НЬЮ-ХЕЙВЕН – Қытайда бес жылда бір рет өтетін Коммунистік партия съездері - бұл салт жоралар мен догмалардың жеке анализ және стратегиямен ұштасатын, сирек кездесетін оқиға, және 18 қазанда басталған он тоғызыншы Қытай Коммунистік Партия съезі де сондай бір кездесу болды.
Осындай кездесулер, әдетте, олардың соңында болатын партия көшбасшылығындағы ықтимал өзгерістермен қызықты болатын, ал осы жолы президент Си Цзиньпиннің съезд басталған күні жарияланған саяси баяндамасы басты назарды алды. Айта кетейік, бұл баяндама партия туралы ғана емес, Си туралы көп жәйтті ашып өткен. Стэнфордтың Гувер институтындағы жетекші синолог Элис Миллердің айтуынша, баяндама партияның ең жоғары органы - 205 мүшеден тұратын Орталық комитеттің бір жерден шыққан пікірін жеткізу үшін бір жыл ішінде мұқият дайындалған.
Си Цзиньпиннің баяндамасындағы үш тұжырым ерекше маңызды. Біріншіден, «Си Цзиньпин ойының» идеялық негізі «Mao Цзэдун ойларымен» бірдей жоғары деңгейге қойылған, ол Синнің Ху Цзиньтао, Цзян Цзэмин және тіпті Дэн Сяопиннен жоғары бағаланатынын көрсетеді. 2012 жылдың қараша айында бас хатшы болып тағайындалғаннан бері Сидің билікті нығайтқаны туралы көп жазылған да еді. Бірақ осындай қастерлеу оның жетістігін ресми түрде дәлелдеп тұр. Си Цзиньпин билікте тек бес жыл ғана отырғанымен, партия басшылығы оны қазіргі Қытайдың екі ұлы тарихи тұлғаларының бірі ретінде атап өтті.
Екіншіден, саяси баяндамада «жаңа дәуірге» кірген Қытай туралы үлкен сеніммен айтылады. Бірақ,«сапардың соңғы бөлігі бар жолдың жартысы ғана» деген Қытай мақалды айтып өткен Си, аса өршіл келешекті де бейнелеп өтті.
Қытай енді алдына екі үлкен мақсат қоюда - 2035 жылға қарай орташа ауқатты қоғамды құру және 2050 жылға қарай Ұлы держава ретінде қалыптасу. Қытайдың алдыңғы мақсаттарды анықтау әрекетінен айырмашылығы, мұнда осы «егіз жүзжылдық мақсаттарға» қатысты сандық өлшемдер жоқ (олар 1921 жылы партияның құрылуымен және 1949 жылы Қытай Халық Республикасын құрылуымен тығыз байланысты). Олар Си мырза «Қытай арманы» деп атаған көптен күткен ұлттық жаңғыруды атап өтеді.
Үшіншісі ең қызықты болар. Бұл - Қытайдың «негізгі қарама-қайшылығы» ретінде, яғни ол шешімді талап ететін іргелі мәселелерді анықтауға көмектесетін марксистік тұжырымдама. Әдетте жылпос және қос мәнді болып келетін негізгі қайшылықтар жақын уақытта Қытайдың болашағын қалыптастыратын, тәуекелдер мен мүмкіндіктер, стратегия мен тактика, реформалар және мемлекеттік басқару тақырыптары аясында мәнді талқылаудың шеңберін қалыптастырады.
Ең бастысы, Си басшылығымен партия 1981 жылдан бері алғаш рет өзінің ішіндегі басты қарама-қайшылықтарын қайта қарастырды. Қарама-қайшылықтар бұрын халықтың қажеттілігі мен Қытайдың «артта қалған әлеуметтік өндірісі» арасында болса, қазіргі кезде «әркелкі және сәйкессіз даму» мен «халықтың үздіксіз өсіп жатқан жақсы өмір сүрі қажеттілігі» арасындағы шиеленіс ретінде қарастырылады.
Осы негізгі қайшылықты жаңадан қарастыру себепсіз емес. Ол ұлттық тұрғыдан - кедей дамушы елден барған сайын өркендеген қоғамға, ұлы держава болуға ұмтылатын уақытқа дейінгі созылған өзгерістерді анық көрсетеді. Бұл сондай-ақ 2007 жылдың наурызында қытайлық экономиканың «орнықсыз, теңгерілмеген, үйлестірілмеген және [ақырында] тұрақсыз» болып жатқаны туралы ескеркен бұрынғы премьер Вэнь Цзябаоның сынына да сәйкес келеді.
Соңғы он жыл ішінде, 2011 жылы қабылданған 12-ші, ал 2016 жылы қабылданған 13-ші екі бес жылдық жоспарлар мақсаты, және 2013 жылы Үшінші пленумда қабылданған реформалардың негізгі жиынтығының да мақсаты Қытайда созылған қауіпті теңгерімсіздіктерді шешу болды. Сидің саяси баяндамасы осы мақсаттардың негізгі бағытын өзгертпеді. Оның қазіргі уақытта шынайы мәні теңгерімсіздіктің партия идеологиялық негіздері аясында бекітілгенінде болып тұр. Бұл «Си Цзиньпин ойының» негізін құрайды.
Қытайдың негізгі қарама-қайшылықтарына қатысты саяси баяндама партияның ұзақ мерзімді стратегиясында әлі де жоқ маңызды сұрақтарды көтерді. Экономикалық майданда әсіресе үш «қайталама қарама-қайшылық» ерекшеленіп тұр.
Біріншіден, ресурстардың бөлінуін басқаруда мемлекеттің рөлі мен нарықтардың рөлі арасындағы шиеленіс сақталған. 2013 жылғы Үшінші пленумда қабылданған реформалар қарама-қайшылықтарға толы болды, мысалы үйлесімсіз көрінген нарықтардың «шешуші рөлі» және мемлекеттің меншікке берік қолдау көрсетуінің бірге жүруі.
Партия экономикалық өмірдің осы екі ерекшелігін үйлесімді деп санайды және мұны қытайлық ерекшелігі бар аралас экономика деп атайды. Си саяси баяндамасында осындай аралас меншік иелену үлгісін жоғары бағалайды, сондай-ақ теңдесі жоқ жаһандық бәсекеге қабілетті, ірі көшбасшы компаниялар бар экономиканы жасауға шақырады. Бірақ бұл қайшылықты жойып және жапондық «зомби» мәселесі атты созылмалы борыштық ақауды болдырмау үшін қажетті мемлекеттік кәсіпорындар реформасының күрделі мәселесі де осы баяндамада анық айтылмаса да, көрініс тапты.
Екіншіден, сұраныс пен ұсыныс арасында қайшылықтар бар. Қытайлық жоғары лауазымды шенеуніктердің жақында жарияланған мәлімдемесіне сәйкес, саяси баяндамада ұсынылған құрылымдық реформалар қазіргі уақытта экономикалық саясаткерлердің ең жоғары басымдығы болып табылады. Осы қызметтегі маңызды аспекттер ретінде өнімділікті, инновацияны, артық өнімділікті қысқарту және өндіріс пен қызмет көрсетудегі құндылық тізбегін көтеру атап өтіледі.
Сонымен қатар, баяндама тұтынушылық шығындар мен қызмет көрсетудің рөлін төмендетіп, бұл міндеттер қазіргі уақытта экономиканы жаңарту басымдықтарының ішінде төмен орында тұр. Дегенмен, жиынтық сұраныстың негізіне тең назар аудармай отырып, өндіріске ғана назар аудару қауіпті және біржақты саясат болып табылады.
Ақырында, қайталама қайшылық ретінде сапар пен ақырғы пункт арасындағы айырмашылықты атауға болады. Сидің саяси баяндамасындағы оптимистік паңдыққа қарамастан, Қытай экономикасы өзінің ұзақ мерзімді құрылымдық трансформациясының тек бастапқы кезеңінде ғана тұр деп айтуға барлық негіз бар. Қызмет көрсету саласы қарқынды дамып келеді, бірақ ол әлі де эмбрион фазасына тұр, ол ЖІӨ-нің тек 52 пайызын ғана құрайды. Ал тұрмыстық тұтыну, қарқынды өсіп келе жатса да, ЖІӨ-нің 40% -нан азын құрайды.
Қытай «жаңа норма» немесе «жаңа дәуір» жолында болуы мүмкін. Бірақ белгілген пункт әлі алыс, және сапар барысында көптеген қарама-қайшылықтарды шешуге тұра келеді.
Автор туралы: Стивен Роач - Йель университетінің қызметкері және Morgan Stanley Asia бұрынғы төрағасы, Теңгерімсіздік: Америка мен Қытайдың ортақ тәуелділігі кітабының авторы.
Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024