Әлемдегі ең романтикалық 7 қаланы білесіз бе?

503
қала
Фото: mignews.com

Туризм мен саяхаттан хабар беретін атақты Travel + Leisure басылымы оқырмандардың пікірін басты назарға алып, әлемдегі романтикалық қалалардың тізімін жасады. Егер жақын арада дүниежүзін саяхаттау жоспарыңызда болса,  міндетті түрде тізімде көрсетілген 7 қаланы аралауға кеңес береміз.

Франция астанасы Париж әлемдегі барлық әсем қалалардың ішінен бірінші орынды иемденетініне ешкім күмән келтірмейді. Париж — ғашықтардың қаласы. Мұнда Монмартр және Тюильри саябақтарын аралап, Сена өзенінің жағасында жақсы демалуға мүмкіндігіңіз бар.

Венеция. Италия

Туристердің бір бөлігі Францияны махаббат елі деп санаса, екінші бөлігі Италияны әлемдегі ең романтикалық мемлекет деген пікірді ұстанады. Риальто көпірі мен Сан-Марко алаңы — Венецияда туристер ең көп шоғырланатын мекен. Сондай-ақ Венецияның көрікті жерлері көпірмен, алаңмен шектелмейді.

Фото: belsat.eu

Флоренция. Италия

Негізінен Италия жер бетіндегі ғажап қалалар ең көп орналасқан мемлекет деген атаққа әбден лайық. Себебі Флоренция қаласы сұлулығы бойынша Париж бен Венециядан да кем түспейді. Кезінде бұл қала қайта жаңғыру дәуірінің орталығы болған. Флорецияда бүгінгі күнге дейін бірнеше ғасырлар бұрын қаланған ескерткіштер,  зәулім үйлер сақталған.

Фото: italia-ru.com

Сан-Мигель-де Альенде. Мексика

Сан-Мигель-де Альенде қаласы орталық Мексикада орналасқан және туристерді, әсіресе жас жұбайларды тарихи зәулім ескерткіштерімен қызықтырады. Бүгінгі күні бұл ескерткіштердің барлығы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген.

Фото: about-planet.ru

Сан Себастьян. Испания

Наполеон Бирриац қаласында сарай салған кезде, испандықтар да француз императорынан үлгі алып, өз еліндегі қарапайым ғана ауылды үлкен резиденцияға айналдырды. Испанияда сарайы, қонақүйлері көп Сан-Себастьян қаласы осылай пайда болған. Бүгінгі күні қалада “Мишлен жұлдызын” иеленген мейрамханалардың көптігі сонша, олардың барлығын аралап шығу үшін екі апта керек екен.

Фото: dsbw.ru

Кармел. АҚШ

Кармел қаласын өнердің, дарынды тұлғалардың қаласы деп те атайды. Себебі қаланың ең алғашқы тұрғындары суретшілер болған. Қалада көрікті жерлер аз болғанымен, тропикалық стильде салынған әр үйдің өзі әлемнің үздік архитектуралық туындыларынан кем түспейді.

Фото: diasporanews.com

Чарльстон. АҚШ

Чарльстон — Оңтүстік Каролина штатында орналасқан әсем қала. Чарльстон қаласының ерекшілігі оңтүстік америкалықтардың талабына сай келетін ашық түсті, шағын пішінді үйлер мен «antebellum» стиліндегі ғимараттар. Егер Чарльстон қаласына көктем мезгілінде саяхаттасаңыз, Felix Cocktails et Cuisine ресторанынан дәм татуға кеңес береміз.

Фото: klubputeshestvennikov.com