2017 жылғы 20 қаңтарда Дональд Трамп АҚШ-тың 45-ші президенті қызметіне кіріседі. «Осылай боларын ескерткенмін» дегім келмейді, бірақ оның сайлануы ешқандай кездейсоқтық емес. 2002 жылы шыққан «Жаһандану және келіспеушілік» деген кітабымда жаһандануды басқару үшін қолданылып жатқан саясат наразылықтың белең алуына түрткі болып отырғанын жазғанмын. Бір қызығы, халықаралық қаржы және сауда интеграциясын бәрінен қатты қолдаған партияның өкілі бұл екеуін қайта өзгертемін деп уәде беру арқылы жеңіске жетті.
Әрине, кері жол жоқ. Қазір Қытай мен Үндістан ғаламдық экономикаға интеграцияланған, ал технологиялық инновация әлем бойынша өндірістегі жұмыс орындарын азайтып жатыр. Трамп бұрынғы жалақысы жоғары жұмыс орындарын қайта аша алмайды, ол тек өнеркәсіпті жетілдіре алады, бұл біліктілігі жоғары, азғантай жұмысшыны қажет етеді.
Теңсіздіктің артуы, әсіресе Трампқа жеңіс әперген Орталық Америкада шарасыздықты өршітті. Экономистер Энн Кейс пен Ангус Дитон 2015 жылғы желтоқсандағы зерттеуінде дәлелдегеніндей, орта жастағы ақ нәсілді америкалықтардың өмір жасы қысқарып, суицид, нашақорлық пен алкоголизм артып барады. Денсаулық статистикасы ұлттық орталығының бұдан бір жылдан кейінгі есебінен жиырма жыл ішінде алғаш рет Америкада орташа өмір жасының қысқарғаны белгілі болды.
2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейінгі алғашқы үш жыл ішінде табыстың 91 пайызы меншік иелерінің тек 1 пайызына ғана жетті. Уолл-Стриттегі банктер салық төлеушілердің миллардтаған долларының арқасында су бетіне қалқып шықса, үй иелеріне тиын-тебен ғана берілді. АҚШ президенті Барак Обама тек банктерді, банкирлерді, акциялар мен облигациялардың иелерін ғана құтқарды. Оның Уолл-Стрит инсайдерлерінен құралған экономикалық саясат жөніндегі командасы капитализм заңдарын бұзып, элитаны құтқарды, сөйтіп миллиондаған америкалықтардың «бұл – алаяқ жүйе» деген күдігін растай түсті.
Обама климаттың өзгеруі сияқты мәселелерде «шешуші өзгерістер» жасауға уәде берді, ал экономикаға келгенде ол жаһандану мен либерализмнің игілігі төмендегі жұрттың бәріне жетеді деп уәде берген неолиберализм экспериментін сол қалпында бекітті. Іс жүзінде бұл жүйе тек жоғарыдағыларға игілігін көрсетті, қазір бұл жүйе «бір адам – бір дауыс» принципіне емес, «бір доллар – бір дауыс» принципіне сүйенетін тәрізді.
Теңсіздіктің артуы, әділетсіз саяси жүйе және іс жүзінде элитаға қызмет етіп жатса да, «халыққа қызмет етіп жатырмыз» деп алдаусырататын үкімет Трамп сияқты кандидаттарға тамаша жағдай жасады. Бай болғанымен, Трамптың дәстүрлі элита қатарына жатпайтыны анық, бұл оның «шын» өзгеріс әкелемін деген уәдесін шынайы ете түсті. Ал бұл Трамптың салық жөнінен Республикалық партияның қатаң саясатына бағынатын әдеттегі бизнесіне айналатын түрі бар, әкімшілігіне лоббистер мен өнеркәсіптегі инсайдерлерді тағайындау арқылы Трамп «Вашингтондағы батпақты құрғатамын» деген уәдесін бұзды.
Трамптың экономикалық жоспарының қалған бөлігі Өкілдер палатасының төрағасы Пол Райанның қаншалық фискалдық консерватор болатынына байланысты. Трамп байларға салынатын салықты азайтып, инфрақұрылымға қаржы салатын үлкен жобаларды жүзеге асыруға уәде берді, соның арқасында ЖІӨ артып, елдің қаржылық жағдайы жақсара түседі, дегенмен бұл ұсынысты арттыруды қолдайтын экономистердің көрсеткіштеріне жетпейді. Егер Райан өзі айтып жүргендей дефицитке тым көп бас қатырмаса, ол Трамптың жоспарын оп-оңай бекітеді, ал экономикаға көптен күткен Кейнс стимулы жан бітіреді.
Ақша-кредит саясатында бұлыңғыр нәрсе бар. Трамп пайыздық үстеменің төмендігіне қарсылық білдірді, ал АҚШ Федералдық резерві мен Басқарушылар кеңесіндегі екі қызмет бос тұр. Бұған Федералдық резервтегі үстемелерді қалыпқа түсіруді көздеп жүрген көптеген қызметкерді қосыңыз, бұлар ойындағысын істейді де, мұнда олар тіпті Трамптың Кейнс стимулынан да асып түсуі мүмкін.
Егер Трамп салық ұсыныстары арқылы теңсіздікті арттырып, сауда соғысын бастаса, немесе Американың жылыжай газын шығаруды азайту міндеттемелерінен бас тартса (әсіресе егер басқалар трансшекаралық салық арқылы жауап қатса) онда оның дамуға бағытталған саясатының кетеуі кетеді. Қазір республикашылар Ақ үйде де, Конгрестің қос палатасын да бақылауда ұстап тұрғандықтан, олар жұмысшылардың келіссөздегі күшін әлсіретіп, Уолл-Стрит пен өнеркәсіпті өзінше реттейді, әрі қазіргі монополияға қарсы заңдарға көз жұма қарауы мүмкін, ал мұның бәрі теңсіздікті одан сайын арттыра түседі.
Егер Трамп сайлау кезінде берген уәдесін орындап, Қытай импортына тариф енгізсе, онда бұдан Қытайдікінен гөрі Америка экономикасы көбірек зиян шегеді. Дүниежүзілік сауда ұйымының қазіргі тәртібіне сәйкес АҚШ енгізген әрбір «заңсыз» тариф үшін Қытай кез келген жерде «кек» ала алады, мәселен АҚШ тарифтерін қолдаған аудандарда сауданы шектеп, арнайы жұмыс орындарын қысқарта алады.
Шынтуайтына келсек, Қытайға қарсы ДСҰ рұқсат беретін шараларды (мәселен, демпингке қарсы тариф енгізуді) кей жағдайда ақтап алуға болады. Бірақ Трамп сауда саясатының принциптерін ашып айтпай отыр, ондағы автокөлік нарығы мен ұшақ жасау өнеркәсібін тікелей субсидиялап, банктерін өте төмен пайызбен несие беру арқылы жанама түрде субсидиялап отырған АҚШ шыны ғимараттан тас лақтырғандай кейіпте қалады. «Қанға – қан» ойыны басталып кетсе, ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан ашық халықаралық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін.
Сол сияқты, Трамптың тұсында көбіне экономикалық санкциялардың көмегімен жүзеге асырылып отырған халықаралық заң үстемдігінің де күші әлсірей түседі. Ресеймен ауыз жаласқан жасақтар Шығыс Украинадағы жағдайды ушықтырып жіберсе, жаңа президент қалай жауап қатады? Американың қуаты оның инклюзивті демократия ұстанымына байланысты болатын. Ал қазір әлем халқы демократиялық процестерге деген сенімін жоғалтты. Африканың көп жерінен «Трамп біздің диктаторларымыздың жағдайын жақсарта түседі» деген сөздерді жиі естимін. Американың жұмсақ күші 2017 жылдан әрі қарай кеми беретін болса, онда халықаралық тәртіптің болашағы да бұлыңғырлана түседі.
Ал бұл кезде Демократиялық партияның сайлаудан кейінгі «қатемен жұмысты» жүргізетіні анық. Хилари Клинтонның жеңілгені дау туғызбайды, себебі ол 1990-жылдары Билл Клинтон ұсынған неолибералдық жоспардан өзгеше күн тәртібін ұсынып, сайлаушыларын сендіруге қауқарсыз болып шықты. «Үшбұрыштандыру» саясатын ұстанып, қарсыластарының бір буын бұрынғы саясатының бейімделген нұсқасын ұсынған солшылдар партиясы бұдан былай өздерін оңшылдар партиясының лайықты баламасы деп атай алмайды.
Демократтар неолиберализмнен бас тартып, Элизабет Уоррен, Берни Сандерс, Шеррод Браун сияқты лидерлер ұсынған прогрессивті саясатты қабылдаса ғана болашақтан үміттене алады. Сонда евангелиялық христиандардың, корпоративтік басшылар мен нативистердің, популистер мен изоляционистердің қойыртпағынан құралған коалицияны қалай басқарамыз деп басы қатқан республикалықтарға қарағанда олардың ұстанымы мықты болмақ.
Трамп билікке келіп, қос партия да өз болмыстарын айқындай бастайтын келер жыл АҚШ-тың және әлемнің тарихындағы бетбұрыс жылы ретінде есте қалатын шығар.
Автор туралы: Джозеф Штиглиц – экономика саласында Нобель сыйлығының лауреаты, Колумбия университетінің профессоры және Рузвельт институтының бас экономисі. Оның соңғы кітабы «Еуро: ортақ валюта Еуропаның болашағына қалайша қатер төндіреді?» деп аталады.
Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.