Жаннұр Сейілханұлы – 2006-2016 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басшылық лауазымдарында қызмет етіп, қазір бизнес университеттердің бірінде сабақ беріп жүрген ұстаз. 7kun «Іскерлік тәжірибе» жобасының аясында ұйымдастырылған Қазақстандағы басқару ерекшеліктері туралы лекцияның маңызды тезистерін ұсынады.
Мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында он жылдан астам уақыт бойы бірде қаржы директоры, сосын даму және стратегиялық жоспар жөніндегі директордың орынбасары лауазымдарында басшылық қызметтер атқардым.
Жалпы басқару кезінде белгілі бір жүйе жету қиынның қиыны. Сол үшін де оған жете алмай жүргендер көп. Қазақстанда кәсіпорынның я қандай да бір кәсіпкердің өз ісін басқаруы дүниежүзіне ортақ басқару жүйесімен салыстырғанда әлдеқайда артта қалған. Жүйе бір-біріне әсер етіп, бәрі жұмылы эффективті жұмыс істемесе нәтиже болмайтын объектілерден тұрады. Сол объектілер кәсіпорынның болмаса шағын бизнестің өздері қалаған нәтижелеріне жеткізіп, әр қадам сайын міндеттерінің дұрыс орындалғанын қадағалап отырады.
Кез келген істе реттілік сақталу үшін әдетте бизнес-жоспар жасалады. Яғни, белгілі бір уақыт ішінде осынша нәтиже қол жеткізіп, ол үшін мынадай нәрселерді жасалады деп бекітіледі. Ал бізде осы қалай іске асады? Қазақстанда бизнес-жоспарлар тек қандай да бір қаржыландыру я грант алу үшін ғана жасалады. Грант алынып қойған соң, оның еш керегі болмай қалады. Бірақ мәселе бизнес-жоспардың болмауы я ретсіздік пен нақтылықтың жоқтығында емес, біздің санамызда, әрбір сала қызметкерінің психологиясында жатыр.
Қазақстанда осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық компанияларды басқару жүйесі туралы трансформация жобасы басталды. Трансформация деген – түбегейлі өзгеріс, басқару үшін алған бағытыңнан тұтастай бұрылыс. Яғни, осы күнге дейінгі қағидаларды өзгертіп, пара беру, жауапкершіліктен қашу секілді қасиеттерден айрылып, жаңа бағытта жұмыс істеуге кірісу.
Мұның іске аспай келе жатқанының бір себебі - бізде сөзбен айту бар да, іспен көрсету жоқ. Мысалы, біздікілер трансформация дегенді қалай түсінді? Не жасалды? "Жаңа департамент ашылды", "трансформацияны іске асыратын арнаулы жұмыс тобы құрылды" дейді. Болды. Ал сонда жүрген қызметкерлерден түбегейлі өзгеріс, бетбұрыс туралы сұрасаң «жоғары жақ біледі, бастықтар хабардар» деп жауап береді. Бұл дұрыс емес. Өзгеріс әрбір адамның санасында болу керек. Өзінің көтерілуі мен қалтасын ойлап, мемлекет мүддесін жоғары қоймайынша ешқандай даму болмайды.
Мысалы, кәсіпкерлікке қатысты айтайық. Батыс елдерінде қандай да бір адамның идеясы болса, сол арқылы жетіліп, еш кедергісіз еркін дами алады әрі жұмысына ыңғайлы жағдай жасалған. Себебі, ертең ол адам кәсіпкер болса, салық төлейді, кейін жұмыс орындарын ашып, азаматтарды қызметпен қамтамасыз етеді. Ал бізде кәсіп ашқан адамнан бәрі бірдеме дәметіп отырады. Оған жағдай жасамайды, керісінше кедергі келтіреді.
Қызметкерлерге жұмысқа жауапкершілікпен қарау, нақты әріптестік байланыс орнату сауаттылығын үйрету керек. Өзім ұлттық компанияны басқарған жылдары бір нәрсеге көзім жетті. Бізде күзетшінің де танысы бар. Қызметінен қатысты сын айта қалсаң, сәлден соң Астанадағы басшылықтан себебін сұрап, тиіспей-ақ қоюыңды айтып хабарласады. Бұл нәрсе өзгеруі керек. Жұмыста достық болмауы тиіс және әрбір жұмысшы «Білім. Қабілет. Тазалық (жемқорлықтан ада болуды меңзеген болуы керек – ред.)» қағидалары бойынша жұмыс істеуі керек.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024