Бүгін алтын нарығында соңғы 100 жылдан бері болмаған өзгеріс болды. 1919 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан алтын бағасын белгілеу жүйесі өзгерді. Бұл туралы regnum.ru хабарлады.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде алтын бағасын белгілеу ережесі жасалған болатын. Бұл жүйе London Gold Fix деп аталған еді. Оның қызметін London Gold Market Fixing Ltd компаниясы үйлестіретін. Мұнда Лондон уақыты бойынша күніне екі рет: 10:30 (таңғы баға белгілеу) және 15:00-де (кешкі баға белгілеу) Scotia Mocatta, HSBC, Societe Generale, Barclays Capital банктері өкілдерінің қатысуымен орташа бағам белгіленетін. Бұл аталған төрт банк Лондондық бағалы металлдар нарығы қауымдастығына мүше (London Bullion Market Association) болып табылады. Әлемдік алтын нарығы осы «бестік» белгілеген баға бойынша жұмыс істейтін еді.
Бағаны белгілеу кезінде бұл компаниялардың өкілдері дилерлер арқылы әлемдік сауда компанияларымен байланысып, нарықтағы орташа бағамды анықтайды. «Бестік» арасынан таңдалған төрағалық етуші жиналған ақпарат негізінде дұрыс деп тапқан бағаны айтады. Бұл баға бойынша сатып алушылар шықса, баға өседі. Егер табылмаса, төмендейді. Алтын бағамы осылайша белгіленетін. Алайда соңғы кезде бұл жүйеге қарсы пікір айтушылар көбейіп кетті. Енді бүгін Лондондық бағам белгілеу жүйесінің орнына мүлдем жаңа жүйе келді. Бұл жүйе бойынша алтын бағасы электронды сауда негізінде белгіленеді. Барлық үдеріс ICE Халықаралық тауарлық-шикізат биржасында жүзеге асады. Сонымен қатар бағам белгілеуге енді жақын уақытта Қытай банктері де қатысуы мүмкін. Өйткені Қытай алтынды ең көп сатып алушы. Сарапшылар Қытайдың қатысуы алтын бағасының белгіленуіне үлкен өзгерістер алып келеді дейді. Алайда олар өзгерістің алтын бағамы қымбаттап немесе арзандайтыны туралы пікір білдіріп отырған жоқ. Айта кетейік, бұған дейін алтын бағасын анықтауда негізгі рөл ойнап келген Ұлыбритания алтын өндірмейді әрі аз тұтынатындар қатарында.