Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ел экономикасының дамуына әсер ететін әлеуметтік маңызды сала. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары ТҮКШ саласын қордаланған проблемалар мен жаңа белестер күтіп тұрды. Оны дер кезінде шешетін шаралар қолданылмағанда, жағдай күрделеніп, ауыр зардаптарға соқтырар еді. Тұрғын үй қорының ескіруі, кәсіпорындар мен энергия өндіруші және тасымалдаушы сектордың шығындарының ұлғаюы, инженерлік жүйелердегі апаттық жағдайлардың жиілеуі, ауыз су қорларының азаюы сияқты мәселелер күннен күнге назар аударуды қажет етті. Аталған саланың өткені мен келешегі туралы 7kun.kz тілшісі сараптап көрді.
ТҮКШ: ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫН ІЗДЕУ
Оңтайландыру кезеңіне, яғни 2000-шы жылдарға дейінгі жағдайға қайта-қайта оралудың қажеті шамалы. Мемлекет осы кезеңге дейін Кеңес үкіметінен мұраға қалған тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық жүйесін басқаруда айтарлықтай қиындыққа ұшырады. Десе де бұл тарихи кезеңді ұмытуға болмайды. Одан сабақ алып, алдыға жылу керек болды. Тұтынушылар да, мемлекет те шама-шарқынша тығырықтан шығудың жолын іздеп, шыдамдылық танытатын жерде шыдамдылық таныта білді. Тұрғын үйлер мен олардың маңындағы аумақтарды күтіп ұстау, қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытында қаладан шығарып тастау, су және жылудың мардымды болуы, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, айналаны абаттандыру сияқты адамға қажетті игіліктер енді келместей болып көрінген.
Бірақ ТҮКШ-ті реформалау көп күттірген жоқ. Мемлекет саланы жеке компаниялардың қолына беріп, оның жұмысын қадағалауды жергілікті атқарушы биліктің құзырына тапсыру арқылы тығырықтан шығудың жолын іздей бастады. Бюджет қаражатынан тыс жеке сектор мен шетелдік инвестицияның көптеп тартылуы жағдайдың оңалуына әсерін тигізді. Әлі де болса инженерлік желілердің тозуы, апаттардың жиілеуі, үйлердің ескіруі, елдімекендер мен қалалардың жылу маусымына дайын болмауы, коммуналдық қызметтердің тұрақсыздығы бизнес үшін тартымсыз болды. Оған тарифтердің төмендігі, ұзақ мерзімді инвестиция үшін заңнамалық негіздердің солқылдақтығы қосылды. Бірақ үкімет материалдық-техникалық жағынан ғана емес қаржылай жәрдемдесу арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінде тұрақтылықты біртіндеп қамтамасыз етуге болатынын түсінді десе болады. Біртіндеп жүйелі реформа алдыға жылжыды.
ЖАҢА КЕЗЕҢ: ДАМУ МЕН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУ
Қазақстанда соңғы 10 жылда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және жаңғырту үшін 5,3 трлн теңгеге бес ірі бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылған. Олардың ішінде халықты сумен қамтамасыз ету мәселесі толыққанды шешімін тапқан. Мысалы елде 2010 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың онжылдық бағдарламасы қабылданып, апаттық жағдайдағы үйлердің санын қысқарту, халықтың есебінен тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, тозған инженерлік желілердің санын қысқарту сияқты негізгі мақсаттарды орындауы керек еді. Оған республикалық бюджеттен 54 млрд теңге бағытталған.
Алайда бұл тұжырымдаманың ғұмыры қысқа болды. Үкімет 2011-2020 жылдарға арналған ТҮКШ-ті дамыту құжатын қайта қабылдады. Бұл жоба 877 млрд теңгені қажет еткен. Бұл салада реформа жасаушылар 2015 жылы бұл бағдарламаны да жауып, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік дағдарысқа қарсы бағдарламасын ойлап тапты. Оған 2,2 трлн теңге қарастырылып, жылу, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің құрылысы сияқты салаға тартылған инвестициялар ішінара ақталған.
Мемлекетте 2020 жылдан бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформаны жеделдету үшін заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттілігі тұрды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң төмендегідей маңызды мәселелерді шешуге бағытталды. Пәтер иелері кооперативтерінің орнына көппәтерлі үйді басқару мүлік иелерінің бірлестіктері (ОСИ- 7kun.kz) немесе қарапайым серіктестіктер құру қажет деп танылды. Яғни ол «бір үй – бір ОСИ» деген қағидамен жұмыс істеу, әрбір үйдің жеке кеңесін құру, жарна төлеуде де жаңаша ережелер енді. Сосын жалпыға ортақ мүліктерге күрделі жөндеу жүргізу жарналарының мөлшері азайтылды. Жергілікті әкімдіктер тозған баспаналарға күрделі жөндеу жүргізу үшін өз есебінен мемлекеттік техникалық сараптама жасап беруге міндеттелді. Сондай-ақ жаңа заң аясында жергілікті атқарушы билік көппәтерлі тұрғын үйдің техникалық төлқұжатын әзірлеуге және үйдің орналасқан жер телімдеріне құжаттар дайындау бойынша кететін шығындарды да өтеуі тиіс.
ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ
Бұрынғы ПИК (КСК-7kun.kz ) орнына келген тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасына көшу 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы тиіс болған. Осы уақыт ішінде тиісті органдар тұрғын үй заңнамасының жаңашылдықтарын түсіндіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді. ПИК-тен ОСИ-ге өтудің артықшылықтары мен алгоритмі көрсетіліп, жер-жерде бұл жүйенің тиімділігі алғашқы жемісін бере бастады. Бірақ еліміздің заң шығарушы органы көппәтерлі үйді басқару мүлік иелерінің бірлестіктері немесе қарапайым серіктестіктердің жұмысын толық іске қосу мерзімін тағы бір жылға шегерді. Енді оны 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Құзырлы мемлекеттік органдар мұны елдегі карантиндік шаралардың кесірінен екенін айтқан. Жалпы алғанда респубикада көппәтерлі үйлерді бсқарудың жаңа форматына көшу жүріп жатыр. Ашық дереккөздеріндегі ақпаратарға қарағанда Алматы қаласында тұрғын үйлердің тек 40%-ы ғана ОСИ-ге өтіп үлгерген.
Астана әкімдігінің дерегінше, елордада 2859 көппәтерлі тұрғын үй ОСИ-ге ауысуы керек. Бас қалада қазір тұрғын үй қорының 60%-дан астамы басқарудың жаңа форматына көшкен. Сарапшылар жүйенің артқышылығы - тұрғын үйді тиімді басқару оның тұрғындары үшін да жайлы. Себебі үйді сауатты басқарып, оның сақталуына ықпал ету - пәтердің нарықтық құнына оң әсер етеді, дейді.
Меншік иелері қаржыны басқаруға, көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға және өз үйлерін ары қарай дамыту жоспарларына толыққанды қатыса алады. Көппәтерлі үйді басқару мүлік иелерінің бірлестіктері төрағаларымен, үй кеңестерінің мүшелерімен және тексеру комиссияларымен бірге әзірлеуге мүмкіндік бар. Болашақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды іске асыру кезінде даулар мен түсініспеушіліктердің аз болуы үшін бұл қажет.
Десе де ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл мәселе бойынша заңға тағы да өзгерістер енгізу қажеттігін алдыға тартады. Бұл әсіресе жаңадан салынған тұрғын үйлердің техникалық құжаттарын мүлік иелерінің бірлестіктері мен басқарушы компанияларға беруде процедуралардың реттелмегені және басқа да өзгерістер туралы.
Қазір Қазақстанда «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. ҚР Экономика министрлігінің деректері бойынша елімізде:
Тұрғын үй қоры - 105 мың көппәтерлі үй;
Электрмен жабдықтау жүйесі - 200 мың шақырым;
Жылу желілері - 12 мың шақырым;
Су құбырлары - 61 мың шақырым;
Газ желілері - 27 мың шақырым;
Республикада тұрғын үйлерің шамамен 30%-ы күрделі жөндеуді қажет етсе, 3,6%-ы тұруға жарамсыз. Ал коммуналдық жүйелердің ішінде жылу желілерінің 60%-ы тозса, электр энергиясымен жабдықтау саласында 145 мың шақырым желіні ауыстыру керек. Ол барлық желінің 73%-ы. Халықты сумен және газбен қамтамасыз ету бойынша Қазақстан дамыған елдерден едәуір артта қалған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша ең проблемалы өңірлер сапында Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары тұр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024