Екі жылдық экономикалық құлдыраудан соң Ресей белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізген сияқты. 2017 жылы экономикалық өсім бар-жоғы 1 пайыз болады деп болжанған, десе де 2014 жылы Қырымға басып кіргеннен соң Батыс қатаң санкциялар салғалы бері елді жайлаған экономикалық тұрақсыздық қаупі сейілді. Сыртқы саясаттағы оптимизм, жайлы өмір және ішкі репрессияның қосындысы күшті эликсир болғанға ұқсайды.
Леонид Брежневтің кезіндегідей Ресейде ішкі саясат сыртқы саясаттың көлеңкесінде қалып отыр. Ол кездегіден айырмашылығы Ресей тым биікке құлаш сермейді. АҚШ президенті Дональд Трамп арманы Кремльмен ара қатынасты жақсарту екенін ашық айтты әрі ақпарат құралдарының хабарлауынша, маусым айында Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі.
Сәуірге жоспарланған Франциядағы президент сайлауы да Ресейдің ойындағыдай өтуі мүмкін. Орташыл-оңшыл кандидат Фрасуа Фийон да, әсіреоңшыл кандидат Марин Ле Пен де Путиннің жақын достары, дегенмен онымен дос емес Эммануэль Макронның да жеңу мүмкіндігі бар.
2018 жылғы наурызда өтетін Ресейдің өзіндегі президент сайлауында көп нәрсе шешілмес, себебі Путин қайта сайланып, Медведев премьерлік қызметте қала беруі мүмкін. Мұны ресейліктердің көбі, әсіресе жайлы өмір сүріп жатқан мәскеуліктер қолдайтын сияқты.
Мәскеудегі инфрақұрылым бұрын-соңды бұдан жақсы болған емес: қалада қалыпты жұмыс істеп тұрған, жақында тағы да кеңейтілген метро жүйесі, заманауи, таза әрі тиімді әуежайлар бар. Тіпті бір кездері берекетсіздік жайлаған паркинг жүйесі де ретке келтірілді, және паркинг жетіспеушілігі мәселесі арзан әрі жылдам көлік алмасу жүйесі арқылы біршама шешілді. Тұрғындар мінсіз әрі сән-салтанатты сауда молдарына барып, элиталық азық-түлік дүкендерінен қалағандарын (Батыстың ірімшіктерінен басқа) сатып ала алады.
Әрине, қалыптасқан жағдаймен келіспейтін ресейліктер де бар. Мұнда қуаты күшті Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) көмекке келеді. Жақында Freedom House Ресейдегі саяси құқықтардың сақталуын бұрын-соңды болмаған төмен деңгейде деп бағалады.
Ресей Ұлттық экономика және мемлекеттік басқару академиясы жылдағы дәстүрмен өткен айда Ельцин кезіндегі реформатор Егор Гайдардың құрметіне өткізген «Гайдар форумында» қуғын-сүргіннің ауқымы анық сезілді. Жыл сайын Ресейдің мыңдаған, шетелдің жүздеген ғалымы бас қосып, үш күн бойы экономикалық саясатты талқылайды.
Пікірталас кезінде үкіметтен келген министрлер жайбарақат, ашық әрі білікті көрінуге тырысты, бірақ шектен аспау үшін аңдап сөйледі. Шынайы меншік құқының, заң үстемдігінің және демократияның жоқтығы сияқты Ресейдегі басты проблемалар бұл жолы да сөз болды, мәселен бұрынғы Қаржы министрі Алексей Кудрин мұны сөз арасында бипаздап жеткізді. Әдеттегідей, бұл жолы да негізгі пікірталас жақсы жұмыс істеп тұрған макроэкономика саласына арналды. Ресейдің алып экономикалық истеблишменті бақуатты тұратыны сондай, кемені мүлде шайқағысы жоқ.
Министрлердің бұл ұстанымы ерекше жаңалық емес, дегенмен бұрынғы «Гайдар форумдарында» басқарушы элитаға тегеурін көрсететіндей мүмкіндіктер болып қалатын. Мәскеудің экономист ғалымдары радикалды, тіпті шектен тыс пікірлер айтылып қала ма деп форумды жыл сайын мұқият тыңдап отырады, бірақ өздері қарсы шығуға батпайды.
Өткен жылғы форумда Ресейдің либерал саяси сарапшыларынан тұратын он адамдық пікірсайыста (форумның басты ерекшелігі саналатын бұл талқыға мен де қатыстым) шектен шығатын пікір айтыла ма деген үміт болды. Кейбір спикерлер тіпті «режимнің өзіне қауіп төнеді, Думаға оппозиция мүшелері сайланады», немесе «экономикалық қиындық әлеуметтік бұлқыныс тудырады» деп болжады.
Бұл болжамдар расталмады. Дума сайлауында Ресейдің еуропашыл либералдары өте аз дауыс берді, елдің оңтүстігі мен шығысындағы консерваторлары анағұрлым белсенді болды. Пікірталасқа қатысушылар экономикалық нәтижелерді тым әсірелеп көрсетіп, Украинадағы соғыс пен қуғын-сүргіннің Путин мен оның аймақтардағы «сұлтанаттарына» көмек көрсетіп отырғанын елеусіз қалдырды.
Шындығында, ресейліктердің арасында «Путиннің Украинаға басып кіріп, Қырымды басып алуы Ресей үшін жақсы болды» деген пікір орнығып қалған. Бұл – Путиннің шебер ойыны болды. Украинаны әлсіз әрі соғысқұмар жауға айналдыру арқылы ол Ресейдегі демократиялық ұмтылыстарды басып тастады, Украинаның Еуропа одағына қарай ұмтылуы бір жағынан оларды қанаттандырып, ұлтшылдық эйфорияны өршітті.
Сыртқы саясаттағы Путинге ұпай әперген тағы бір жайт. Мәскеу Әлеуметтік және экономикалық ғылымдар мектебінің профессоры Татьяна Ворожейкинаның айтуынша, Ресейдің Алеппоны талқандауы Путинге тағы бір «жеңіс» әперіп масайратты. Бұған либерализм дағдарысының бір симптомы – Батыстағы оңшыл популизмнің өркен жаюын қоссаңыз, Путиннен әлем елдері күткен көшбасшыны сомдап шығару қиын болмай қалды.
Бұл жолы «Гайдар форумы» талқысында «саясатты инерттілік жайлап, бұдан да қарқынды қуғындау жалғасады және жаппай конформизм етек жаяды» дегеннен басқа ешқандай болжам айтылған жоқ. Путин режимі тудың айналасына күш біріктірді, Ресейдің ішінде бұл қалыптасқан статус-квоны өзгерткісі келетіндер жоқтың қасы. Сондықтан, өзгеріс болса, тек Путин толық бақылауында ұстай алмайтын сала – сырттағы жағдаяттар мен қарым-қатынастардан болады.
Байқағанымыздай, Ресейдің қазіргі геосаяси тұғыры мықты. Бірақ, бәрі бір көзге ғана солай көрінуі мүмкін. Мәселен, Трамптың «жақын қарым-қатынас орнатамыз» дегені Ресей үшін жақсы болғанымен, Путиннің ұлтшыл ұранының ең басты «ингредиенті» - оның қырғиқабақ соғыс драмасын қайта бастау мүмкіндігі екенін есте ұстау керек. Бұл үшін оған АҚШ және жалпы Батыс жау болып қала бергені керек. Ал достасу ұзақ мерзім тұрғысынан Путинге зауал келтіруі мүмкін.
Ал, қысқа мерзім тұрғысынан қарасақ, «Гайдар форумында» тәуелсіз саяси сарапшы Дмитрий Орешкин айтқандай, шетелдегі «қара аққу» оқиғасы ғана Ресейдегі жағдайды өзгерте алады. Бұл елдегі жаңа тепе-теңдік жақсы нәрсе емес, дегенмен ол әзірге бір қалыпта тұр.
Автор туралы: Андерс Аслунд – Атлантикалық кеңестің аға зерттеушісі. Оның Симон Дянковпен бірлесіп жазған соңғы кітабы «Еуропадағы өсімге төнген қатер» деп аталады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024