Алматы. 24 желтоқсан. 7kun.kz — ҚР Үкіметінің мүшелері жаңа Экологиялық кодекс жобасын мақұлдады. Оның негізгі қағидалары туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндады.
Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының жобасы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін, сондай-ақ қазақстандық қоғам мен бизнестің пікірін ескере отырып әзірленді. Оның басты қағидасы - "ластаушы төлейді және түзетеді".
"Республиканың қоршаған ортасының жағдайын жақсарту үшін ұлттық деңгейде шаралар қажет. Сондықтан жаңа экологиялық кодекс қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін 7 негізгі қағидаттан тұрады", - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Оның ақпараты бойынша, іс-шаралар келесідей қағидаттарға сәйкес жүргізіледі:
- "Ластаушы төлейді және түзетеді»;
- Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері;
- Ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізу және ынталандырудың экономикалық шаралары;
- Экологиялық іс-шараларға эмиссия үшін төлем жіберу;
- Шығарындылардың автоматтандырылған мониторинг жүйесін құру;
- Экологиялық бақылауды күшейту;
- Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру.
"Ластаушы төлейді" қағидасын ЭЫДҰ сарапшылары алғаш рет 1972 жылы қалыптастырды. Мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеуге қарағанда қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау бойынша шаралар қолдану тиімді болатындай жағдай жасауы тиіс", - деді ол.
Екінші қағидаға сәйкес, түзетулер қоршаған ортаға әсерді бағалау процедурасын (ҚОӘБ) барлық табиғат пайдаланушылар емес, «бірінші санаттағы» ірі кәсіпорындар үшін ғана қолдануды көздейді.
"Сондықтан жаңа экологиялық кодексте мұндай талапты тек 2,6 мың "бірінші санаттағы" кәсіпорынға қатысты қолдану ұсынылады. Сонымен бірге, жұртшылық ҚОӘБ барлық кезеңдеріне қатысады », - деді министр.
"Экологиялық жағдайды барынша жақсарту үшін ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізу қажет. Ол үшін өнеркәсіптік кәсіпорындар технологиялық аудиттен өтеді. Оларға пайдалану шығарындылардың көлемін азайтуға мүмкіндік беретін технологиялар ұсынылады. Ең жақсы қолжетімді технологиялар енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін ақы төлеуден босатылады. Егер олар ең жақсы қолжетімді технологияларға өтпесе, олардың эмиссия үшін төлем ставкалары өседі. Бұл тыйым салу ғана емес, мотивациялық механизм екенін түсіну керек", - деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Еуропа елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, осы принциптің арқасында Еуропадағы ластаушы заттар шығарындылары 94% -ға азайды.
Төртінші қағидат - экологиялық іс-шараларға эмиссия үшін төлем жіберу. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдерден түскен қаражатты табиғат қорғау іс-шараларына жұмсау міндеттілігі жоқ. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғауға орта есеппен 45% ғана бөледі.
"Осыған байланысты, ілеспе заң жобасында табиғатты қорғау шараларын түсетін экологиялық төлемдер есебінен 100% көлемінде міндетті қаржыландыру қарастырылған", - деді ведомство басшысы.
Кодекс жобасында аса ірі ластаушы кәсіпорындардың қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындылары көлемінің автоматтандырылған мониторинг жүйесін құру да қарастырылған.
Тағы бір қағидат - экологиялық бақылауды күшейту – қоршаған ортаға теріс әсер ету фактілеріне жедел ден қоюға бағытталған. Әкімшілік айыппұлдарды 10 есе арттыру арқылы экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі.
Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының жобасы сондай-ақ қалдықтардың 5-сатылы иерархиясын және олармен жұмыс істеудің міндетті "кезеңділігін" енгізеді: түзілудің алдын алу/барынша азайту – қайта пайдалану, қайта өңдеу, кәдеге жарату-көму. Қалдықтарды жіктеу қауіпті емес және қауіпті қалдықтарды қамти отырып, қалдықтардың Еуропалық каталогына сәйкестендіріледі. Сонымен бірге "Waste to Energy" тетігі енгізіліп жатыр, бұл дегеніміз - кейіннен ЖЭК-ке ұқсас электр энергиясын ала отырып, қалдықтарды жағу. Бұл 2025 жылға қарай қалдықтар көлемін 30%-ға дейін қысқартуға және 180 млрд теңгеден астам сомаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024