Биыл елімізде жаңадан үш облыс пайда болды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған жолдауында Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құруды ұсынып, іле-шала арнайы жарлығы шықты. Осылайша, 8 маусымнан үш облыс ресми түрде қатарға қосылды.
Әрине, облыс мәртебесін алған өңірлер бұрынғыдай баяу емес, әлеуметтік-экономикалық жағынан да қарқынды дамуға бет алады. Облысқа қарасты барлық қалалар мен аудан халқы көп жағдайдан үмітті болады. Біріншіден, өңірдің экономикалық даму жоспары түзіледі. Екіншіден, соған сай инфрақұрылымы жасақталып, жергілікті жұрттың сапалы өмір сүру әлеуеті жақсарады. Үшіншіден, талай жылдан бері жөндеу көрмеген жолдар жасалып, ауыз суға жарымай отырған елді мекендерге су құбырлары тартылады. Мұның бәрі жаңадан құрылған үш облыстың аумақтың даму жоспарындағы басты түйткілдер деуге болады. Демек, үш облыстың пайда болуы тек бұл аймақтың ғана емес, тұтастай еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етері сөзсіз.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынған мәлімет бойынша, үш облыста шамамен 1,5 млн халық тұрады. Министр Әлібек Қуантыров жеке облыстың инвестиция тартып, қаржы орталықтарын ашуға мүмкіндігі мол екенін алға тартады. Ең бастысы, аумақтық-әкімшілік тұрғыдан бөлінген өңірлер мәселесін толықтай өзі шеше алады.
Семей жұрты Абай облысын көп күтті
Сонымен, Шығыс Қазақстан облысы екіге бөлініп, Абай облысы жеке облыс болып бекітілді. Шығыс Қазақстан облысының орталығы бұрынғысынша – Өскемен, ал Абай облысының орталығы – Семей қаласы. Бір кездері Семей қаласы облыс орталығы болды да. Бірақ сонау тәуелсіздік алған жылдардан кейін, яғни 1996 жылы ел экономикасы нашарлаған қиын-қыстау заманда екі облысты қосып жіберді. Алайда, үкімет Өскемен қаласын облыс орталығы қылғаннан ұтылған жоқ. Біріншіден, өндірістік ошағы көп өңір жан-жақты даму бағытына көшті. Екіншіден, жергілікті халық қазақылана бастады.
Алайда, жергілікті халықтың көптен күткен арманы – облысқа қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының атын беру. Мұны президент Қ.Тоқаев та жолдауында «Семей қаласы Абай облысының орталығы болады. Дәл осы атауды өңір халқының көптен бері мәселе ретінде айтып жүргенін білемін» деп бекер айтқан жоқ.
Қош, Семей облысының құрамына сегіз аудан енді. Атап айтқанда, Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Үржар аудандары мен Семей және Курчатов қаласы. Бүгінде өңірде 640 мыңдай халық тұрады. Жасыратыны жоқ, басқа өңірлермен салыстырғанда еліміздің шығысының экономикалық-әлеуметтік әлеуеті мәз емес. Мұнда шешімін күтіп тұрған түйткіл көп. Соның негізгісі – жол, ауыз су мәселесі.
Парламент мәжілісінде 16 жыл қатарынан депутат болған Нұртай Сабилянов бұл өңірдің әрбір түйір тасына дейін жақсы біледі. Оның айтуынша, аймақта қордаланған мәселе жетерлік. Ол облыс аумағында тәуелсіздік алған жылдан 2016 жылға дейін 97 денсаулық сақтау мекемесі салынғанын, соңғы төрт-бес жылда осы салаға қатысты ешқандай нысан құрылысы болмағанын айтады. «2012 жылы Семейле реадиология орталығы салу жоспарланып, құрылысы басталса да, әлі бітпеді. Бөлінген 6 млрд теңге ізім-ғайым болып, мердігер компания басшылығы сотталса да, тағы да 6 млрд теңге бөлу шешілген. Ал Зайсанда емхана балабақша ғимаратының ішінде. Ол ол ма, бұрын салынған ауруханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген» деген еді Н.Сабильянов.
Ал ауыз су мәселесі – мұнда өзекті. Экс-депутат Н.Сабильяновтың айтуынша, Аягөз ауданында ауыз суға бөлінген қаржы діттеген жеріне бармаған. «Көкпекті ауданына қарасты Самар ауылы халқына ауыз су жеткізу үшін 1 млрд теңге бөлінсе де, ақша да, су да жоқ. Өңірде 120-ға жуық елді мекен ауыз суға зәру», – дейді ол.
Бұдан өзге сексенге жуық мектепте спорт зал, жүз шақты мектептің асханасы жоқ. Тұрғын үйге мұқтаж отыз мыңнан астам азамат кезекте тұр. Талайдан бері айтылып келе жатқан жол мәселесі де шешімін табар емес. Ал интернеті жоқ ауылдың көбі осы өңірде. Бүгінде 400-дей елді мекенде интернет желісі тартылмаған.
Демек, Абай облысы әкімдігіне жүктелетін міндет көп. Тозығы жетіп, ескірген инфрақұрылымдарды жаңалау кезек күттірмейді. Мұны президент Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қабылдаған кезде де қадап айтты. Тіпті, таяуда Абай облысына барған сапарында да өңір республикалық бюджеттен қаржыландырылатынын айта келе, Семей қаласын транзит сауда орталығы ретінде пайдалану мүмкіндігі зор екенін жеткізді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мектепте орын жетіспеушілігі мәселесін шешуді тапсырып, 65 денсаулық сақтау нысаны салынатынын тілге тиек етті.
Әрине, жаңа облыстың ә дегеннен аяқтан тік тұрып кетуі мүмкін емес. Өзін-өзі қамтамасыз ететін, өз шығынын өзі жабатын өңірге айналу үшін уақыт керек. Десек те, президент өңірге барған сапарында жергілікті әкімдікке бірқатар тапсырма жүктеді. Соның негізгісі – Абай облысын дамытуға байланысты жоспар дайындау, тоғыз жолдың торабының өтінде орналасқан Семей қаласын жайлы қалаға айналдыру. Бұл тұрғыда өңір басшылығына үлкен жауапкершілік артылып отыр.