Алматы. 19 ақпан. 7kun.kz – Бюджеттік несие тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне (ТҚЖБ) қазақстандықтарға ұзақ мерзімге жеңілдікті ставка бойынша қарыз беруге мүмкіндік береді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, - деп хабарлайды 7kun.kz.
Министрдің айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қатысушыларына несие беру үшін 5 жылға, яғни 2017-2021 жылдарға 120 млрд теңге бөлу қарастырылған болатын. Аталған қаржының 28 млрд теңгесі биыл бөлінбек.
«Бюджеттік кредит Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жылдық 0,15%-пен 20 жылға берілмек. Салымшыларға берілетін займдардың бастапқы жарнасы 20%-ке дейін болған жағдайда 25 жылға 5%-пен беріледі», – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Мәселен, құны 8,4 млн теңге тұратын 60 шаршы метрлі екі бөлмелі пәтердің ай сайынғы төлемі 60 мың теңгені құрайтын болады.
«Бөлінген қаржы 3 111 салымшының қолжетімді займ алуына мүмкіндік береді», – деп қосты Қасымбек.
Министрдің ақпараты бойынша бұл қаржы алдағы 15 жылда 3 рет айналымда болады. Яғни, тағы 6 мың салымшыға займ беріледі.
2018 жылы банк 360 млрд теңгенің 38,3 мың займын берді.