30 жылдық тарихында Конституциясы 5 мәрте өзгерген Қазақстан Республикасының халқы 5 маусымда үшінші мәрте конституциялық өзгерістер туралы референдумға қатыспақ. Болжам бойынша 98 баптың үштен біріне өзгертулер мен толықтырулар енуі мүмкін. Ал саяси сарапшылар не дейді? 7kun.kz тілшісі белгілі саясаттанушы мамандардың пікірін білген еді. Пікірлер әр қилы.
Конституцияға енетін өзгерістер ішінде президент Назарбаевтың барлық мәртебесін алып тастау, президенттің кей құзіретін шектеу, Парламент депутаттарының санын азайту, Мәжіліс депутаттарын сайлауға пропорционалды және мажоритарлы жүйені енгізу, Конституциялық сот құру, өлім жазасын алып тастау секілді ұсыныстар бар. Реформа авторлары бұл референдум Қазақстандағы суперпрезиденттік жүйені өзгерту жолындағы бетбұрыс ретінде атайды. Дегенмен қоғамда референдумға қатысты күмән мен сенімсіздік те бар. Бірқатар қоғам белсендісі конституциялық реформаға «Қаңтар оқиғасы» кезінде шеруге шыққандар көтерген сайлау, партиялар туралы заңдарды өзгерту, жер, тіл мәселесіне қатысты талаптарының ескерілмей қалғанына назар аударады.
Мәселен, Дос Көшім «асығыс өтіп жатқан референдум нәтижесіндегі конституциялық реформа жай ғана косметикалық өзгеріс болып қалатынына» сенімді. Суперпрезиденттік жүйені түбегейлі ауыстыруға бұл реформа қауқарсыз деп санайды.
«Конституциялық референдум жариялардың алдында Парламентте арнайы қоғамдық комиссия құрып Конституцияда қандай баптарды қалай өзгертеміз деп ашық талқылау жасауы керек еді. Ол жасалмады. Екіншіден, осы талқыланған сұрақтарды қоғамның талқысына салып, қоғамның пікірін білуі керек еді. Ол да жасалмады. Бұл ашық талқылау бірнеше айға созылуы тиіс еді. «Жаңа Қазақстанның» тұрғындарына референдумда 30-дан астам өзгеріске бір ақ ауыз сөзбен «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру таңдауын ғана қалдырды», - дейді Дос Көшім.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров референдум, керісінше, «Жаңа Қазақстанды» құрудың нағыз көрінісі болатынына сенімді. Оған мысал ретінде ауыл әкімдерін сайлау, кей мәселе бойынша Парламент Мәжілісінің құзіретін күшейту туралы өзгерістерді алға тартады. Әлеуметтік желідегі парақшасында ол бір ғана «Жер, жер қойнауы, табиғат ресурстары халық меншігі» деген Конституцияның жаңа постулаты жер асты ресурстарынан халықтың пайда табуына, әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешуіне, жер қойнауы байлығын пайдалануда әлеуметтік әділет принципінің жүзеге асуына кепілдік беретінін айтады. Депутат Сайыровтың сөзін қысқа қайырсақ, конституциялық реформа шалғай өңірдегі жолды жөндеу, аурухана мен мектеп салу, бағаны реттеу сияқты елдің сұрағына жауап бермек.
Конституциялық реформа расымен де елде саяси, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық тұрғыда өзгеріс әкеле ме? Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт 5 маусымнан кейін Қазақстанда ештеңе өзгермесіне сенімді. Оның сөзінше, Конституцияға ұсынылған өзгеріс қазіргі суперпрезиденттік жүйені түбегейлі өзгертуге қауқарсыз. Ол керісінше, референдумнан кейін елде жағымсыз фактор күшейе ме деп алаңдайды.
«Бұл жерде мен Тоқаев пен Назарбаевтың арасындағы конфронтацияны көріп отырмын. Елдегі саяси дағдарыс одан әрі ушығады деп ойлаймын. Өйткені саяси жүйеде еш өзгеріс болмайды. Қазір Қазақстандағы барлық саладағы тоқырау саяси жүйемен тікелей байланысты. Саяси өмірде өзгеріс болмаған соң экономикалық, қоғамдық тұрғыда өзгеріс болмайды. Меніңше қазіргі билік сол бұрынғы жүйені сақтап қалу үшін осылай едел-жедел референдум жасауға ұмтылуда. Ал бұл асығыстықтың астарында алдағы президент бәлки парламент сайлауын өткізуге дайындық болып жатыр деп санаймын. Референдум арқылы президент Тоқаевтың саяси технологтары «Қаңтар оқиғасынан» кейін Тоқаев елдің талабын ескеріп өзгеріс енгізіп жатыр деген ой қалыптастырғысы келеді. Бірақ бұл, қайталап айтамын, жай ғана косметикалық өзгерістер ғана», - дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.
Конституциялық референдумның ар жағында жаңа сайлауға деген дайындық жатыр деген пікірді Дос Көшім де құптайды. Айналып келгенде асығыс жасалған референдум тек азғантай топтың саясаттағы үлкен ойынының нәтижесі болып қала ма? Референдум сарапшылар айтқандай ел күткен өзгеріс әкелмесе, «Қаңтар қырғынынан» кейін билікке күшейген қыжыл ушығып кетпей ме? Сұрақтың сұрағы бұл!
Дәнеш Ұзақ.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024