Жаһанданған ХХІ ғасырдың балаларына арналған Lego Education - ой өрістің дамуына септігін тигізетін тиімді құрал. Әлем нарығында 131 сауда орны бар бренд ғылым мен техника заманына лайық жастарды қалыптастырады. Ғылымның математика, механика және техника бағытында жүргізіліп, ұшқыр оймен дәл есептеп құрастырылатын «Lego Education» жайлы мәліметке назар салыңыз.
ТарихыӘлемге ең танымал ойыншық Lego конструкторы Данияның Биллунд аймағында пайда болған. Бір қызығы Дания мемлекеті әлемге аты әйгілі балалар ертегісінің патшасы Христиан Андерсеннің туған жері. Биллунд қалашығында 1932 жылы шебер Оле Кирк Кристиансен алғаш рет ағаштан ойыншық жасап, Lego конструкторын ойлап тапты. Ойыншық авторы өз зауытында үй шаруасына қажетті үтіктеуге арналған тақта, орындық, үстел жасаған. 1934 жылы зауытқа ең үздік атау табу үшін сайыс ұйымдастырып, соңында өзі ойлап тапқан «LEg Godt» (ойнаған жақсы) атауы таңдалады. Шеберханада ағаш өнімдерінен түрлі қызықты заттар жасайтын Кристиансен кішкентай зауытын дамытып компанияға айналдырды. Өнертапқыш иесінің ұлы Готфрид шеберханада қарапайым жұмысшы болып, ағаш ойыншықтарын өндіру мен модельдеуге бар өмірін арнаған. Оле Кирк Кристиансен немересі Кильд Кирк Кристиансенді де жұмысқа алды. 1949 жылы Lego төрт және сегіз шаршы ойыншықты байланыстыратын «тетігі» арқылы автоматты түрде қосылатын «кесек» құралын жасады. 1954 жылы мұндай шаршы ойыншықтар «Lego кубиктері» деп атала бастады.
[caption id="attachment_68864" align="aligncenter" width="640"] Фото: leas.kz[/caption]Сұранысқа түскен Lego құрастырмалы ойыншықтар 1958 жылы кәсіби өндіріс орындарынан шығарылып, паттенттелді. Ойлауды дамытатын құралдарды 1960 жылы мектепте түрлі пәнді оқытуға қолданған. Кейін Lego компаниясы аймақтың білім беру мамандарымен бірігіп, 1989 жылы «LEGO Dacta» атауымен білім реформасына енді. Сол уақыттан бастап компания жыл сайын құрылысы күрделі, көп бөлшектен тұратын конструктор элементтерін жасап шығара бастады. Құрылғы шығаруда тәжірибесі молайған компания адам, көлік, жануар, үй құрылысындағы формаларды жасап шығарады. Жыл сайын сатылымға шығатын «Lego» белгісі 1998 жылы тұрақты әрі қарапайым логотип түрінде жарияланды.
Бүгінгі таңда бағдарлы инновациялық білім беретін «Lego Education» брендіне сұраныс жоғары. Ойын ойнату арқылы әрбір баланың терең ойланып, дұрыс шешім қабылдап, болашақта тұлға болып қалыптасуы үшін шабыттандыратын, жан-жақты дамытатын құрастырмалы құралдар Lego орталықтар барлық дерлік елдерде ашылған. Балабақша, мектеп және арнайы білімді дамыту орталығында білім берудің әдіс-тәсілі мен бағдарламасынан тұратын Lego Education құрастырмалы ойыншықтары қолданылады.
2011 жылы компания әлемнің маңызды 15 аймағындағы 48 000 адам қатысқан сауалнама нәтижесінде сенім артуға болатын компаниялар ішінде 5-орынды иеленген. Бренд бүгінде тек ойыншық қана емес, фильмдер, сайыстар, ойыншық элементтері бар көңіл көтеретін саябақтар салумен айналысады. Жақында ғана Лондонда ашылған әлемдегі ең үлкен Lego дүкені жыл сайын компанияның жанданып келе жатқанының көрсеткіші. Lego штатында 18,5 мың қызметкер жұмыспен қамтамасыз етілген.
Lego-ның шығарылым түрлері
LEGO әр түрлі жастағы балалар үшін құрастырғыш заттар жасап шығарғанымен, үлкендердің өзі еш ұялмастан қиялына сәйкес ойыншықтарды құрастыра алады. Тіпті, бүлдіршіндерден бастап, мектеп жасы мен ересектерге арналған робот түрлері жасалып шығарылады.
[caption id="attachment_68852" align="alignright" width="234"] Фото: RoboShop.lv[/caption]- LEGO Mindstorms бағдарламаланатын роботтарға қолданатын құрастырғыш құрылғы. Ол алғаш рет 1998 жылы көрсетілімге шықты. LEGO Mindstorms-тың тек үш түрі бар. 1998 жылы LEGO Mindstorms RCX0, 2006 жылы NXT 2.0 және 2013 жылы EV3 түрі шығарылған. Бұл роботтар орта мектепте физика, информатика, математика сабақтарында пайдаланылады. Баланың ойлау қабілеті тез даму үшін LEGO NXT Кембридждің зертханасында қолданылады.
2. LEGO Education WeDo конструкторы 7 жастан асқан баланың ой-өрісін жетілдіруге арналған құрастырғыш құрылғы. Сауда нарығына 2011 жылы шықты. Қарапайым робот механизмінің жұмыс жасау процесін үйрету үшін қолданылады.
[caption id="attachment_68853" align="aligncenter" width="300"] Фото: RoboShop.lv[/caption]3. LEGO Education Early Learning конструкторы 1,5 жасар балаларға арналған. Негізгі құрастырмалы құрылғылар «Отбасы және жанұя», «Жануарлар», «Құрылыс», «Көлік» тақырыптарын қамтыған.
[caption id="attachment_68854" align="aligncenter" width="300"] Фото: RoboShop.lv[/caption]4. Танымал серияның бірі «Lego System» деген атпен «Қала», «Сарай», «Ғарыш», «Қарақшылар», «Гарри Поттер» және «Жұлдыздар шайқасы» түрлері аса танымал. Сондай-ақ, кішкентай балалар арасында «Дупло», ал бүлдіршіндер үшін «Примо» деп аталатын сериялары үлкен сұранысқа ие. «Знэп», «Technic» түрлері роботсүйер жандарға арналған.
[caption id="attachment_68861" align="aligncenter" width="300"] Фото: wikiwand.com[/caption]Lego Education оқытудың негізгі 4 бағдарын ұстанады: «Шынайы өмірмен байланыс», «Жоба жасау», «Бірге талқылау», «Тұрақты даму». Осы бағдарлама арқылы баланың ойлау қабілетін жылдам жетілдіріп, ғылымға қызығушылығын арттырады.
Lego Education Қазақстанда
2017 жылы 22 сәуірде Алматы қаласында LEGO Education afterschool programs балаларға арналған білім беру орталығы ашылды. Ресми Lego орталығының ашылуына 300 бала қонақ болып қатысты. Біздің елімізге дейін мұндай орталық Еуропа, Жапония, Қытай, Корея, Австралия елдерінде бала қиялын тез жетілдіру, құрастыру, технология мен жаңа бағдарламаны жастай меңгеруге үйрететін мектеп ретінде ашылған. Білім берудің халықаралық Lego әдістемесі математика, тіл дамыту, әлемдік ғылым, робот техникасы, бағдарламалау жүйелерін 3-14 жас аралығындағы балаларға үйретеді. Компания жоспары бойынша орталық келесі жылы Астана қаласында да ашылмақ. «Ашық инновация» жобасының негізін салушы, Мәскеу Технология институтының түлегі Шухрат Садыровтың айтуынша, жаңа Lego Education орталығының ашылуы еліміздің қарқынды дамып, білім саласының өркендеуіне өз үлесін тигізеді. Балаларға арналған Lego жаңа әдіс-тәсілдермен үйрететін білім жүйесі. Сәуір айында Алматы қаласында бірден 2 орталық ашылған. Мұндай білім беру орталығының ашылуындағы негізгі мақсат, әсіресе, 2-4-сыныпта оқитын бала шығарма жазып, түрлі оқиғалар ойлап тауып, қиялына ерік беріп жұмыс жасағанды жақсы көргендіктен, кез келген бала психологиясымен оңай жұмыс жасаудың тиімді әдісін ұсыну. Сондықтан жаратылыстану-математика бағытында дамытатын құрал балаға ең қажетті білім берудің оңай жолы.
Сонымен қатар Lego Education ұстаздар мен оқушылар арасында түрлі сайыстар ұйымдастырып отырады. Соның бірі 2017 жылы қаңтардың 19-ы мен наурыздың 26-сы аралығында өткен халықаралық білім беру жүйесі сайысында «STEM-жыл педагогы - 2017» байқауында Қазақстан мен Ресей алдыңғы орынға шыққан. Қазақстаннан Алматы қаласындағы Н.Ә.Назарбаев зияткерлік мектебінің химия-биология бағытындағы мектебінен информатика пәнінің мұғалімі Мақпал Мұханова қатысқан. Ол LEGO MINDSTORMS Education EV3 робот құрылғысын сабаққа пайдалану әдіс-тәсілін жоба ретінде қорғап, озық әрі заманауи білім берудің үздік жүйесі Lego екендігін дәлелдеген. Сайыс жеңімпаздары 2017 жылы мамырдың 9-ы мен 11-і аралығында Lego отаны Дания мемлекеті Биллунд қаласында өтетін симпозиумға қатысады.
Lego Education құрастырғыш құралдар мен роботтың Қазақстандағы бағасы 15 000 теңгеден бастап 171 000 теңгеге дейін сатылады.