Мен – осы күні шабуылға ұшырап жатқан Орталық Еуропа университетінің (ОЕУ) президентімін. Жаңа заңның талабы бойынша Венгрияның астанасы – Будапештте орналасқан біздің университет іс жүзінде жабылуға тиіс, бірақ біз жұмысты жалғастыру үшін күресіп жатырмыз.
ОЕУ-дың күресі бүкіл әлемдік сипат алды. 650-ден астам колледж, университет және кәсіби ұйым Венгрияның ОЕУ-ға қарсы әрекетіне қарсылық білдірді. 80 мыңға жуық адам бізді қорғап, Будапешт көшелерінде шеру өткізді. Нобель сыйлығының 22 лауреаты өз беделін ортаға салып, бізге араша түсті. Солардың бірі – Марио Варгас Ллоса 22 маусымда Будапештте өтетін академиялық бостандыққа төнген қауіп жөніндегі конференцияға қатыспақ.
Біз үкіметтің шабуылына тойтарыс беріп жатқан жалғыз университет емес екенімізді білеміз. Бүкіл Түркияда университеттерге құлып салынып, профессорларды қуып жатыр. Санкт-Петербургте бізбен бауырлас Еуропа университеті оны жабуды көздеген зұлым әрекеттерге қарсы күресіп келеді.
Бұл – университеттерге сырттан төнген қауіптің тек бір бөлігі ғана. Мұнымен қоса, дәл осындай қатер іштен де төніп тұр.
Жақында АҚШ-тың Вермонт штатындағы Миддлберри колледжінде жұрт айқайлап, консерватор автор Чарльз Мюррейді сөйлетпей тастады. Орегонда расизмге қарсы наразылық шарасына қатысудан бас тартқан профессорға қысым жасалды. Мұндайдан Еуропа да кенде емес: Берлин мен Дрезденде профессорлар консервативтік көзқарасы және әсіреоңшылдардың ұстанымын түсіндіруге тырысқаны үшін қысымға ұшырады.
Бұл істер үшін жауапты адамдар сын мен қысымның арасын ажыратып жатқан жоқ. Бірақ әсіресе антисексизм, антимилитаризм, антирасизм тілінде айтылған өзімбілермендік бәрімізді өз-өзімізді шынайы саралауға мүмкіндік бермей отыр. Бүгінде бостандыққа ең көп кесірін тигізіп жүргендер содан ең көп пайда көріп жүр.
Академиялық еркіндікке сырттан және іштен төнген қауіпті түсінудің ең оңай жолы – бұл қайшылықтардан артқа шегініс жасап, ең алғашқы принциптерге оралу. Сонымен, академиялық еркіндік дегеніміз не?
Үркердей топтың артықшылығы
Біз шындыққа тура қарауымыз керек. Университеттің дәрісханаларынан, зертханалары мен кітапханаларынан тысқары жердегі басқа жұрт академиялық еркіндікті артықшылық деп санайды, ең түйткілді нәрсе де – осы. Сонымен осы артықшылық мәселесін ашық талдайық.
Университетте жұмыс істеу бақыты бұйырған біз өзімізге қаншалық артықшылық берілгенін білеміз, бірақ мұнда бір қолайсыздық бар. Бізге, айталық, қызы не ұлы бәлкім университетке түспек түгіл орта мектепті де бітірмейтіндерден жиналған салықтың не оқу төлемінің есебінен жалақы беріледі. Біз оларға өзіміздің қажеттігімізді дәлелдеуіміз керек. Біздің қоғамға есігіміз ашық болуы тиіс. Біз өз зерттеуімізді ұғынықты тілмен жеткізуіміз қажет. Бұған қоса, біз азаматтарымыздың бізбен бірге үйрену мүмкіндігіне шектеу қоймауымыз керек. Егер артықшылықтарымыз болса (оның бар екені рас), оның қасында жауапкершілік те бар, мұны біз шын ниетпен орындауымыз қажет.
Тұрақты академиялық дәреже – ең айқын көрініп тұрған, оның үстіне басын ашып, ақтап алуды қажет ететін артықшылық. Егер көшедегі адамнан «академиялық еркіндік деген не?» деп сұрасаң, онда ол «профессордың өмір бойы істейтін қызметі бар, жұмыстан шығып қалу қаупі жоқ» деп жауап берген болар еді. Экономика тұрақсыз алмағайып заманда үркердей топтың жылы, жұмсақ жерде отыруын ақтап алу қиын.
Десе де, профессор жұмысының тұрақтылығына берілетін мұндай ерекше кепілдікті ақтайтын бір өте орынды себеп бар. Тұрақты жұмыс профессорға халыққа ұнамайтын зерттеулер жүргізіп, ұнамсыз көзқарастарды ұстану құқығын береді. Бұл – еркін баспасөз бен тәуелсіз сот жүйесі сияқты еркін қоғамның көпшілікке қарсы шығуға мүмкіндік беретін діңгектерінің бірі.
Әрине, басқа артықшылықтары сияқты академиялық қызметті де орынсыз пайдаланатындар бар: бір ғана жақсы кітап жазып, қызмет алып алған соң қалған ғұмырында интеллектуалдық «ұйқыға» кететіндер бар. Ал басқалары ілімді арттырып, адамзаттың білім қазынасын байытуға айрықша үлес қосып жүр. Құрметті қызметті бәріміздің игілігіміз үшін пайдаланып жүргендер үшін мақтанып, бұл артықшылыққа лайықты емес адамдардың профессор болуына жол бермес үшін қырағы болуымыз керек.
Профессордың тұрақты жұмысы – университет өміріндегі көпшілікке ұнамсыз жайттардың бірі ғана. Әдетте жұрт академиялық еркіндікті өзін-өзі сайлап алған эксперттердің теледидарда, радиода және әлеуметтік желіде не болса соны айта беру құқығы деп ойлайды. «Интеллектуал» деген атқа ие болып жүргендіктен, мен еріншектігімнен әлде даңққұмарлығымнан бірнеше рет нақты білімім жоқ салалар бойынша пікір білдіргенімді мойындаймын. Мұндағы менің айтпағым – өзің білетін нәрсемен ғана шектел. Болмаса, мұндай «эксперт» сараптаманың беделін түсіреді.
Профессорлар және халық
«Сараптамадан» жирену, «истеблишмент» билігінен бас тарту – популистік саясаттың басты элементі саналады. Шыншыл, құнтты әрі турашыл көпшілік тоқмейіл, қамқоршыл бірақ артта қалғандарға қарсы күресіп жатыр.
Алайда, шындығында популизм – арсыздық саясаты. Академиялық білімнің даналығы болмаса, біздің қоғамымыз жұмыс істеуден қалады. Эксперттерге шекесінен қарап-ақ сайлауда жеңген популист саясаткерлер (бұған әрқайсымыздың мысалымыз бар) билікке келген соң шамның қосқышын таба алмай сипалап, кібіртіктеп қалып жатыр. Кез келген елді лайықты басқару үшін сарапшының білімі өте маңызды болып қала береді.
Қоғам біздің тек элита ретіндегі өз артықшылықтарымызды қорғап жатқанымызды көріп тұрғандықтан, тек академиялық білімді ғана жақтап қалу жеткіліксіз. Біз шешуге тиіс басты мәселе – қоғамдық пікір бойынша академиялық еркіндік пен барлық азаматтардың еркіндігінің арасындағы байланыстың әлсіреуі. «Академиялық еркіндік – менің де еркіндігім» деп айта алатын адамдар өте аз.
Университеттерге сенетін, оларды көп кемшіліктеріне қарамастан жақсы көретін, бізге берген білімі үшін бағалайтын адамдар біздің бостандығымыз – артықшылық емес, шындық пен білім үшін қызмет ету құқығы екенін, ол құқықты өзіміз қызмет ететін қоғамнан алғанымызды мақтанышпен сезінуіміз керек. Бірақ егер университеттер тиісті демократиялық қолдауға ие бола алса, онда ғылым саласында жүрген біздер әріптестеріміз «эксперт» болып көлгірси бастағанда үнсіз бас шұлғып отырмай, сырттан болатын сынға ашық жауап беруіміз керек.
Сол сияқты біз академиялық тілді жаргондардың толық жаулап алуына жол бермеуіміз керек. Мықты деген университеттерде өткізілген көптеген семинарларға қатысқанымда шынайы өмірмен ашық байланысудың орнына өз-өздеріне сілтеме жасап, бірін-бірі қолпаштаған білгірлер тобының томаға-тұйық тілдік ойынына тап болғандай күйде болдым. Сондықтан, көбіне сыртқы әлемнің сөзінің жаны бар. Кей ғалымдар академиялық еркіндіктің атына кір келтіріп жүр.
Екінші жағынан, өзім өмір бойы құрмет тұтқан алып тұлғалы ғалымдар – Исайа Берлин, Альберт Хиршман, Дэвид Ландес және Джудит Шклар – барлығының ұғынықты жеткізетін қасиеті бар. Олардың еңбегі шындыққа және қоғамға қызмет етудің үлгісі бола алады, олар бүгін бәріміз бетпе-бет келіп отырған мәселелерді қарапайым азаматтарға түсінікті тілмен жеткізді. Бұлар – терең білімді тұлғалар, олардың академиялық еркіндікті пайдалануы бізге де қуат береді.
Будапешттегі күрес
Іштен төнген қауіп туралы жеткілікті түрде айтылды. Бұл мәселені алдымен айттым, себебі біз өзімізде бар жақсыларды қорғап, жамандарды сынай алмасақ, азаматтардың алдындағы жауапкершілігімізді орындай алмасақ, өз тәуелсіздігімізді саяси әдептің қасаң қалыбынан шығара алмасақ, академиялық еркіндік артықшылыққа ие болған бенефициарларының қолында өледі.
Бірақ сырттан төнген қауіп те осал емес. Будапештегі мәселемізді британдықтар «кішкентай ғана қиындық» деп атауы мүмкін. ОЕУ университетінің бағдарламалары аккредитациядан өтетін Нью-Йорк штатының губернаторы мен Венгрия үкіметінің арасында келіссөз жүріп жатыр. Бұл келіссөздер сәтті аяқталып, әріптестеріммен бірге мен де академиялық білім ордамыздағы қалыпты өмірге қайтып ораламыз деп үміттенемін.
Венгер үкіметімен арадағы күрес туралы қоғамдық ортада неғұрлым аз айтылса, соғұрлым жақсы. Бірақ мен бұл оқиға университеттің еркіндігі мен жалпы демократиялық еркіндіктің арасындағы қарым-қатынас бойынша маған қандай сабақ болғаны жайында толғана аламын.
Академиялық еркіндікті корпоративтік кастаның жекелеген өкілдеріне қатысты қолданғанда біз оның аумағы мен масштабын тым тарылтып жібереміз. Академиялық еркіндік дегеніміз, сондай-ақ, қауымдастықтың жалпы қоғамға қызмет ету үшін өзін өзі басқара алуы деген сөз. Біз жеке адамдардың академиялық еркіндігіне өте көп мән бердік те, оның қоғамды топтастырудағы мүмкіндіктерін ұмыт қалдырдық. Бірақ бұл мүмкіндіктердің маңызы зор: білім ордалары сыртқы күштердің ықпалынсыз өзін өзі басқару құқығын қорғай алмаса, онда олар өз ішіндегі жекелеген мүшелерінің құқықтарын да тиісті деңгейде қорғай алмайды.
Ал ОЕУ-ға келетін болсақ, «бостандық үшін шығындануға дайын болуың керек» деген қағида ақиқат болып шықты. Өз бостандығы үшін күресе алмағандар ол бостандықтан айырылады.
Бірақ біз жеке қорлардан келген ресурстардың арқасында мұны жүзеге асыра алдық. Түркия мен Ресейдің академиялық институттарында мұндай ресурстар жоқ.
Біздің қорымызды жалғыз филантроп Джордж Сорос қалыптастырды. Венгрияға бұл кісіден артық жақсылық жасаған, бірақ бұл кісідей әділетсіздік көрген адам жоқ. ОЕУ-ды Будапештте сақтап қалу жолындағы күресте Венгрия үкіметімен салыстырғанда Джордж Сорос академиялық еркіндікке ерекше құрмет көрсетті.
Жекелеген қатерлер
Тағы бір үлкен мәселе – университетке сырттан қауіп тек мемлекеттен төніп тұрған жоқ. Басшы органдарын қамқоршылары қадағалайтын академиялық институт ешқашан еркін бола алмайды. Егер университет өзін қаржылдандыратындардан толық тәуелсіз екенін дәлелдемесе, онда ОЕУ-дың Нью-Йорк штатынан және АҚШ орта штаттарының Жоғары білім жөніндегі комиссиясынан алғаны сияқты аккредитацияны ала алмайды.
Демек, ОЕУ-дың және кез келген академиялық институттың еркіндігі оның мемлекеттен және жеке мүдделерден толық тәуелсіздігі дегенді білдіреді. Бұл еркіндіктің екеуі де шектелмеуі керек. Барлық құқықтар жауапкершіліктермен шектелуі тиіс. Жеке мүдделер мәселесі бойынша университет ресурстарды тек дәріс беру және зерттеу мақсаттарына жұмсау жөнінде фидуциарлық жауапкершілік алады. Ал мемлекетпен қарым-қатынас бойынша университет, заңдарға қарсылық білдіру және өзгеше көзқарас білдіру құқығын сақтай отырып, ол заңдарға бағынуы тиіс. ОЕУ үшін күрестен ерекше түйгенім – академиялық еркіндікті қамтамасыз ету үшін қаржылық тәуелсіздік өте қажет екен. Сондықтан, үкімет қаржысына ғана тәуелді университеттер қаржы көздерін әртараптандыруы керек. Тіреуі көп болған жағдайда ғана академиялық еркіндікке кепілдік болады.
Академиялық еркіндікті қорғау үшін университеттің жалпы қоғаммен байланыс торабын әртараптандыру керек. Университеттің жеке сектормен байланысуының үлкен мүмкіндіктері де, қаупі де бар екені жасырын емес. Зерттеу үшін, біздің студенттеріміз үшін жеке компаниялармен әріптестік орнату өте маңызды. Біз бірлесе білім беріп, патенттен алған табысты бөлісіп, студенттерді олардың болашақ қызметкері болуға баулимыз.
Бірақ жеке сектормен арадағы әрбір келісім-шарт біздің зерттеу бағдарламаларымыздың, оқу жоспарларымыздың және жұмысқа тағайындау критерийлеріміздің жымдасқан бірлігін қамтамасыз етуі тиіс. Университет дегеніміз – бизнес емес, біз мақсаттары коммерциялық мекемелердікінен бөлек, өзімізді өзіміз басқаратын, табыс таппайтын институтпыз. Екі тарап та бұл ара-қатынастың ережелерін түсінсек, бірлесе қалыптастырған білімнің нәрінен бірге сусындай аламыз.
Авторитарлық биліктің нысанасы
Негізінде академиялық еркіндік демократиялық институттардың сапасына тәуелді. Демократия әлсіз болса, көпшілікке жағымды популистер теңеу және теңгеру жүйесін бүлдіріп, сөз бостандығы мен сот еркіндігін шектесе, университеттер бұдан ерекше зардап шегеді. Венгрияда осылай болды.
Аман қалу үшін университеттер өздерін қорғайтын демократиялық институттарды нығайтуға бар күшін салуы керек, сондай-ақ олар өздері қызмет ететін қоғаммен әріптесе жұмыс істеуге талпынуы тиіс. Олардың бостандығының басты кепілі – осы.
Жалпы алғанда, демократия – оның механизмінен жоғары тұратын ұғым. Көпшіліктің шешім қабылдауы, азшылықтықтың құқықтары, тежеу және теңгеру, тәуелсіз сот, еркін баспасөз сияқты оның барлық институттары өзін-өзі басқару, қауымдастықтардың өз мақсаттарын өзі айқындауы, келісе отырып ереже қабылдау, мүшелерді қорғау міндеттемелері сияқты идеалдардың негізінде жүзеге асады.
Бұл идеал ең алдымен Еуропадағы ортағасырлық университеттер – Болоньяда, Саламанкада, Оксфорд пен Кембриджде, Сорбоннада, содан соң модерн дәуірінің басында Шығыс Еуропаның таңдаулы университеттері – Прагадағы Чарльз университетінде, Краковтағы Ягеллон университетінде, Будапешттегі ЭтвешЛоранд университетінде орнықты. Ғасырлар бұрын құрылған бұл университеттер – демократиялық нанымның басты өзегі – өзін-өзі басқару идеалына сүйенген өздігінен басқарылатын институт қалпын сақтап отыр.
Академиялық еркіндік үшін күрес ешқашан тоқтамайды: біз оны сыртқы және ішкі жаулардан қорғауымыз керек. Екі майданда да жеңіске жету үшін біз ең алдымен өз отандастарымызды өзіміз үшін күресу арқылы олар үшін де күресіп жатқанымызға иландыра білуіміз керек.
Автор туралы: Майкл Игнатьев, Канада Либералдық партиясының бұрынғы төрағасы, Орталық Еуропа университетінің президенті әрі ректоры.