Кешелі бері бізге белгілі болып отырғандай, биылғы жылы Ресей банктерінің түсімі бірнеше есеге дейін төмендеп кеткен. Мысалы, өткен жылы Ресей банктері тап осы уақытта 513 млрд рубль түсім көрсе, биылғы жылы бұл соманың көлемі 34 млрд рубльді ғана құрап отыр. Қазірде Ресей банктерінің жағдайы тым ауыр. Көрші елдің қаржы институттарының салы суға кетіп, кейбір қаржы операцияларын жасау тіптен мүмкін болмай қалған.
Ал енді Қазақстанның басты экономикалық серіктесі Ресейдің банктері осылай абдырап жатқан тұста бізге не істеу керек? Ресей банктерінің қарызға батуы, түсетін түсімдерінің азаюуы Қазақстанға әсер ете ме? Бүгін біз осыны сараптап көруді жөн көрдік. Мамандардың пайымдауынша, 2014 жылдан бері Батыстың санкциясына іліккен Ресей өзінің банктерін тығырықтан алып шығу үшін бірнеше айла-шарғы ойластырды. Соның бір парасы заңды және жеке тұлғаларға берілетін несиелердің пайыздық үстемақысын өсірді. Ал қазірде сол кезде қымбат несие алғандардың 70 пайызы, несиелерін қайтара алмай қаржы институттарын одан әрі тығырыққа тіреуде. Қазір Ресей банктері арқылы елге келетін инвестиция көлемінің күрт төмендеуі, сырттан берілетін қарыздардың шектелуі, қайтарымсыз несиенің көбейіп кетуі жағдайды тіптен шиеленістіріп жіберген. Бұған қатысты отандық сарапшыларымыз Ресейдің бұл дағдарыстан оңайшылықпен шыға алмайтынын алға тартып отыр. Тоғжан Шаяхметова, экономист-сарапшы: - Естеріңізде болса, 1998 жылы Ресей экономикасы тағы бір дағдарысты бастан кешкен болатын. Ол жылдары дағдарыстың болуына Ресейдің ішкі экономикасындағы тұралау әсер еткен еді. Ал қазіргі жағдайда Ресейге сыртқы саяси факторлар қатты әсер етіп отыр. Батыстың Ресейге салған санкциясы, шектеулер енгізуі, сыртқы қарыз беруге біраз тыйымдар енгізуі Ресейді одан әрі тығырыққа тіреп отыр. Енді осыған барып ішкі экономикада да құлдырау басталып кетті. Сондықтан Ресей бұл арада мұндай дағдарыстан оңайшылықпен шыға алмайды. Ендігіде Ресей экономикасы қалыпқа келу үшін ең кемі бес жыл уақыт керек. Міне, мамандардың байыптауынша, қазіргі уақытта Ресей экономикасына ішкі және сыртқа факторлар бірдей әсер етіп отырғандықтан бұл дағдарыстан шығу Ресейге оңай болмайды. Қазақстан қандай сабақ алуы керек? Ал енді мұндай жағдайда біз қандай сабақ алуымыз қажет? Бұл ретте мамандарымыз біз үшін қазірде капиталы төмен банктердің мәселесін шешу өзекті екенін айтып отыр. Естеріңізде болса, биылғы жыл басынан бері еліміздің Ұлттық банкі елдегі капиталы төмен банктер мәселесімен айналыса бастады. Осы шара аясында бірқатар капиталы төмен банктердің акциялары бір-бірімен қосыла бастады. Бұған қатысты мамандар «осы шараны сауатты атқарса жөн болар еді»дейді. Бейсенбек Зиябеков, экономист-ғалым: - Қазір Ұлттық банк капиталы төмен банктердің акциясын алып, өзге банктермен біріктіру шарасын атқара бастады. Егер бұл шара сауатты атқарылар болса, елдегі екінші деңгейлі банктердің бәсекеге қабілеттілігі артады деп сену керек. Қайтарымсыз несие портфелін осы арқылы азайту, жағымсыз несиелерден арылу ісін бізге әуелден бастау керек еді. Осыдан бес жыл бұрын біз мұны айттық, ескерттік. Бірақ ол кезде құлақ асқан ешкім болмады. Сондықтан сыртқы қарызға белшеден батып, капиталын төмендетіп алған банктер мәселесін дереу шешу керек. Қазір Ресейде бір жылда 200-ге жуық банктің банкротқа ұшырау қаупі төніп тұр. Сондықтан бұл арада ойланған абзал. Қазақстандағы Ресей банктеріне қандай талап қойған жөн? Жалпы, мамандар Ресей банктерінің дағдаруы, Қазақстанға да әсерін тигізуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан «болашақта Ресей банктерінің Қазақстандағы филиалдарына қатысты мынадай жайттарды ескерген жөн» дейді мамандар: А) Ресей банктері арқылы стартегиялық маңызы бар жобаларды қаржыландырғанда кәсіпорындар болсын, заңды тұлғалдар болсын өте абай болғаны жөн. Себебі банк экономикалық сес көрсетудің бір бөлігі. Ертең әлдеқандай жағдай болса, Ресей жобаларымызды қаржыландырудан бас тартып, тайқып шыға келуі де әбден мүмкін. Ә) Ресеймен біріккен кәсіпорындар ақша аударымдары, ақша салымдары кезінде, келісімшартты әбден пысықтап алуы тиіс. Б) Қазақстандағы Ресей банктері ендігі кезекте несие ставкасын көтеріп жіберуі де әбден мүмкін. Сондықтан елдегі Ресей банктерінен ірі көлемді несие алғанда заңды тұлғылар мен жеке тұлғалар әбден ойлауы керек. Ең бастысы көрші елдің банктері арқылы маңызды жобаларды қаржыландырғанда «жеті ойланып» барып әрекет ету керек. Міне, мамандарымыз, көрші елде қалыптасқан жағдайға қарап осылай әрекет етуіміз қажеттігін алға тартады. Қарлығаш ЗарыққанқызыПохожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024