Әлемдік экономика тенденциялары мен энергетикалық энергоресурстар секторындағы ғылыми-техникалық революция мені Ресей мен Қазақстан секілді мұнай-газ мемлекеттерінің болашағына келгенде пессимистікке салынуға итермелеп отыр.
25 жыл бойы инновация деп далақтау, бюджет ақшасын бекер шашу тез арада, мұнай мен газдың ақшасы әзірге қолда бар кезде басым бағыттарымызды өзгертуге мәжбүрлейді.
Жақында Nature Climate Change журналында Канзас университетінің ғалымдары әлемнің 30 елінде жүргізген зерттеу нәтижелері жарияланды. Тәжірибе климаттың жылынуының әр кезеңінде егістік алқаптары беретін өнімнің 6%-ға кеміп отыратындығын көрсеткен. Бұл, мәселен, 2012 және 2013 жылдары түскен өнімге (701 миллион тонна) қатысты алғанда 42 миллион тонна “жердің сыйы” жоқ болып кетті деген сөз. Әлемнің алдында 9,6 миллиард адамды тамақтандыру үшін азық-түлік ресурстарын жақын арадағы 30 жыл ішінде көбейту міндеті тұрғанын ескерсек, бұл - өте қорқынышты жайт.
Осымен қатар, мәселенің тағы бір ұштығы көрінеді: дәнді дақылдардың әлемдік көлемінің төрттен бірі алдағы бірнеше онжылдықта метеорологиялық жағымсыз жағдайларға байланысты жойылуы мүмкін.
Яғни, дәнді дақылдарға деген жаһандық сұраныстың күрт артып, азық-түліктің аяқасты қымбаттауын болжау қиын емес. Оның үстіне, адамзаттың көбеюі мен алып шаһарлардың тұрғызылуы егістік алқаптарын тарылтып барады. Міне, осы себепті жерді ешкімге, мейлі жалға болсын, беруге болмайды. Мұнай бен газдың әлемдік бағасы мың құбылған заманда, азық-түліктің құны ешқашан түспейді, керісінше, ұдайы өсіп отырады. Бензин құятын бак бос болуы мүмкін, бірақ қойма қаңырап қалмайды.
Мұнай мен газға деген сұраныс күрт түсіп кетеді және балама шикізат көздері болғандықтан нарық тарылады деген қауіп-қатер азық-түлік нарығына қатысты алғанда өзекті емес. Бүкіл әлемнің көзі мұнай немесе уран өндіретін емес, кәдімгі нан жабатын елдерге түсетін болады. Нан болса, ән де болады.
Яғни, болашақ аграрлық күш-қуаты бар елдердің қолында.
Петроэкономика Агроэкономикаға орын босатады. Агроиндустрияның қайта жаңғыруы сөзсіз жүзеге асады. Және ол заманның шарты да басқаша болмақ: билік бүгінгі латифундияның қолындағы жерді алып, шын еңбек ететіндерге береді! Нан монополистері ойына не келсе, соны істеуді қояды. Әзірге ауыл адамының бәрі бірдей күн көру үшін қалаға кетіп қалған жоқ, елде қалған азаматтардың жағдайы жақсарады.
Міне, сол кезде біздің ел гүлденіп, көркеюдың даңғыл жолына түседі.
“Агропром. Армандар орындалады!” деген секілді жаңа ұрандар пайда болады.
Деніміз сау, өркениетті Қазақстанның болашағы жарқын болсын!
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024