20 мамыр күні Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Кеген ауылында аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуге 7kun.kz тілшілері арнайы барып, жұртшылықты толғандырған мәселелермен танысты.
Кеген ауданы тұрғындарының атқарушы билікке айтары көп cияқты. Былтыр тіпті Президентке хат жазып, аудан әкіміне сенімсіздік вотумын білдірген. Алматыдан шалғай жатса да ауданға қатысты дау-дамайлар БАҚ пен әлеуметтік желі бетінде дүркін-дүркін жарияланып жатады.
Кегенге түске дейін жеткен түсірілім тобы алдымен тұрғындардың пікірін тыңдады. «Бірнеше жылдар көлемінде шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселе бар, өкінішке қарай сұрақ көп, жауап жоқтың қасы» дейді жергілікті халық.
Кегендіктердің айтуынша, өзекті мәселенің бірі – аудандағы арықтар жағдайы. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асатын 4,7 шақырымдық арық жүйесі осыдан 2 жыл бұрын қолданысқа беріліп, көшелердің сәнін келтіруі керек болған. Оған бюджеттен 52 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда іс жүзінде арықтардың тек 3358 метрі ғана жасалған дейді тұрғындар. Оның өзінде, сапасы сын көтермейді... Судың жоқтығынан тұрғындар егін егуді ұмытқандықтарын айтады.
«Мына тоғанға 6-7 жылдан бері су келген жоқ. Дайын жатқан тоғанға су келмегеннен кейін бір-екі рет әкімдерге барып жолықтым, су неге келмейді деп... Әкімдер, міне, істеп жатырмыз. Көмейін жасап жатырмыз, аз күнде бітеді деген бір рет барғанда. Кейін барғанда мына тоған біткенде саламыз, анау жерін жасаймыз деді. Бопты дедік. Осыған 3 жыл болды, міне... Одан кейін қарап отырмыз, жасалуы да жақсы емес...», - дейді Кеген ауданы тұрғыны, зейнеткер Баққожа Шахарбек.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Нұрлан Үзбақыновтың айтуынша арықтың сапасы сын көтермейді.
«Анау басынан «уровень» жоқ. Ана жаққа барған кезде былай қарай кетеді де, мына жерді тартып тастаған, су өтпейді. Тоған жоқ... Мынаның астының бәрі бектіліп қалған», дейді зейнеткер.
Жасалғалы бері су көрмеген арықтардың сапасы нашар. Мәселен, ауылдың қақ ортасындағы арықтың үстінде көлденеңінен жүк контейнері тұр. Ал кейбір жері тіпті қазылмаған. Егер қазір арыққа су жіберілетін болса, тоғанның басындағы шұрық тесіктерден-ақ су ағып, ауылға жетпейтіні көрініп тұр.
Ал әкімдік өкілдерінің өздері арықтардың дұрыс жасалмағанын мойындап, жауапты мердігердің кепілдемесі бар екендігін және соны пайдалана отырып, арықтардың мамыр-маусым айларында қалпына келтірілетіндігін айтады. Әкімдік өкілі «әкімдік тарапы арықтың сапасыздығын көре тұра неге 2020 жылы арықтарды қабылдап алған?» деген сұрағымызға жауап бермеді. Тек «қайта жөндеу жұмыстарының мамыр-маусым айында аяқталады» деумен шектелді.
«Мердігерлердің кепілдемесі бар. Мердігерлер де осы ауылдың азаматтары, осылар жасап береміз деп бізге кепілдеме беріп отыр. Жұмыстар осы екі айдың ішінде толы аяқталады», дейді Кеген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің инспекторы міндетін уақытша атқарушы Манас Мұса.
Айта кетейік, ақпан айында бұл бөлімнің бұған дейінгі басшысы жемқорлық фактісі бойынша ұсталып кеткен. Оған «Кеген ауданының жолдарын жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне, сондай-ақ, объектілерді пайдалануға беру актілеріне қол қойғаны үшін мердігер ұйымның директорынан 1 000 000 теңге сомасында пара алған» деген айып тағылды.
Ал мердігер компанияның иесі кепілдеме бар екендігін, бірақ ол бойынша сотқа беру кезеңі өтіп кеткендігін айтты. Дегенмен 15 маусымға дейін арықты қалпына келтіру жұмыстарын жасап беремін деді. Алайда "лотоктарды" ауыстырмайтындығын, орнатылып қойған "лотоктардың" жарамсыздығы әу баста әкімдік адамдарына ескертілгенін айтты.
«Негізі өтіп кеткен бір жағдайларға байланысты (сотқа беру мерзімі). Былтыр істей алмадым. Биыл істеп берейін деп отырмын. Негізі жан-жағына теректерді суаруға қойылған лоток болатын. Мұндай лоток негізі болмайды деп әкімдікке басында ескертілген. Бізге берілген смета бойынша істеп отырмыз», дейді «Балдаурен-Құрылыс» ЖШС иесі Дәурен Мағауияұлы.
Аталған мәселені тұрғындар Қанат Бозымбаевпен кездесуде де көтерді. Облыс әкімі бұл жағдай бойынша тиісті тексеріс болатындығын айтты.
«Тиісті мамандарды жібересіңдер. Тексерсін, болды. Отыр», - деді облыс әкімі аудан басшыларының жауабын күтпестен.
Сондай-ақ, аудан тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе – салынып жатқан ауылдық әкімдіктің жаңа ғимараты. Тұрғындардың сөзінше, 200 млн теңгелік әкімшілік ғимараты бұрын еш жерде болмаған қисынға келмейтін тәсілмен салынып жатыр. Олардың айтуынша, бұлай жалғасса ғимарат ұзаққа шыдамай құлауы мүмкін.
«Шатыр жабылмай тұрып, құм сылағы жүріп жатыр. Өйткені ішіне бүтін емес, сынық кірпіштер қалай болса солай қаланған. Керегесі қисық-қисық. Ал төбесі толқын-толқын. Оны техбақылаушысына, аудан әкімі орынбасарына, құрылыс бөлімінің бастығына да, мына жерде жүрген прорабына көрсетіп, дәлелдедік, бұлар «болды, түсінікті кемшілктерді мойындаймыз, құлатамыз қайта түзетеміз», деген. Ол кемшілікті түзеткен жоқ. Керісінше, сыртына құмсылақ жүргізіп кетті», - дейді Кеген аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Өзекбаев.
Ал мердігер құрылыс барлық стандартқа сай жүргізіліп жатқандығын айтады.
«Бәрі жоба бойынша, заңға сай істеліп жатыр. Мемлекеттік органдар бар тексеріп жатқан, техбақылаушылар бар. Ескертулер болады, енді құрылыс болғаннан кейін. Оның бәрін түзейміз», - дейді мердігер компания директоры Самат Ахмат.
Әкімдік өкілі ғимарат бойынша қадағалау жүргізілетіндігін және мердігерге тиісті ескертулер беріліп жатқандығын айтты.
Тұрғындар жаз бастала салысымен су тапшылығы болатынын және тазармаған су ішіп отырғандықтарын айтады. «Су резервуары бар, бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ. 2019-2020 жылдары Сарытаудан су тартылғанын білеміз», дейді тұрғындар.
Ал аудан әкімдігінің өкілдері оған себеп – соңғы жылдардағы елдімекендер мен тұрғындар санының көбеюі дегенді айтады. Аталған проблеманы шешу үшін олар облыстан жобалық-сметалық құжаттама ретінде 4000 резервуар жасатуға және су ұңғымасын қаздыртуға қосымша қаражат сұрап отырғанын айтты.
Кездесу басталғанға дейін тұрғындар айтып, көрсетіп үлгерген мәселелер осындай.
Облыс әкіміне бұдан бөлек те мәселелерін айтып жатты. Мәселен, тұрғындардың бірі «Аудан бойынша 2 465 га картоп егіліп 45 726 тонна өнім алдық», - деп есеп бердіңіз. Осындай өтірікпен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғаныңызды, білесіз бе? Қашан жаңарамыз?», деп аудан әкіміне қарсы пікір айтты.
Кегендіктер облыс әкіміне аудандағы өзекті мәселе ретінде жер, жол сапасын, ауылшаруашылық, балалар лагері жоқ, деп шағымданды. Олардың кейбірін аудан әкімі бұрын айтып, бірақ орындамаған деді. Мысалы:
1. Жалпы құны 1,5 млрд теңгелік
«Park Canyon» ойын-сауық демалыс кешенінің жобасы жасалады. 2019 жылы 700 млн теңгесі игеріліп, 35 жұмыс орыны ашылады, 357 млн табыс түседі;
2. Қарқара ауылынан тұз шығару инвест жобасы басталады;
3. 2019-2020 жылы «AIKO ENERGI» ЖШС жобалық құны 3 млрд 300 мың теңге қуатылығы 20 мвт жел электр станциясын салады;
4. «Кеген Мясо Пром» ЖШС 10 тонна тәулігіне ет өндіретін жобалық құны 2,5 млрд болатын ет комбинаты салады;
5. «Слава Мұнай Сервис» Тұйық ауылынан мыс, қорғасын, барит өндіруді 2019-2020 жылы бастайды, 13,1 млрд теңге инвестиция әкеледі;
6. «СПК Талас» марал шаруашылығы 300 млн теңге болатын инвестициялық жобасы іске қосылады, деп жоспарланған.
«Төрт жыл бойы айтып жауыр болған осы жобаларыңыз қашан іске қосылады?!», деп аудан әкімінен сұрады тұрғындар.
«Ал мемлекеттен қайтарымсыз грант алған «Казмясо» да жабылудың аз-ақ алдында тұр. Сондай-ақ, қайтарымсыз мемлекетік грант алған «Meat Processing and SERVISE» Бөлексаз мал бордақылау кешені де құрдымға кетті. Шынайы ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдарға жер берілмейді. Керісінше, өзге құрылымдарға беріледі. Неге шаруа қожалықтарына жер алу қолжетімді емес?», деді аудан белсенділері.
Бұлардың ішінде баса айтылған мәселенің бірі «Қарабұлақ пионер лагерінің» ахуалы. Тұрғындардың сөзінше, лагерь Сатенов есімді азаматтан сот арқылы аудан әкімдігіне қайтарылған. Кейін әкімдік ондағы 5 гектар жерге тағы 2 гектар қостырып, «PG Solutions» ЖШС құрылтайшылары шетел азаматшасы Ольга Абдыгапова мен Константин Елисеевке берген. Осы орайда шетел азаматына жер заңсыз берілді деп есептейтін халық «Қарабұлақ пионер лагерін» ауданға қайтаруды талап етті. Ал аудан әкімі Талғат Баеділов болса есімдері аталған тұлғалар екі жылда ештеңе істемесе, жер аудан меншігіне қайтарылатынын және келісімшартта жерді қайтару жөнінде пункт қарастырылғанын мәлімдеді. Мұның бәрін мұқият тыңдаған облыс әкімі осы және өзге көтерілген мәселелер бойынша тиісті тексерулер болатынын айтты.
Сондай-ақ, «Руслан» шаруа қожалығының төрағасы Оразбай Бекбатыр «аудан әкімі Талғат Баеділов осында қызмет еткен жылдары ауданға бірде-бір пайдалы жұмыс атқарған жоқ, ешқандай инвестициялық жобасы жүзеге асқан жоқ. Сондықтан оның жұмысын қанағаттандыралықсыз деп есептейміз», деп мәселені төтесінен қойды.
Оған Қанат Бозымбаев «Рахмет, естідім», деп жауап берді. Бұл «естідімді» жиын соңында ел сан-саққа жүгіртіп, әкім облыс әкімінің орынбасары болып кетеді екен, десіп жатты.
Жиынның нүктесін «Басшыға қарсы шықпаңдар», деген ауданның экс-әкімі Аян Айтжанов қойды. Ақсақалдың аузынан «Халыққа қарсы шықпаңдар» деген сөз әлдеқайда әдемі естілер еді.
Кездесуде ауданда тумаған, тұрмағандар да сөз сөйлеп, аудан басшыларына мақтау сөздер айтты. Солардың бірі Талғат Рысқұлбеков микрофонды ала салысымен мақтауды жаудырды. Оның не үшін сөйлегенін түсінбеген күйі тілшілеріміз Алматыға аттанды.
Редакциядан:
«7kun.kz» — еркін ақпарат алаңы. Ұлт мәселесі мен қоғамда болып жатқан жайттарға үн қосып, пікір білдіруге әркім қақылы. Мақала редакция ұстанымын білдірмейді. Аудан басшылары редакциямызға жауап беруге мүдделі болса, олардың да пікірін жариялауға әзірміз.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024