саяси дағдардыстарды еңсеру жолында бірігіп әрекет етуге жұмылдыратын ұйқыашар қоңырау болған тәрізді.
Германия үкіметі өткен қателіктерінен сабақ ала отырып, Еуропаның көшбасшысы ретінде әрекетін жалғасыруы керек. Бірақ ол жалғыз қарекет ете алмайды. Еуроодақтың басқа мүшелері өз қателіктерінен назарды аударту үшін Германияны төмпештеуді қоюы қажет. Соңғы жылдары олардың шабуылдары тым өрескел, нәтижесіз болып кетті. Германия әріптестерінің үстел басына жайғасып, Еуропадағы тереңдеп бара жатқан дағдарысқа қатысты нақты шешім қабылдау үшін конструктивті диалог құрғанын қалайды.
Автор туралы: Марсель Фратцшер – Еуропа Орталық банкінің бұрынғы аға менеджері, DIW Berlin зерттеу орталығының президенті және Берлиндегі Гумбольд университетінің макроэкономика және қаржы профессоры.
Copyright: Project Syndicate, 2016. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024