
ҚР Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров пен ҚХР Бас кеден басқармасының басшысы Сунь Мэйцзюнь осындай хаттамаға қол қойды.
Екі ел өкілдері құс етін импорттау және экспорттау кезінде ветеринариялық-санитариялық тексеру туралы келісімге келді.
«Аталған құжат ведомство тарапынан еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін, әсіресе, Қытай бағыты бойынша, жүйелі түрде арттыру жұмыстарының нәтижесі. ҚХР-да қазақстандық мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жоғары», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, 10,5%-ға өсті. Соның ішінде экспорт көлемі 1,05 млрд долларды құрады.
Экспорт құрылымының негізін жем-шөп, дәнді және майлы дақылдар, өсімдік майлары құрады: 2024 жылы ҚХР-ға жем экспорты 485%-ға, өсімдік майлары – 26%-ға, рапс майы – 57%-ға артты.
2025 жылғы қаңтар-наурыз аралығында АӨК өнімдерінің өзара сауда көлемі 430,5 млн долларды құрап, 45%-ға өсті. Оның ішінде экспорт көлемі 301,9 млн долларды құрады (өсім – 42%).
Ауыл шаруашылығы саудасы саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында 2024 жылғы қарашада Уақытша жұмыс тобы құрылды. Қазақстан тарапы қолданыстағы ветеринариялық және фитосанитариялық хаттамаларды өзектендіруді, қазақстандық мал шаруашылығы кәсіпорындарына инспекция жүргізуді, сондай-ақ күріш, мақта тұқымы, бақша дақылдары мен маш өнімдерін Қытай нарығына экспорттау мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.
Басты басымдықтардың бірі – дәнді дақылдар экспортының көлемін ұлғайту. Соңғы екі жылда (2023/2024) ҚХР-ға жыл сайын 1,4 млн тонна астық жөнелтілді. Ал 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы сәуірге дейінгі аралықта экспорт көлемі 27%-ға артып, 1,859 млн тоннаны құрады.
Бұған дейін 2019 жылғы келісім бойынша, 2500-ге жуық қазақстандық кәсіпорын Қытайға тауар экспорттады.