Тек бір айдың ішінде АҚШ Президенті Дональд Трамп үлкен қарқынмен хаос пен тұрақсыздықты, сонымен қатар кез келген лаңкес мақтан ететіндей дәрежеде қорқынышты тарата білді. Таңданатыны жоқ, бизнес, азаматтық қоғам және үкіметтегі азаматтар мен басшылар тиісті және тиімді жауап бере алмай, күресіп жатыр.
Болашақ жоспарлар туралы кез келген ұсыныстар уақытша болып табылады, себебі Трамп әлі толық заңнаманы ұсынған жоқ, және Конгресс пен соттар оның дүркіндете атқан бұйрықтарына әлі толық жауап бермеді. Бірақ белгісіздік пен тұрақсыздықты мойындау алға басып, іс жасаудан бас тарту үшін негіздеме болып табылмайды.
Керісінше, Трамптың сөздері мен туиттеріне аса көңіл аудару керек екенін енді анық болды. Қараша айында болған сайлаудан соң, ол науқанында басты тақырып болған экстремизмден бас тартарына бүкіл әлемдік үміт бар еді. Әрине, ол әлемдегі ең қуатты позиция деп аталатын қазіргі лауазымына ие болғанда шындыққа сәйкессіздік шебері мүлдем басқа адамға айналады деп саналған еді.
Әрбір АҚШ-тың жаңа президентімен қатар осындай ұқсас нәрсе жүреді:біз оған дауыс бергенімізге қарамастан, оған өзіміздің қалаған адамымыздың бейнесін жобалаймыз. Бірақ, сайланған шенеуніктер барлық адамдарға қолайлы болуға тырысса да, Трамп өз уәделерін іске асыратынына күмән қалдырмады, олар - мұсылман иммиграциясына тыйым салу, Мексика шекарасында дауал орнату, Солтүстік Американдық еркін сауда жөніндегі келісімді қайта қарастыру, 2010 Додд-Франк қаржы реформаларының күшін жою, және тіпті оның жақтастарына ұнамайтын басқа да уәделері.
Мен кейде, БҰҰ, НАТО, Еуропалық Одақ, және басқа да мекемелер мен қарым-қатынастарға негізделген, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін құрылған экономикалық және қауіпсіздік тәртіптің аспектілері мен саясатын сынаймын. Бірақ әлемге жақсырақ қызмет етуге мүмкіндік беретін, осы мекемелер мен қарым-қатынас реформалау әрекеті мен оларды тікелей жоюға ұмтылатын күн тәртібі арасында үлкен айырмашылық бар.
Трамп әлемді нөлдік сомасы бар ойын тұрғысынан көреді. Шындығында, жаһандану, жақсы басқарылатын болса, барлығы үшін оң күш болып табылады. Америка, оның достары мен одақтастары- Австралия, ЕО, немесе Мексика болсын - күшейгенде тек ұтыста болады. Бірақ Трамптың тәсілі теріс нәтижелі ойынды бастап, Америка да ұтылатын жағдайға апарады.
Бұл тәсіл, оның инаугурациядағы айтылған сөзінде анық болған, онда тарихи фашистік астары бар «Америка бірінші кезекте» деп қайта аталған шақыруы оның ең қорқынышты жоспарларын ұстанатынын растады. Алдыңғы АҚШ әкімшіліктері әрдайым америкалық мүдделерді ілгерілетуге жауапкершілікпен қараған. Бірақ олар жүргізіп отырған саясаты әдетте ұлттық мүдде туралы ағартушылық түсінік тұрғысынан көмкерілген болатын. Олар неғұрлым гүлденген жаһандық экономика мен демократия, адам құқықтары және заң үстемдігін қолдаған елдер альянстарының пайды болуы американдықтар үшін пайдалы деп сенді.
Трамп жасаған бұлтты аспанда бір шуақ бар болса, онда ол Трамп және оның командасы жасырын немесе ашық түрде болса да көрсетіп жүрген фанатизм және әйел біткенді жек көрушілікті түсіну; толеранттық пен теңдік сияқты құндылықтарды қолдайтын ынтымақтастық сезімінің пайда болуы. Және бұл ынтымақтастық жаһандық болып кетті, Трамп және оның одақтастары бүкіл демократиялық әлемдегі наразылықпен беттесті.
АҚШ-та, Азаматтық бостандықтардың Американдық Одағы (ACLU), Трамп тез арада жеке құқықтарды таптайтынын дұрыс болжап, ол өзінің әрдайым негізгі конституциялық принциптерді қорғауға, мысалы қажетті процедураларды сақтау, тең қорғау беру, дінге қатысты ресми бейтараптықты сақтауға дайын екенін көрсетті. Ал, өткен айда, америкалықтар ACLU-ны миллион доллармен қолдады.
Сол сияқты, бүкіл ел бойынша, компаниялардың қызметкерлері мен клиенттері басшылары мен Директорлар кеңесінің мүшелерінің Трампты қолдауына байланысты алаңдаушылық білдірді. Шынында да, топ ретінде, АҚШ-тың корпоративтік көшбасшылары мен инвесторлары Трамптың қолдаушыларына айналды. Давостағы биылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы жиналысында, көптеген адамдар оның салық қысқарту және қайта реттеу жайындағы уәделеріне қызыға қарағанымен, оның фанатизмі және протекционизмін көзге елемеді (ол туралы мен қатысқан бір жиналыста да айтылмады).
Тіпті одан да үрейлісі, ол ерліктің болмауы болды: Трампты ұнатпаған көптеген адамдар ашық түрде ойын айтуға батпады, себебі олар өздері (және өз компанияларының акциялары) қарсы туиттерден қорықты. Қорқыныш авторитарлық режимдердің ерекшелігі болып табылады, және қазір менің ересек өмірімде алғаш рет АҚШ-та оны байқап отырмыз.
Нәтижесінде, көптеген американдықтар үшін дерексіз ұғым болған заң үстемдігінің маңыздылығы енді нақты болды. Заң үстемдігіне сәйкес, үкімет аутсорсинг пен оффшор операцияларын тоқтатқысы келсе, ол керекті заңнаманы қолданысқа енгізеді және керекті ынталандыру әрекеттерін жасап, жағымсыз әрекеттерге қарсы ережелерді қабылдайды. Ол белгілі бір фирмаларды жәбірлеп немесе жарақаттанған босқындарды қауіп төндіретіндей бейнелемейді.
New York Times және Washington Post сияқты Американың жетекші бұқаралық ақпарат құралдары, әзірге американдық құндылықтардан Трамптың бас тартуын норма деп қабылдамай жатыр. АҚШ үшін сот тәуелсіздігін қабылдамайтын, ұлттық қауіпсіздік бойынша өзекті шешімдер қабылданатын орталықтың ең жоғары лауазымды әскери және барлау шенеуніктерін оңшыл медиа фанатигімен ауыстыратын; және Солтүстік Кореяның соңғы баллистикалық зымыран сынақтарына қарамасан қызының бизнес кәсіпорындарын алға жылжытуды іске асырып жатқан президент қалыпты үлгі емес.
Бірақ, біз үнемі орын алып жатқан ақылдан тыс оқиғалар мен шешімдерден басымыз айналып, биліктің соңғы ірі бұзылуларын назардан шығарып алуымыз мүмкін. Осы жаңа дәуірдің басты міндеттерінің бірі әрдайым қырағылық танытып және керек кезде қарсы тұруға дайын болу болады.
Автор туралы: Джозеф Стиглиц - экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Рузвельт институтында бас экономисті, Колумбия университетінің профессоры болып жұмыс жасайды. Оның ең соңғы кітабы - Еуро: ортақ валюта Еуропаның болашағына қандай қауіп төндіріп тұр.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024